» » » КИІЗ БАСЫП ЖҮРСІЗ БЕ?

КИІЗ БАСЫП ЖҮРСІЗ БЕ?

Балалық шағымыз малшы ауылда өтті. Қазақтың нағыз материалдық та, рухани да құндылығының өзегі осы малшы ауылда жатқандай. Малшының ұлы да, қызы да бес жасынан атқа шауып, түйеге мініп кете барады. Киетін киімің мен ішетін сусының да табиғи өнімдер. Жайлаудың таза ауасын жұтқанның өзі ғажап. Соны қазір армандайсың. Жапон халқы жақсы естелікті қатты бағалайды-мыс. Менің де малшы ауыл жақсылығымен, тазалығымен, адамдар пейілінің ақтығымен есімде қалыпты. Айтпақшы есімде қалған көп жайттың бірі – киіз басу науқаны. Жылына екі мәрте қой қырқымында тау-тау жүн қырқылады. Ол жабағы, күзем деп аталады. Үкіметке өтетіні бар, үйге қалатыны бар, не керек кәдеге асырсаң, пайдасы жетерлік. Анам –
ауылда туып-өскен. Ерінбей қой сауып, қорғасындай сүтінен дәмі ауыздан кетпейтін ірімшік қайнатады. Қойдың сүтін де, жүнін де ысырап етпей, іске асыратын. Әсіресе, жазда киіз басу маусымы басталады. Жыл көлемінде жиналған жүнді жуып тазартып, астына тулақ (сиырдың кепкен терісі) төсеп, қойдың жүнін сабатады.
Қазіргімен салыстырғанда айырма­шы­лық көп. Ертеде киіз басу технологиясы табиғи түрде жүзеге асты. Яғни, химиялық қоспасыз жасалды. Көшпенділердің қысы, жазы панасы болған материалдық байлы­ғымыз ата-бабаның көзіндей музейлерде сақтаулы. Ұлтымыздың қайсыбір дүниесі болмасын, тұрмысқа қолайлы әрі жоғары талғаммен жасалады. Соның бір айғағы – қарапайым ғана заттарды алайық. Қамшы, торсықтың ою-өрнекпен әспеттелуі ғажап емес пе? Қамшының өрімінде қаншама мән жатыр. Құрылысы жағынан күрделі келетін киіз үй құрылысын – нағыз шеберліктің, ісмерліктің белгісі демесіңе лажың жоқ. Ертеде ата-анамыз киіз үйдің ағашы мен жабдықтарын тұтас қолдан тоқып, шебер жасай білген. Үйдің жабулары, текемет, сырмақ, тұс киізбен қоса, киіз қалпақ, байпақ, тіпті сандық, шәйнек, кесе қапқа дейін қолдан істелді. Көркемдік қол өнер түріне жататын киіз басу – әлі де ғылымда зерттеуді қажет ететінін уақыт өзі дәлелдеп отыр. Жалпы, айтулы өнер 1970-1980 жылдары экспедициялық жұмыстар кезінде толығымен зерттеле бастады. Бүгінде Ә.Қастеев атындағы мұражайда киізден жасалған бұйымның 300-ге тарта түрі кездеседі. Киіз басу әр өңірде әртүрлі орындалады. Бірыңғай ши бетіне бір түсті жүнді қалың етіп жайып, басқа түске боялған жүннен ою салып әсемдейді. Содан соң ыстық су сеуіп, орайды. Әрі қарай домалатып теуіп, нығыздайды. Киіз әбден піскенше осы тәсіл қайталанып, артынан кебу үшін күнге жаяды.
