» » Аршын әженің батасы

Аршын әженің батасы



Аудан орталығында жасы 90-ды толтырып 100-ге жақындаған тыл ардагерлері көп емес. Аудан айнасы да қариялармен бірге жасап келеді. 90 жылдыққа тамаша туынды болсын деген ниетпен төл газетпен түйдей құрдас ата-әжелерді іздедік. Әлі күнге газет оқиды дегенді ести сала кент тұрғыны Аршын Қуатбаева әжемізге сәлем беруге асықтық. Біз келгенде газеттің соңғы нөмірін ежелеп оқып, «танитындарым бар ма екен?» дегендей, әр суретке бір үңіліп қарап отыр. Әлі тың. Құлағы сақ, көзі де жақсы көреді. Сәлем бере кірген біздерге «кімсің?» деместен, айналып, толғанып, қонақжайлық көрсетіп, төрге шақырды. Жүзі жылыдан түңілме деген. Үлкендердің мейіріміне шөліңкіреп қалғанбыз ба жанымыз жадырап, әженің жанына жақындай бердік.
«1931 жылы дүниеге келіппін. Соғыс жылдарында ес білген қызбыз. Тапшылық заман...» деп бір күрсініп алды да әңгімесін бастап кетті бірден.
– Әкем ауқатты кісі еді. Үш әйел алып, үш ауылда отау қылып, жан басын баққан екен. Саудамен айналысыпты. Елге қайыры көп болған. Бәйбішеден бала болмай, жеңгесін әмеңгерлікке алғанда «мені бәйбішедей етсең ғана көнемін деп» шарт қойып келген екен. Сол екінші әйелден өзімнен 10 жас үлкен Орынкүл, 8 жас үлкен Айсұлу деген апам және мен дүниеге келіппіз. Елде нәубет болып жатты. «Түйнеме» деген індеттен анамыз қайтып, 2 жасымда жетім қалыппын. Әкеміз жастай қалған біздерді бағу үшін үшінші рет жамағайыннан әмеңгер әйел алады. Үлкен апамды бойжетер жетпесінде күйеуге береді. Аштықтың кезінде Айсұлу апамызды 5 жасында өзбек әйелге астыққа айырбастайды. Бізді бәйбіше шешеміз көзі кеткенше бақты. Кіші шешеміз бір баламен келіп, әкеме ұл, бізге бауыр сыйлады. Көп ұзамай әкеміз жолаушылап кеткенінде кәмпескеленіп, содан қайтпады. Кейін қаралы хабар жетті. Әкеден де солай көз жаздық, – деп өз өмірі жайлы сыр шертті көпшіл, ешкімді жатсынбайтын анамыз.
Әңгімесінің ауанына қарап жасынан еті тірі, елгезек болғанын аңғару қиын емес.
«Бәріне көмектескім келіп тұратын. Шыбықтай қыз болсам да інілерімді, ауыл балаларын арқалап жүріп бақтым. Шаруаға да ерте араластым» дейді әжім басқан жүзін беторамалымен сүртіп.
– Сөйтіп жүргенде соғыс басталып кетті. Ағамды майданға аттандырдық. Тылдағы өмір де оңай болған жоқ. Күнде толассыз хаттардан үміт күтумен өмір өтіп жатты. Қаралы хабар да аз болмады. Ағам хабарсыз кетіп, соғыстан кейін көп жыл өткенде аман келді. Үйде отырып қарап қалмадық, жүншұлық тоқып, құрт, май жинап поштаға барамыз. Ағам кисін, жесін деген оймен күндіз-түні тыным таппаймыз. Ауылда егіске барып, масақ тереміз, соқа жегеміз, күріш, бидай орамыз, келі түйеміз, бақша егеміз. Кешке мал сауамыз, ошақ жағамыз, отын тереміз. Май шаммен қағаз жазып, оқу оқимыз. Сөйтіп жүргенде 11-12 жас шамасында болғанымда май құйған бөшкіден алакеуімде шамға май аламын деп сіріңке жағып, май атылып қатты күйікке шалындым. Денемнің 70 пайызы күйіп, облыстық ауруханада 3 ай жатып ем алдым. Бет қана аман қалған, денемнің көп бөлігі үлкен тыртықтан әзер жазылды. Жарты жаныммен 3 кластық қана білім алғаныма тәубе деймін. Әрі қарай жалғастыруға шама болмады. Оқудан солай қол үзіп қалдым. Ән айтқанды ұнатушы ем, ән салып, шаршап жүрген қамкөңіл жеңгелерімнің көңілін көтеріп, қуантып қоятынмын. Бой жеткенімде жеңгелерім мені тұрмысқа берді. Ол кездің заңына бағындық, – дейді өткен күнін ой елегінен өткізіп.
