» » Болмысының өзі тұнып тұрған тәрбие

Болмысының өзі тұнып тұрған тәрбие



Нағыз ұстаз. Иә, ағайдың алдын көрген буынның «Ұстаз қандай болуы керек?» десе, бірауыздан «Смағұл Қауысовтай болуы керек» дейтініндей бар. Кісілігі мен кішіпейілділігі, турашылдығы мен тектілігі бір бойынан табылатын бұл ұстаздың орны бөлек. Саналы ғұмырының 40 жылын мектеп қабырғасында өткізіп, ұстаз деген ұлы мамандықтың туын жықпаған жанның бірі – Смағұл Қауысов.
Шәкірттерінің жүрегінде ерекше сөз саптауымен, парасатты болмысымен, нағыз ұстазға лайық қасиеттерімен жатталған Смағұл Қауысұлы 1951 жылы осы өңірде өмірге келіп, 1958-1968 жылдары №27 Фрунзе атындағы мектепте білім алған. 1970 жылы Шымкент педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, «орыс тілі мен әдебиеті» мамандығын меңгереді. Оны 1974 жылы тәмамдап, туған мекенге оралады. Осы жылы жары Забира Сүюбердиевамен отау құрады. Жас ұстаздарды сол кездегі тәртіп бойынша ауыл-ауылдарға жіберетін. Осылайша олардың алғашқы еңбек жолы қазіргі Тұрмағамбет ауылындағы №29 мектептен басталған. 1975-1985 жылдары ол орталыққа келіп №26 мектепте, ал 1985 жылдан зейнетке шыққанша №183 мектепте ұстаздық етеді. Ал жары Забира апай 1975 жылдан бастап аталған мектепте білім беріп, осы мектептің білікті ардагер ұстаздарының қатарында.
Бірі білсе, бірі білмес Смағұл Қауысұлы Марал бабаның алтыншы ұрпағы.
– Бұл өңірде Марал баба мен Қалқай ишанды білмейтін қазақ жоқ. Осыдан 12-13 шақырым жерде кесенесі бар. Қазірге дейін адамдар ұдайы барып, науқасы барлар дертіне шипа, перзентсіздер бала сұрап ниет етеді. Осы уақытқа дейін баба қол жайып, дұға тілеген жанның қолын құр қайтарған емес. Мен өз басым айына 2-3 рет барып тұрамын. Ал әкем Қауыс ишан. Ишандардың ең соңғысы. Кеңес үкіметі кезінде ишандардың жұмысын атқарған үш ишан болған. Олар Сүлеймен, Қауыс, Әмит ишан. Бұл кісілер – қызылдардың қылышынан қан тамып тұрған кезде де өздерінің ишандық жұмыстарын адал атқарған. Бұл кісілерден кейін ешкімге әлі ишан деген атақ берілген жоқ, – дейді ардақты ұстаз.
«Жеміс – жеміс ағашынан алысқа түспейді» дейді емес пе? Қос ұстаздан тараған Дәулет, Нұрлыбек есімді ұлдары ата-ана жолын жалғаса, қызы Сәуле дәрігерлік мамандықты таңдаған. Ұлдары Дәулет бүгінде кенттегі кешкі мектептің директоры. Ұстаздар әулетіне мұғалім келін де бұйырған. Баласы Дәулеттің жары Жайна Ерекешова бүгінде №183 мектепте ұстаздық етуде.
– Қазір 9 немерем бар. Атасы, әжесі, әкесі, анасы ұстаз болғандықтан бұлар да біздің ізімізді қуып келеді. Үлкен немерем Әліби М.Әуезов атындағы университетінен биология пәні мұғалімі мамандығын игеріп, дип­ломын алуда. Биыл мектеп бітірген Дінмұхаммедім физика-математика пәндерінен мұғалім болсам деп талаптануда. Үлкен бір ұстаздар династиясы жалғасып келе жатыр, – дейді ағай әңгіме арасында.
Шәкіртін шыншылдыққа баулыған білікті ұстаз қазір немерелеріне де осыны өнеге етуде. Қандай жағдайда да баппен сөйлеп, адамдық болмыстан айнымайтын ағайдың жас буынға айтары мол.
– Мен шындықты жақсы көретін адаммын. Турашылдығым көптің көңілінен шыға қоймас. Десе де, мен өзімнің азаматтық ұстанымдарыма берікпін. Сабаққа дайын болсаң лайықты бағаңды ал, дайын болмасаң өкпелеме. Егер маған адал болсаң адалмын. Егер маған етене жақын адам болса, мен оны ешқашан сатпаймын. Бұл менің өмірлік ұстанымым. Адамда адами қасиет болу керек. Қазақсың ба? Қазақ болып өзіңнің ғұрпыңды, дініңді, діліңді сақтауың керек. Ата-анамыз «Ешкімді алалама, ала жіпті аттама, біреудің үстінен өтірік айтпа. Өсек, өтірікке жақын болма. Біреу біреуді ғайбаттап жатса қосылма» деп санамызға сіңірген. Осы қасиеттерді бойға жинадық. Одан жаман болмадық. Бүгінде өзім немерелеріме осыны насихат етемін, – дейді өнегелі ата.
Өмір жолын ұстаздықпен ұштастырған кейіпкеріміз өзін осы салаға бейімдеген, бағыт-бағдар алған, өнегелі тәлім берген ұстаздарын мақтанышпен атайды. Өзі өмірдің біршама белесінен өтсе де, ұстазын ұлықтаған жаннан үйренеріміз мол.
