» » Мәртебелі мамандық иелері

Мәртебелі мамандық иелері


Төретам кентіне іссапар барысында №85 мектепке атбасын тіреп, ондағы бала жанының бағбандарымен таныстық. Онан соң, білімнің кені саналатын мектеп кітапханасына бас сұқтық. Кітапхана ішінің көз тартар әдемілігіне қарап тұрып қалыппыз. Ерекше идеямен безендірілген кітапхананың әрбір бұрышын асықпай қарағыңыз келеді-ақ. Мұның бәрі – мектеп кітапханашыларының тынымсыз еңбегі. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Мектеп оқушыларының кітап жайлы бағыт-бағдар алуында жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Кітапхананың сәнін кіргізіп, оқушылардың көптеп келуіне себепкер Жанат Нәрікбаева мен Гүлдана Төрежан.
Олар оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін кітап көрмелерін атаулы күндерге орай уақытылы ауыстырып, тақырыпқа байланысты кең мағлұмат беруді жолға қойған. Ата-аналармен, мұғалімдермен тығыз байланыс жасай отырып, оқушылардың кітапханаға жиі келуіне ықпал жасауда. Осындай көп еңбек жасай отырып, кітапқұмар оқушыны тәрбиелеуде.
– Өзіміздің бекітілген жұмыс жоспарымыз бар. Сол бойынша кітапхана жұмысын жүргіземіз. Онан бөлек ауданда өткізіліп жатқан іс-шараларға белсенді қатысамыз. Біздің оқырмандарымыз жеңіс төрінен көрініп, мектебіміздің, кітапхананың мерейін асырып жүр. Олар жүлделі оралғанда еңбектің ақталғаны деп қуанамыз. Жалпы кітапхана қорында 30739 кітап бар. Қазір кітап оқу зор маңызға ие. Сондықтан да өткен оқу жылында әрбір сыныпқа бірнеше кітаптан бөліп бердік. Олар біз жүктеген кітаптармен танысып, кітап оқушылар конференциясын, дебат, кітап төңірегінде қызықты іс-шаралар өткізді. Бұл өзге сынып оқушыларының сол кітапты алып оқуына жағдай жасады. Ал биыл әрбір сыныпқа 10 кітаптан бөліп беріп, қай сынып кітаппен дос екенін анықтайтын сайыс ұйымдастырмақшымыз. Коворкинг орталығы ашылғаннан бері оқушылардың кітапханаға қызығушылығы артты, – дейді кітапхана меңгерушісі Жанат Шапайқызы.
Ж.Нәрікбаеваның өзі бала кезінен кітап оқуға құмартып, ауыл кітапханасында күнімен отыратын болған. Сол кезден бастап арманы кітапханада, кітапханашы болып қызмет ету еді. Өмірдің жетегіне еріп, өзге салада білімін жетілдірсе де, сол баяғы бала арманы орындалыпты. Ол аталған мектепке 1996 жылы кітапханашы болып жұмысқа орналасқан. Осыдан бері өмірі кітаппен бірге өрілген кейіпкеріміз мамандығына адал. Тіпті кітапханаға келген әрбір оқырманға жылы қабақпен, жақсы көңіл күй сыйлайтын жан десем артық емес. Себебі біздің өзіміз кейіпкермен әңгімемізден кейін кітапханаға қайта барғымыз келетіндей әсер алдық.
Ал Гүлдана Болатбекқызы – жас маман. 3 жылдан бері кітапханашы қызметін атқаратын оның қолынан келмейтіні жоқ. Кітапхана ішіндегі көз тартар дүниенің барлығы Гүлдананың қолынан шыққан. «Жас келсе – іске» дегендей, қиялы бай, ісі тындырымды кітапханашының еңбегіне сүйсіндік. Жас болса да, қызметіне белсене кіріскен ол оқушылар мен мектеп қызметкерлеріне сұранысы бойынша түрлі көркем әдебиеттер, оқулықтар, керек мәліметтердің бәрін дер кезінде тауып беріп отырады.

– Техниканың дамыған заманында жастар арасында кітапқа деген қызығушылық төмендеп кетті. Сол үшін замандастарымды телефонға тәуелді болмай, түрлі әдеби кітаптарды оқуға шақырамын. Кітапхана ішін әсемдеп, әрлеуімнің басты себебі де – білім мекеніне оқырмандарды көптеп тарту. Отырған жеріңнің әдемі, айналаңның әсем болғаны да жұмысқа деген құлшынысты, оқырмандардың кітапханаға деген құрметін арттырады, – дейді ол.
Ширек ғасыр қызмет еткен Жанат Шапайқызы мектеп ұстаздарымен етене араласып, сынып оқушыларын түрлі іс-шараларға қатыстырып, облыстық, аудандық алғыс хаттармен бірге дипломдармен марапатталып жүр. Эстетикалық талғамы бай, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарына қажетті ақпаратпен сусындатып отырған осындай кітапханашылардың орны бір бөлек.
– Сан түрлі мамандық бар, бірақ осы кітапханашының жұмысы қызықты да тартымдылығымен ерекше. Біздің жұмысымыз жаңалыққа құмартудан басталады. Күн сайын келетін газет, журналдар, жаңа кітаптарды бір парақтап шығу әдетімізге айналған. Күнделікті келетін оқырмандар мен ұстаздар легі толастамаса – біз үшін қуаныш. Жүсіпбек Аймауытовтың «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген сөзі бар. Расымен, мамандыққа бар махаббатыңды бергенде ғана жұмысың алға басады, – дейді Жанат Шапайқызы.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
07 қыркүйек 2021 ж. 770 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 214

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 150

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 323

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930