» » Көрші тату болса – көптің бағы

Көрші тату болса – көптің бағы

 Жосалы кентінде облыс көлемінде белді қызметтер атқарып, халқының нағыз қайраткер перзенті атанған Қонысбек Қазантаевтың атында көше бар. 80-ге жуық үй қоныстанған үлкен көшенің тұрғындары да көше атауындағы азамат секілді іскер, ұйымшыл жандар. Қазір көрші туралы ұғым заманмен бірге жаңғырып, сыртқы түр сипатына дейін өзгеріске ұшырағаны мәлім. Дегенмен ел ішінде ауызбірлікті сақтап, көршісін құдайындай сыйлайтындар аз емес. Тұрғындар татулығы тұтас ауылдың ынтымағын арттырады. Игі іске жұмыла кетіп, бір-бірінің жақсылығын асырып, жамандығын жасыратындарды насихаттайтын арнайы айдарымыз бар. Сол айдарға арқау болған – Қазантаев көшесінің қарадомалақтары.
Бұлай деуіміздің өз сыры бар. Қазақ бала санын айтпаған. Дегенмен бұл көшедегі тұрғындарды көпбалалы отбасылар деуге толық негіз бар. Әр үйдің 3-7 баласы көшеге шыққанда құдды бір шағын ауылға кіргендей боласыз. Әнәукүні балаларды бір қуантайық деген мақсатпен осы көшедегі 2-3 азамат ұйытқы болып, батут жалға алып, кішкентайлардың алаңсыз ойнауына мүмкіндік жасапты. Бір-бірінің қуанышы мен қайғысын бірге бөлісетін олар жыл сайын қазақтың жаңа жылы Наурыз мерекесінде отырыс ұйымдастыратынын бұрыннан білетінбіз. Онда жас келіндер дастарқан дайындаса, абысын-ажындар білгенімен бөліседі. Ер азаматтар мал сойып, Құран бағыштайды. Көше тазартып, әркім өз ауласын ретке келтіреді. Шарбақтарын сырлап, тал әктеп, ұйымшылдықпен ағаш отырғызады.
Қазақ әдетте «құдай қосқан көршім» деп қасындағы қоңсы қонған кісіні ақ тілеуіне, ниеті мен пейіліне қарай қабылдайды. «Көршіңмен тату бол» деп айтып кеткен аталарымыз. Осындай көпке үлгі боларлық татулықпен, ауызбірлікпен, ізгі істермен көзге түскен көшеде марқұм, ауданға белгілі дәрігер Асқар Омаров тұрған. Мемлекеттік қызметкер, денсаулық сақшысы, мұғалім, спортшы, экономист, құрылысшы қандай мамандық иесі керек, бәрі табылатын көшеде аудандық газетте 40 жылдан аса еңбек еткен ардагер журналист Алтай Үсеновтің де үйі орналасқан.
Көше бойындағы 80-ге жуық үй бір-бірімен етене араласады демесек те 10-15 үйдің тұрғыны ағайын-туыстай жақын болып кеткен. Еңбек ардагері, өмірінің 50 жылдан көбі осында өткен Шайман Исламханов үлкендердің көшін бастаса,  Сәкен Сүлейменов жастардың жетекшісі.   
Жанымкүл, Бақыт есімді көпбалалы, үлгілі апалар жас келіндердің жолбастаушысы.  Ләззат, Рада, қос Айжан, Алтынай, Ұлболсын есімді тағы басқа  келіндердің ілтипаты, үлкенге құрметі ерекше. Мереке күнін, мерейтойларды да бірігіп атап өтіп, аулада дастарқан жайып, татулықтарымен көпке үлгі болып жүрген көршілер аудандық газеттің де тұрақты оқырмандары екен. «Аудан айнасының бетінен көрінуге біз де лайықпыз» деген олар жақсы жетістерінің бәрін жайып салуға асықты.
– Барлық мерекені жоғары деңгейде атап өтеміз. Мына талдарды биыл отырғыздық. Күтіп баптаған соң көктеп тұр. Көріп тұрғандарыңыздай сыртындағы қоршауды барлығымыз бір сенбілікте жасадық.  «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген. Көршілердің татулығы жастарға, балаларға үлгі деп білеміз. Көрші тату болса, ел тұрғындары тату болады, – дейді Сәкен Каналбекұлы.
Кейбір көше тұрғындары арасында алауыздық туып, бір мәмілеге келе алмай жүргенді көз көріп жүр. «Көршілердің былай істегені дұрыс, ал мынауы қате» деп сыртынан сыпыра сықпыртып сыни пікір айтатындар да табылады. Шіркін, әр күніңді уайым-қайғысыз, жақсы көңіл күймен өткізгенге не жетсін?! Мұны не үшін айтып отырмыз? Өйткені бетпе-бет кездесе қалған сәтте қараптан-қарап бүйеше жиырылғыш, ұрынарға қара таппайтын дау-дамайшыл көршің болғаннан асқан адамға қорлық жоқ-ау. Басқа іс түскенде, қысылтаяңда алдымен айналаңдағы көршің жетіп келеді көмекке. Арайланып атқан әр таңды амандықпен бірге қарсы алатын да, батар күнді ұясына бірге қондыратын да – тіршілігіңнің жалғыз куәгері, көршің. Қарап тұрсаңыз көрші туралы мақал көп. Бұл тегін айтылған сөз емес.  Сондықтан құдай қосқан көршілермен тату болғаннан артық не бар?
Қазантаев көшесінің жасы мен кәрісі тілшілер келді дегеннен бар жұмысын ысырып қойып, лезде бір ортаға жинала қойғанынан-ақ ұйымшылдықтың барына, біреуі бастаса, қалғаны қоштайтынына көз жетті. Емен жарқын әңгіме өрбітіп тұрып көшеміздің жолы, жарығы, аяқ суы ретке келсе екен деген өтініштерін де жасырып қалмады.
Иә, кент ішіндегі шағымы жоқ, тұрғыны көп мұндай көшелердің жол, жарық сынды мәселелері назардан тыс қалмас. «Бірер жылда балалардың аяғы батпақ болмай,  мектепке тақтайдай тегіс жолмен бара жатқанын әлі талай көреміз» дейді олар. 

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
07 тамыз 2021 ж. 3 011 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031