КИІЗДІҢ ТӨРЕСІ – ТЕКЕМЕТ
Текемет басу ауыл әйелдері үшін үлкен мереке десе болар. Текемет басатын үйге жиналып, бір жағынан іске қамданса, бір жағынан қазан көтеріліп, ас-шай дайындалады. Күндегі үй тіршілігінен аз да болса демалып, қыз-келіншектер әңгіме-дүкен құрады. Апа-әжелер ақылын айтып, жақсылыққа шақырады. Үлкенге құрмет мен кішіге ізетті осы жерден табуға болады. Басы қосылған аналар киіз басып та, той-думан құрып та үлгіреді. Текемет бір күнде басылады. Өнегелі өнерде текеметке түр салушы шебер ерекше сый-құрметке ие. Ою, түр салу – әр жерде әркелкі. Шығыс Қазақстанның текеметтері негізінен жүйелі жіңішке сужиекпен шілтерленіп келеді. Қоңырқай текеметке сары және қызыл түс сай. Сары – жылылықтың, ал қызыл түс – жақсы көңіл-күйді білдірсе керек. Бұл өңірден текемет басудың шебері атанған Қарлыға Сәулебекова, Бипан Әбілдинова, Қалима Есергенова­лардың еңбектерін айрықша атау­­ға болады. Көркем туынды арасынан Батыс Қазақстанның текеметтері де назар аудартса, түстіктегі шеберлеріміздің техникалық тәсіл қолданулары өзгеге онша ұқсамайтындай. Ал, оңтүстіктегі текеметтер ою-өрнектерінің ірілігімен, бояуының ашықтығымен ерекшеленеді. Кейде текемет қара немесе ақ, өрнексіз келетін де кезі болады. Салтымызда текеметті тек биязы қозының жүнінен басқан. Себебі, онда қылшық болмайды.
ОЮЛАР СӨЙЛЕГЕНДЕ
Ғалымдардың зерттеуінше, қазақтың ою-өрнегі І-ІV ғасырда дамыған. Алғашқыда тасқа, ағашқа, сүйекке салынған таңба, белгілер уақыт өте келе бұйымдарға түсіріле бастаған. Ұлтымыздың қолөнер туындысы зергерлік, ісмерлік, шеберлік және халықтық түрге бөлінген. Ою-өрнектің топтасуы өсімдік тектес және мал денесі мен ізіне байланысты. Қошқар мүйіз, арқар мүйіз, бұғы мүйіз, түйе ою, жылқы ою, киік ою, қос мүйіз оюлар – космогендік ою-өрнекке жатады. Ай, күн, жұлдыз, жарты ай, кемпірқосақ тәрізді ою-өрнектер – көк әлеміне, сонымен қатар дөңгелек, ромб, сүйір, шеңбер ою-өрнек – геометриялық түріне сай келеді. Жапырақ, бүршік, гүл, су, құс қанаты, құс тұмсық, қаз мойын сияқты ою-өрнектерді Табиғат-Ана тудырған. Мысалы, «қошқар мүйізді» ұлттық бұйымдарды өрнектеуге қолданады. Өйткені, қазақтың қоңыр тіршілігі қашан да мал шаруашылығымен өзектес. «Құс қанаты» құстар әлемінен хабар береді. Оны көбіне киіз үйдің ішкі бауы мен тұскиізді өрнектегенде пайдаланады. Бүгінде айтулы өрнекті қыз жасауының махаббат көрпесіне де жапсырып жүр. Ол – еркіндіктің, арманның белгісіндей. Ою-өрнекте түстердің де айтарлықтай маңызы бар. Ақ түс – адалдықты, қызыл түс – шапағатты, көгілдір түс – бейбітшілікті айқындаса, көк түс – молшылық пен ырыс-несібені айшықтайды. Ою-өрнекте адам мен табиғат арасындағы тылсым мен ұлы сезімді жалғаса, ертеде ұзатылған қыздарына аналары кестелі орамалға ою-өрнек салып, сыр бөліскен. Қазақ халқының ою-өрнегі эстетикалық талғам мен тәрбиенің қайнар көзі.
ӨНЕР ЖАСТАН ШЫҒАДЫ
Бір қуанарлығы, бүгінгі күні ұмтылып бара жатқан халқымыздың қолөнерін қайта жаңғырту, асыл мұраны ұрпақтан-ұрпаққа сабақтастыру мақсатында бір­қатар жұмыстың жүргізілуі. Бұл ретте, жас жеткіншекке білім беруде мектеп мұғалім­дерінің еңбегі ерекше. Мысалы, №185 мектептің технология пәнінің мұға­лімі Раиса Әбілғазықызының шәкірті, 8-сынып оқушысы Динара Алдабергенқызы «Қазақ киізі: бүгіні мен болашағы» тақыры­бында ғылыми жоба қорғаған. Онда Динара Қазақстанның қолданбалы өнерінің ең күрделі және ең ғажайып түрі – қазақ киізінің қалай өңделетіні жайында зерттеу жүргізеді. Сондай-ақ, дәстүрлі киіз басу өнерінің ерекшелігін, ондағы оюлар мазмұнын ашып көрсетеді. Мұнымен қоса, жас ғалым ертеде жүннен жасалған бұйымдар мен қазіргі жүннен жасалған бұйым­дарды зерделей келе оның тәрбиелік мәнін айқындайды..
