Қолөнершілер көрмесі
Ұлттық құндылық. Салт-дәстүр һәм әдет-ғұрып. Ырым-тыйымдар. Мұның бәрі – әрбір ұлттың ұлт болып қалыптасуындағы маңызды рөл атқаратын алтын арқау, жібек тін. Кешегі кеңес кезеңіндегі көмескілене бастаған осыбір ғажайып асыл мұрамыз Тәуелсіздіктің таңымен бірге ортамызға оралып, бүр жара бастаған түрі бар. Міне оған да биыл 30 жыл толып жатыр.
Шаң басқан көмбеміз қайта аршылып, ауылы алыстаған ұлттық құндылығымыздың жандануы – халқымызға үміт пен сәуле сыйлағандай еді. Содан бергі де уақытта қазақ халқының қолөнері жанданып, оған үлес қосушылардың саны жыл сайын артып келеді. Атадан балаға мирас болған төл өнердің жанашырлары өзіміздің өңірден де табылады. Ол – мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамдық бірлестігін құрып, он жылдан астам сол балалар мен олардың ата-аналарының алғысына кенеліп жүрген, облысымызға белгілі қолөнерші әрі көптеген өнерлі балалардың тәлімгері Бақыткүл Райымбаева.
Осы «Аңсаған» ерекше балалардың қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен бірлігі жарасқан Дүр Оңғар ауылында жақында қолөнершілер көрмесі өтті. «Әжемнен қалған асыл мұра» тақырыбындағы қолөнер шеберлері көрмесінің басты мақсаты – ұлтымыздың салт-дәстүрін дәріптеу, жас қолөнер шеберлері мен аудандағы еңбек пәні мұғалімдерінің белсенділігін арттыру.
Халық қазынасы болып саналатын ұлттық қолөнер бұйымдарын жасау, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету – бүгінгі қоғамның өзекті мәселесінің бірі. Ұлттың этикалық және мәдени дәстүрін көрсете сан ғасыр жалғап келе жатқан қолөнершілердің бұл ретте еңбегі ұшан-теңіз.
Рухани-мәдени іс-шарада бірлестік жетекшісі Бақыткүл Сейіткәрімқызы, «Жаңажол» ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Орынбасар Төлепов, Жаңажол ауылдық округінің маманы Әзімхан Өтегеновтер сөз сөйлеп, ұлттық өнердің үлгісі жайындағы келелі ойларымен бөлісті.
– Дәстүрді жаңғырту, қазақ халқының ұлттық тамырына бойлау – көрегенділіктің белгісі. ХХІ ғасырды ақпарат ғасыры, заманауи өзгерістер уақыты дегенімізбен, ұлттық құндылықтың орнын бұл дүниелер баса алмайды. Ұлттық құндылық ұлтпен бірге жасайтын, қазығы тереңге қағылған мәңгілік мұра. Оны насихаттау, мұртын бұзбай келешекке жеткізу – біздің міндетіміз. Бұл – көбімізге ой салатын рухани шара болды. Бұрын ата дәстүрдің мәйегін ауылдан іздесек, қазір жылдан-жылға қолөнер шебері ауылда да кенжелеп барады. Сол себепті де осы салада ерінбей еңбектеніп жүрген барша іскер жандарға алғысымызды білдіреміз, қолдауға әзірміз, – деді «Жаңажол» ЖШС директоры, халық қалаулысы Орынбасар Төлепов.
Байқау-көрмеге «Жаңажол» ЖШС-нің ұйымдастырушы-программисі Серік Сапақов, ақын Достық Тілеубергенов, №19 балабақша меңгерушісі Рая Сәметовалар қазылық етіп, өз бағаларын берді.
– Қолөнер ғасырлар бойы дамып, жетіліп, уақыт сынынан сүрінбей өтіп келе жатқан халық шығармашылығының сарқылмас қайнар көзі, халқымыздың мәдени айнасы. Ол талай ғасыр елегінен өтіп, түрленіп-жаңарып бізге жетіп отырған қастерлі құндылық. Ол адамды әсемдікке, нәзіктікке деген сезімін тербеп, сұлулыққа деген қабілетін арттырады. Сол арқылы адамзат баласы зор эстетикалық рухани қуат алып, әлемдік өнер шыңына қанат қағады. «Өнер жемісі – өмірге азық» дегендей, жас ұрпаққа қолөнер арқылы берілген тәлім-тәрбие, олардың өміріне азық боларына шүбәм жоқ. Себебі, қолөнер – қазақтың тұрмыс-тіршілігінің өзегі, салт-дәстүрінің сарқылмас кеніші. Мұндай көшпелі көрмені ауданның басқа да ауылдарында өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді бірлестік төрайымы Б.Сейіткәрімқызы.
Көрмеге қойылған тігінші Гүлзира Ысқақова, Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінің технология пәні мұғалімі Жәмила Шоқбарова, осы білім ұясының оқушысы Іңкәр Боранбай, Ү.Томанов атындағы №183 орта мектептің оқушылары Аяулым Жәудетова, Айжан Жақсыбайқызы, Альбина Әбдірахманова, Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектептің оқушысы Құралай Серікбаевалардың шығармашылық жұмыстары ауыл тұрғындарының көңілінен шықты.
«Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында өтіп жатқан іс-шараға қатысқанымды өзіме құрмет санаймын. Қолөнер шеберлігін үйренемін деп ниет білдіргендерге Бақыткүл апай үлкен ықылас танытып жатыр. Алдағы уақытта байланыста боламыз. Қазақтың әрбір шаңырағында өнерлі ұл мен қыз болса, ұлттық дәстүріміз сонда ғана дамиды» дейді №107 орта мектептің жас шәкірті Зухра Кетебаева белсенділігін көрсетіп.
Іс-шара соңында қазылардың шешімімен жеңімпаздар анықталып, диплом және серіктестіктің демеушілігімен ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Сәрсенкүл АҚКІСІ