КИІЗ ҮЙ ТІГІП ЖҮРМІЗ БЕ?
ҚАЗАҚТЫҢ КИІЗ ҮЙІ – БІР ҚАРАҒАНДА, БАСПАНА КӨРІНГЕНІМЕН, ОНЫҢ БАСҚА ДА САН ҚЫРЫ ЖЕТЕРЛІК. ҚАЗАҚ – НЕ НӘРСЕНІҢ ДЕ ТҮПКІ НЕГІЗІН, ҚАСИЕТІН ЗЕРДЕЛЕЙ БІЛГЕН ХАЛЫҚ. АНЫҒЫНДА, КИІЗ ҮЙДІҢ ҚАДІР-ҚАСИЕТІН БІЗ ДЕ ЗЕРДЕМІЗДЕН ТАҒЫ БІР ӨТКІЗСЕК, АРТЫҚ БОЛМАС.
Негізінен киіз үй – қазақы және қалмақы деп екіге бөлінеді. Қазақы киіз үй пішіні жағынан – дөңгелек келсе, қалмақы киіз үйдің төбесі шошақтау. Заманында аталарымыз 30 қанаттан бастап 4-5 қанатқа дейін киіз үй құрған. 30 қанатты үй – алтын орда, 24 қанатты үй – алтын үзік, 18 қанатты үй – ақ шаңқан, 12 қанатты үй – ақ орда, тағысын тағы деп аталған. 4-5 қанатты үй – боз үй, қоңыр үй делінсе, қараша үй –
кедейдің үйі саналған. Жолым – уақытша отыратын жартылай тігілген болса, күрек үй – далада малшының ас сақтайтын не болмаса тұратын жайы. Бір ескерерлігі, Франция, Ресей, Батыс Еуропаның кейбір елдерінің мұражайында қазақтың киіз үйі жәдігер ретінде қойылып, талайдың таңдайын қақтырған. Ол – халқымыздың сәулетімен қоса, дәулетін, мәдениетін, өнерін де шырқау биікке көтере білген. Ертеде қызды тұрмысқа беру кезінде де әкесі қызға арнайы отау әзірлейтін болған. Отаудың ішін ұлттық нақышпен безендіріп, оның сәнді көрінуіне байлығын аямаған. Бұл да болса қазақтың дарқандығын, даналығын көрсететін дүние. Ұлтымыздың салт-дәстүрі сөзіміздің де құнарына айналғандай. Бата бергенде ақсақалымыз: «Шаңырағың биік болып, керегең кеңінен жайылсын», – дейді. Міне, мұнан тілектің де киіз үй жабдығымен ұштасып жатқанын көреміз.
Киіз үйдің сүйегі – таза ағаштан жасалады да, өзге жабдығы қой жүнінен басылған киізден тұрады. Екеуі де – таза табиғи өнім. Яғни, адам денсаулығына пайдалы. Киіз үйдің келесі бір қасиеті – ыстық пен суықты өткізбейтіні. Шілденің аптапты ыстығы да, қаңтардың үскірік аязы да – киіз үйге қорқынышты емес. Әсіресе, жазда оған ақ түсті киіз жабылады. Ақ түс біз білетіндей, күн көзін қара түске қарағанда аз сіңіреді.
Бір өкініштісі, бүгінде киіз үй Наурызда, атаулы шарада ғана құрылатын болды. Үй басына тігетін ауылдық жерден де маза қашқандай. Елбасы ұлттық рухымыз бен болмысымызды жаңғыртуға жанталасып жүргенінің себебі де – осы қазыналы құндылығымызды сақтап қалу. Киіз үй – қазақылықтың белгісі, тарихымыз бен кешегі тар жол тайғақ кешкен сындарлы уақытымыздың куәсі, халқымыздың қадір-қасиеті.
АТА КӨРГЕН – ОҚ ЖОНАР
Қармақшы ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Бақтыбай Қалағанов киіз үйдің қадірін де, қасиетін де білетін кісі. Зайыбы Маржанкүл Смадияровамен бірге ауылда бір кезде жылқы да, қой да баққан. Ата кәсіпті бүгінде баласы Мұрат пен келіні Айымжамал жалғастыруда. Қазақтың жазира даласы қалай кең болса, ауыл адамының да көңілі мен пейілі сондай кең, ғажап қой, шіркін. Ағамыз әу дегеннен-ақ емен-жарқын әңгімесін бастап кетті.
– Әке-шешем Ұлы Отан соғысына дейін мал шаруашылығымен айналысып, түлік түлеткен жандар. Сонау 1940 жылдан басталған ата кәсіпті біз де қырық жыл жалғап, баламызға мирас еттік. Бәріне күш керек. Қазір жасым – жетпіс тоғызда, – дейді ол үлкендігін көрсете сөйлеп.
Оның айтуынша, отбасы сиыр, жылқы, қой, түйе ұстаумен қатар, тауық, түйеқұс та асырайды. Төрт түлік малдың төртеуін де тұтынып отырған малшылар әулетінде қашан барсаң да айраны пісулі, майы шайқаулы. Құрт керек пе, ірімшік қажет пе, іздегеніңді табасың. Айымжамалдың қолымен дайындалған қазақтың ұлттық тағамы кімнің болса да ойында қалары анық. Бұл отбасының дастарқанынан талай қазақтың жақсы, жайсаңы дәм ауыз тиіп, алғысын айтқан. Ұлттық дәстүрді бағамдай білетін Бақтыбай ағамыз киіз үйдің қасиетін бала кезден біліп өскен. Анасы киіз үй жабдығын қолдан тоқитын ісмер болыпты. Уық, кереге бау, басқұр, желбауды қолдан ескен. Ши тоқып, киіз басқан. Оны келіндеріне де үйретіпті.
– Алты қанатты киіз үй тігеміз. Ол кезде қазіргідей көлік жоқ. Мүлкімізді түйеге артамыз, арбаға тиейміз. Көшу оңай болмайтын. Сөйтіп те, көшіп-қонып талай жаз бен қысты артта қалдырыппыз. Киіз үй – қазақтың тұрағы, баспанасы. Көшпелі халықтың қыстау мен жайлауға көшіп жүретін ең қолайлы дүниесі. Оның әрбір жабдығының, сүйегінің мән-мағынасы бар. Мысалы, басқұрдың қасиеті – оны аяққа баспайды. Биіктеу жерге іледі. «Бас» деп аты айтып тұрғандай, басқұр да бас киім секілді. Шаңырақтың түндігін жазда көлеңке жақтан ашса, күн суығанда түндік жабық болады, – дейді кейіпкеріміз.
Б.Қалағановтың шаңырағында бүгінде 11 жан тұрады. 5 ұл мен 3 қызды өмірге әкелген жанұяда 17 немере, 11 шөбере жапырақ жаюда. Амал күнінде ардагердің алыс-жақындағы бала-шағасы жиылып, бір дастарқанда бас қосыпты. Наурыз көжеден дәм ауыз тиген немере-шөберелер енді ауылда тойланатын Наурыз думанды асыға күтіп жүр.
Түйін.
Қазақта шала туған баланы тымаққа салып, керегенің басына іледі. Айы, күні толғанша нәресте жылы тымақтың ішінде жатады. Перзентханадағы шала туған шарананы салып қоятын ваакум көз алдыңызға келді ме? Медицина дамымаған, әрі ешқандай заманауи құрал-сайманы жоқ заманда да қазақ атамыз шала туған ұрпағын тымаққа салып аман сақтаған. Бұл да бір – киіз үйдің қасиеті емес пе?
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».