– Киіз бұйымдары нағыз қауырт өркендеу дәуірін бастан кешуде. Бұл икем­дел­гіш және пластикалық қасиеті бар материал іс жүзінде бүкіл әлемге танымал. Шеберлер бұйым жасауда кең ауқымда киізді пайдаланады. Перде безендіруде, тұтқыш пен ыдыс-аяқтың төсеніші, үй жиһазы мен еденге төсейтін кілемдерден орын алады. Оны тіпті, сән әлемінде модельерлер де назардан тыс қалдырмайды. Қазіргі заманғы технологияны қолдана отырып, сан түрлі фактуралар мен маталарды үйлестіріп, небір өнер жауһарын жасауда. Жалпы киіз бұйымын дайындау балалардың да қолынан келеді. Тек оған машық пен төзім керек. Киіз басудың құрғақ және дымқыл әдісі болады. Ғылыми жұмыс барысында көптеген ұлттық құндылықтарға, тарихи деректерге қанықтым. Мәселен, ағылшын суретшісі Т.Аткинсон 1847-1854 жылдары Қазақстан мен Сібір жеріне саяхаттайды. Сол сапарында қазақтың өмірі мен тұрмысы туралы жазады. Ауылдың көрінісін, киіз үйді суретіне арқау етеді. Оның бірқатары осы күнге дейін сақтаулы, – дейді жоба қорғаушы.
Расында да, Динараның ой-өрісі, талабы көңіл қуантады. Ұлтжандылығы көрініп тұр. Оны мектебі де, жетекшісі де мақтан етеді.
– Динара киіз басу өнерінің тарихын, қазіргі кездегі әдісі мен жүн өңдеу тәсілін, әжелеріміздің ісмерлік тәжірибесін жобада қамтып шықты. Ол сөзбен жазып қойған жоқ. Ғылыми жобаның мазмұнын ашу үшін киізден түрлі үлгі жасап, «Киізден жасалған бұйымдар» атты әдістемелік альбомын ұсынды, – дейді ұстазы Р.Әбілғазықызы.
Білім ұясында оқушыларды ұлттық өнерге баулып жүрген ұстаздың бірі – №269 мектептің технология пәнінің мұғалімі Гүлсім Шүкірәлиева. Оның шебер қолымен басылған киіздері талай көрмеге көрік беріп, жүлде салуда.
– Синтетикалық бұйымға қарағанда табиғи өнімге сұраныс мол. Сондай табиғи өнімнің бірі – жүн. Оның керемет емдік қасиеті бар. Суық тиіп немесе бүйрек, бас ауырғанда ата-апаларымыз жүннен тоқылған қалпақ, шарқат, шұлық пайдаланады. Әсіресе, омыртқа, тұз байлану дертіне бірден-бір ем. Бұлшық ет, тыныс жолы мен қан айналымына әсері мол. Сондай-ақ, қазіргі синтетикалық талшықтан тоқылған кілемнен 30 жыл бұрын басылған киіздің жылуы салыстыруға келмейді. Киіз төсеніш табаннан суық өткізбейді. Керісінше, син­те­тикалық өнімнің адам ағзасына зияны орасан. Табиғи демекші, жүн бояуды табиғаттан аламыз. Мысалы, жосадан. Яғни, қызыл топырақтан. Қорқыт ата кешеніне барар жолдағы қызыл жарқабаққа көзіңіз түскен болар. Жосалының жер атауы міне, осы жосамен байланысты деп жатады үлкендер. Сонымен қатар, бояу анар, рауғаш, жуа тамыры мен қабығынан, қына шөбінен де алынады. Бұлар қызыл, сары, басқа да түс береді, – дейді ол.
Сонау антикалық дәуірден бастап көздің қарашығындай сақтап келе жатқан киіз басу өнері ұлттық мәдени мұрамыздың өшпес бір бөлшегі саналады. «Ел жетіліп көркеймек, өнер қанат жайғасын», – дейді ақын С.Торайғыров. Өнердің жанашыры болмаса, ол өміршеңдігін сақтай алмайды. Өкінішке орай, қазіргі таңда киіз басумен айналысатын шеберлер қатары сиреп барады.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
19 қараша 2018 ж. 3 556 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 034

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031