Ауғанстанда көшпелі кітапхана ұйымдастырылды
Ауғанстан астанасындағы жеткіншектердің білімін көтеріп, таным-түсінігін арттыру мақсатында көшпелі кітапхана ұйымдастырылды.
Көркем әдибеттерді тиеген автобус-кітапхана күніне 4-5 ауданды аралап, оқырмандардың көңілінен шығып жүр. Автобустың ішіне ыңғайлы орындықтар мен парталар қойылған. Кітап қоры да біршама. Бес жүздің шамасында. Ұйымдастырушылардың айтуынша, күніне 200-дей бала көшпелі кітапханаға келіп, сүйікті шығармаларын оқи алады екен. Бастаманы 25 жастағы жергілікті бойжеткен қолға алған. Өзі шетелде оқыған. Дипломын қорғаған соң отанына оралып, ауылдастарының сауатын арттыруға еңбек сіңіріп жүр. Дерек көздері бүгінде 5 миллион тұрғыны бар Кабулда 12 қоғамдық кітапхана бар екенін алға тартады. Алайда түрлі қақтығыстар мен лаңкестердің әрекеті оқырманның мазасын қашыратын көрінеді.
Фрешта Карим, көшпелі кітапхананы ұйымдастырушы:
- Өзім осы өңірде өстім. Кітапханаға барып, кітап оқуға мүмкіндігім болмады. Өйткені қаламызда қарулы қақтығыстар жиі болады. Бірақ көркем әдебиет оқып, білімді жетілдіру жастар үшін өте маңызды. Сол арқылы әлемде не болып жатқанын түсіне аламыз. Сондықтан осы бастаманы қолға алдым.
Нусратулла, оқушы:
- Автобус ішіндегі кітапханаға осымен үшінші рет келіп тұрмын. Оқу қабілетімді жетілдіргім келеді. Мектепте мұндай мүмкіндік жоқ. Бірақ елімізде тыныштық орнап, мектептеріміз дамиды деп үмітенемін.
Пікір 1