– Еңбек жолымның алғашқы баспалдағында Әбдуәли Жаназаров, Көшер Іскендіров, Қали Шыңғысов, Марияш Тебенова, Хатшатай Елемесова, Гаухар Сәбиханқызы, Зада апай секілді білікті мамандар ұстаздықтың үлгісін көрсетсе, №183 мектепте бұл қатарды Тұрсынкүл Ілиясқызы, Нина Андрейқызы, Сәден Нұртаев, Ақбалыш Жалғасбаева, Вера Құрмашқызы, Фатима Қайруллақызы, Шыназкүл, Арзанкүл, Рәзия апайлар толықтырды. Өзіммен үзеңгілесе қызмет еткен Қанымкүл, Әлібек Керденұлы, Уақытбек, Бақыт, Қылышбек, Анар, Мира, қос Ажар, Жұматай, Ұлбосын секілді замандастарым да өз ісінің үздігі болды. Қай салада, қандай сұрақпен келсек те, іздегенімізді тауып беретін Бақытай апайды «ең үздік кітапханашы» дер едім, – дейді өткенге көз жүгірткен Смағұл ағай.
Ал ағайдың шәкірттерінің кейбірі тіпті зейнет жасында. Ұстаздың алдынан қанша шәкірт өткенімен әрбірінің орны бөлек. Үздіктерінің қатарына Нұрлыхан Ерекешов, Нұрсұлтан Мықтыбаев, Әмір Сағатовты ерекше атап өтті. Ағайдың ұстаздық болмысын ашу үшін шәкіртінің лебізін естуге асықтық.
– Жасыратыны жоқ, қазір мұғалім көп, ұстаз аз заман. Смағұл ағай – ұстаздың ұстазы болды. Сабақ өту тәсілі ерекше еді. Ағайдың сабағында бір оқушы қозғалмайтын. Бәріміз ұйып тыңдайтынбыз. Бір ғана 45 минуттың ішінде көп нәрсені үйретіп үлгеретін. Үй тапсырмасын сұрау, жаңа сабақты меңгертуден бөлек, түрлі тарихи әңгімелерді, аңыз-шежірелерді айтуға уақыт табады. Әсіресе, күнделікті өмірден алынған оқиғаларды мысал келтіре отырып әңгімелейтіні – өмірлік көзқарасымыздың мек­теп­­ қабырғасында жүргенде-ақ қалыптасуына әсер етті. Мәселен, сабақ соңында Кәкімбек Салықовтың «Бір ауыз сөз» деген өлеңін жатқа айтып беретін. «Бір ауыз сөз биікке көтереді, керісінше, төменге де түсіреді. Бір ауыз сөз қасіретті тиып, адамды ауру да қылады. Сондықтан, сөзге абай болыңдар» дейтін. Сол секілді, аманатқа қиянат жасалмау керектігін баса айтатын. Ағайдың: «Жігіттік білектің күшімен өлшенбейді. Ол мінезбен, берген уәдеңде, сөзіңде тұра білумен өлшенеді. Отанды қорғайтын азамат отбасында тәрбиеленеді. Қазіргі ата-ана осыған ерекше мән беруі керек» деген сөздері әлі күнге дейін санамда сайрап тұр. «Шәпи деген ақсақал болды. Ол кісіден 1930 жылдардағы Қарақұм көтерілісі туралы сұрадым. Сол кісі қанша қиылып сұрасам да, көтеріліс туралы ештеңе айтқан жоқ. Сөйлете алмадым. Кезінде айтпаймын деп ант берген. Қазіргі жастар осындай аға буынның әңгімесін тыңдап, өздері үшін қорытынды шығара алуы қажет. Бұл келешек үшін керек» дейтіні – тұнып тұрған тағылым емес пе? Шынымды айтсам, Смағұл ағай туралы көп нәрсе айтуға болады. Ол кісінің әділдігі, сабырлылығы, қарапайымдылығы, үнемі бір қалпынан өзгермейтіндігі – Қауысов ағайдың алдын көрген көптеген буын өкілі үшін үлкен тәрбие мектебі болды. Ол оқушыларды сабақ үстінде ғана емес, өзінің жүріс-тұрысы, болмысымен де тәрбиелей алған жан. Ағайдың тағылымды сөздері әлі күнге дейін өмірден өз орнымды табуыма, шешім қабылдауда қателеспеуіме, ар-ұяттан аттамауыма үлкен себепші болып келеді. Бір сөзбен айтқанда, мен ұлағатты ұстаз, кісілік келбеті биік, дана да дара ғұмыр иесі Смағұл Қауысовқа қарыздар шәкіртпін, – дейді Нұрсұлтан Мықтыбай.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп хәкім Абай айтпақшы, Смағұл Қауысұлы 70 жасқа жақындаса да, бір сәтке өзінің мамандығынан, Тәңір дарытқан ұстаздық болмысынан ажыраған емес. Ардагер ұстаздың еңбегі өз кезінде лайықты бағаланып, түрлі марапатқа ие болды. Мұғалім үшін марапаттың үлкені шәкірттерінің ізгі ниеті мен құрметі екені белгілі. Смағұл ағайдай дара ұстазға деген құрмет уақыт өткен сайын еселене түспесе, кемімесі анық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ,
Қазбек ЖАУЛЫБАЙҰЛЫ (сурет)
20 шілде 2021 ж. 1 245 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 036

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031