» » Кезекшілік қызмет – жауапты міндет

Кезекшілік қызмет – жауапты міндет

Жақында іс сапармен Қорқыт стансасына бардық. Күнделікті жүрдек пойыздың жүрісі таңсық емес мекенде 30-дан аса отбасы тұрады. Басым көпшілігі темір жолда еңбек етеді. Станса кеңсесіне кіре бергенде біз түсіне бермейтін қаптаған түймешенің алдында отырған жанға жолықтық. Біз үшін беймәлім болған басқыштар, кезекшінің күнделікті көмекшісі. Жұмыс осы арқылы реттеліп, осы арқылы жүреді. Айтып отырғанымыз, станса кезекшісінің жұмыс бөлмесі. Бүгінгі кезекшілікте – 30 жылдан бері осы салада тер төгіп келе жатқан Тұрсынбек Кірекесов.
Күнделікті қарбалас тірлігі таусылмайтын кезекшілер қызметінде бір тыным жоқ екен. Өйткені, стансаға келіп-кетіп жатқан пойыздар ағымы толассыз. Станса кезекшісі ретінде Тұрсынбек Кірекесов жол жүріп бара жатқан немесе тоқтап, кезегін күтіп тұрған пойыз құрамаларының жағдайын бақылау секілді стансаның шым-шытырық тірлігін осы жерден реттеп, басқарып отырады. Станса кезекшісі диспетчерлермен байланысып, нұсқаушылар және наряд түзушілермен қоян-қолтық жұмыс істейді. Оған өзіміз де куә болдық. Әңгіме арасында қаптаған телефоннан қоңырау қабылдап, диспетчерге жауап беріп, келесісіне хабарлама беріп те үлгерді. Сандарды сартылдатып жатқа айтып отырған кейіпкеріміз бізге жұмысының жайын да баяндады.
– Біз ауысым арқылы 12 сағаттан 4 адам кезекшілік етеміз. Мысалы мына пойыз Ақтөбеден келе жатыр, – деді алдындағы компьютердегі кестені нұсқап.
– Компьютер арқылы Түркістан мен Ақтөбе аралығындағы қай жерде қандай пойыз келе жатқанын біліп отырамыз. Жұмысқа келісімен диспетчер сол күнге арналған жүк пойызы, жолаушылар пойызы бар екенін хабарлайды. Біздің жұмысымыздың басты «кейіпкерлері» – машинистер. Ал кезекшілер сол машинистердің жұмысын реттеп отырады. Біз үшін ауысымда күн мен түннің айырмашылығы жоқ, уақыттың қалай өткенін де білмей қаласың. Машинистер мен олардың көмекшілерінің жұмысын үйлестіру – кезекшінің міндеті, – дейді ол.
Одан әрі алдында тұрған әрбір затын бізге таныстыра жөнелді. Бізге беріле түсіндіргенінен-ақ жұмысына жауапкершілікпен қарайтын білікті маман екенін аңғардық. Тіпті пойыз өткенде көтеріп тұратын жалаушаның ерекшелігін де атап өтті. Сары жалауша өтіп бара жатқан пойызға, ал қызыл жалауша тоқтайтын пойызға көтеріледі екен.
– Біздің басты мақсатымыз – қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, темір жолдарда ақау болдырмау. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Сенікі-менікі демей, барлық теміржолшылар, илегеніміз бір терінің пұшпағы болған соң, ұйымшылдықпен жұмыс істейміз, – дейді ол.
Әңгімемізді аяқтаған тұста пойыз да келіп, кейіпкеріміз қызметіне кірісті. Жалаушасын көтеріп тұрған кезекшіге амандық тілеп, әрі қарай сапарымызды жалғадық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ,
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)
21 тамыз 2021 ж. 726 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031