Білім шырақшысы
Ертеректе алғашқы кітапханашылар ер-азаматтар болған екен. Жазу тасқа қашалып жазылғандықтан, оны көтеріп жүру ерлерге тапсырылған деседі. Ал бүгінде атқарар жүгі ауыр мамандықтың тізгінін ұстап, тірлігін дөңгелетіп жүргендер – нәзік жандылар. Өмірінің ширек ғасырын кітапханаға басты мақсатын – білімді ұрпақ тәрбиелеуге арнаған жанның бірі – Гүлназ Ешниязова.
Ол Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдаған соң, өзін жетілдіру мақсатында аспаз, іс жүргізуші, бухгалтер мамандықтарын меңгерген. Өмір ағыны кітап жолымен байланысқан соң Жетісай қаласындағы Г.Мұратбаев атындағы колледжде «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша кәсіби білім алған. 1995 жылдан бері Ақтөбе ауылындағы №109 мектепте кітапханашы қызметін атқаратын Гүлназ Асарбайқызының еңбегі елеуге тұрарлық.
Рухани өміріміздің өзегі іспеттес ғылымды көпшілік оқырманға, ертеңгі ел тізгінін ұстар жас жеткіншекке таныстырушы, табыстаушы – кітапханашы екені мәлім. Кітапханашының еңбегі көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын сәуле секілді. Атқарған істерінің барлығы бала санасында білім шырағын егу, оны рухани әлемге жақын етуге бағытталады.
– Рас, технология дамыған сайын, кітап, газет оқушылардың қарасы азайып бара жатқандығы жасырын емес. Ұялы телефон мен планшеттен-ақ баспасөз беттерін шолып шығуды жөн санайтындардың қатары көбеюде. Алайда мен оны құп көрмеймін. Газетті қолға алып, оның әр бетін парақтай оқудың әсері мүлде бөлек. Ал кітап – өткеннің рухы ғана емес, келешектің кілті екендігін де естен шығармауымыз керек. Біздің сан ғасырлық тарихымыз бен тыныс-тіршілігіміздің құнды жәдігерлерін бізге жеткізген алтын сандығымыз да кітап екендігі көпшілікке аян. Жастарды «кітап оқымайды» деп бекерге кінәлай бергенше, олар қызығып оқитын көркем әдебиеттер мен кітаптарды көптеп шығарып, кітапханалардағы кітап қорын молайту керек,– дейді кітапханашы.
Елімізде де жыл сайын кітап оқушыларға арналған жаңа жобалар қолға алынып, оқушылардың білім көкжиегін кеңейтуге жағдай жасалуда. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі орта білім саласында «Оқуға құштар мектеп» жобасы. Бұл жоба білім саласын дамытудың Жол картасы аясында қолға алынып, еліміздегі мектеп қасындағы кітапханалардың жұмысын дамыту арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осы бағдарлама іске асқан жағдайда еліміздегі мектеп кітапханаларының қоры жыл сайын 20 процентке жаңарып отырады деген болжам бар. Бұдан бөлек мектеп кітапханаларының материалдық техникалық жағдайын жақсарту жолға қойылып, мектеп кітапханаларында оқушылардың кітап оқуына қолайлы оқу залдары ашылып, атаулы даталарға арналған көрмелер, «Коворкинг» орталықтары мен «Парасат бұрыштары» ашылуда. Аталған жобалардың барлығы кітапханашылардың жұмысын екі еселегені рас. Десе де өмірінің ширек ғасырын кітапханаға арнаған Гүлназ апайға бұл істер қиындық тудырмайды. Мамандығын сүйетін білікті маман әрбір ісін зор ықыласпен, шынайы жауапкершілікпен атқарады.
Мектеп ұстаздарымен бірлесе түрлі іс-шара, онан бөлек танымдық сағаттар мен кітап оқушылар арналған конференциялар мен дөңгелек үстел отырыстары, кездесу кештерін өткізудің шебері барлық жұмысын мектептің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп отырады. Атқарылған жұмыстың ауқымды екенін осыдан аңғардық. Ол дайындаған кітапсүйер оқырмандары аудандық додада топ жарып, жүлделі орындар иеленуде. Мәселен Ақерке Нұрғалиева есімді оқырман аудандық кітап оқушылар сайысында ІІ орынды қанжығасына байлаған. Мұнан бөлек, оқушылар мен кітапханашының жеткен жетістігі мол.
– Кітапхана – баршаға ортақ қазына. Сондықтан да біз ауылымыздағы Молдахмет Дабылұлы атындағы кітапханамен де тығыз байланыста жұмыс істейміз. Өзге ауылдардағы кітапханашылармен де әріптестік байланыс орнатқанбыз. Семинарлар өткізіп, іс-тәжірибе алмасып отырамыз. Олжас Сүлейменовтің «Кітап барда адамзаттың мәдениеті мен білімі бар» деген сөзі бар. Міне, осы сөздің астарында көп мағына жатыр, сондықтан барша қалың оқырманды кітапханамен байланыс жасауға, кітап оқып, баспасөз бетін парақтап күнделікті ақпарат көзімен жақынырақ танысып өзін рухани жағынан өсуге шақырамын, – дейді Гүлназ Асарбайқызы.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