Әке-шешесінен бөлек, аға-жеңге­сінің қолында тұрып, қалада жұмыс іс­теп жүр екен жолдасы. Жастайынан 12 жанның ортасына келін болып түсіпті. Бір жылдан кейін жұбайы Садықты 3 жылдық әскерге алып кетеді. Сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығып жүріп, күтеді. Сол елдің тәрбиесіне көнеді. Соғысты да, аштықты да, саяси қуғын-сүргінді де көрген. Кейін өз алдарына бөлек шығып, ата-енесін қолына алып бағады. Жұбайының қызмет бабымен Қазалыдан осы Жосалыға 1956 жылы көшіп келіпті. Содан бері осы жерде тұрақтап қалған.
– Халқыма мың алғыс. Аллаға шүкір, қазір бәрі ертегідегідей. Бәрі тарих боп өткен күндер еншісінде қалды. 2 қыз, 2 ұл өсірдік. Үлкендерім Байқоңырда тұрады. Қолымда кенже балам Ерленім бар, ол да 60-қа келді (күледі). Қазір өсіп-өніп отырмыз. Шалымның түйе қарап кеткеніне 18 жыл. Үлкен балам 47 жасында өмірден озды. Соған сәл қынжыламын. Алланың ісіне не амал бар? Ерленім электр стансасында жұмыс істейді. Келінім Әминам емханада психолог. 11 немере, 6 шөбере сүйдім. Елге сыйлы болдым. Қара бейнетпен халыққа жақтым, ешкімді жатырқамадым, ұлтқа бөлмедім, көпке есігімді айқара ашып, төрден жай бердім. Пейілімнің кеңдігінен көпке сыйдым. Қайыр жасаудан кенде болмадым. Ауыл балаларын қолымнан келгенінше емдеп, сауығуына бірталай септігім тиді. Мені баладай мәпелеп отырған ұл-қыздарыма, келіндеріме мың алғыс. Өмірлі болсын, бала шағасының рақатын көрсін. Менің бағымды берсін, жасымды берсін деп күнде батамды беремін, – дейді екі сөзінің бірінен тәубесі түспеген әжей.
Үйден шықса болды, елдің бәрі сәлем беріп, көлігімен жеткізуге даяр тұрады. Әже танымаса да әжені танып, құрмет көрсетіп жатады. Ауылда жиын-тойда үлкеніміз деп төрге оздырады. «Үкіметіме де ризамын. Ештеңеден қалдырып жатқан жоқ. Зейнетақымды ай сайын беріп отыр. Бейнетімнің зейнеті шығар. Денсаулығым да осы уақытқа дейін бір сыр берген емес. Қазір ғана қарттықты мойындап, әлсіреп жүргенім» деп күліп қояды.
Ауызынан батасы арылмаған, елге емшілігімен танылған, тураш­ылдығымен көп іске оң төрелік қылған, от ауызды, орақ тілді, сөзден жаңылмаған Аршын әжемізден бата сұрадық. «Берер батам көп. Кейде ұмытып қалатыным болмаса» деді де қолдарыңды жайыңдар дегендей ишарат білдірді.
– Сұрасаң бата берейін,
Тілек тілеп көрейін.
Сыйласаң бізді құрметтеп,
Үстем болсын мерейің.
Отыңның басы оң болсын,
Несібе, ырыс мол болсын.
Балдарың өсіп, ер жетіп,
Жау жеңетін қол болсын.
Келіндерің күліп тұрсын,
Ибалықты біліп тұрсын.
Қыз бен күйеу екі жаққа,
Жарқын жүзбен жүріп тұрсын.
Ағайын-туыс аман болсын.
Ел тыныштық заман болсын,
Қорыққанда демеу болар,
Қолдайтұғын Аллаң болсын.
Нағашы жұртың аман болсын.
Әулиелер панаң болсын.
Тарыққанда сүйеу болар,
Атаң менен анаң болсын.
Сондықтан да бердім бата.
Шын тілекте болмас қата.
Әумин деп періштелер,
Қолдап жүрсін Қыдыр ата. Әумин.
Өмір жолы көпке үлгі Аршын әженің әңгімесін қаз-қалпында оқырманға ұсынуды жөн көрдік. Жақсы әйел жарты иманың. Әйел текті, иманды, ибалы болмай ер бақытқа бөленбейтінін айтқан әжеміз тыныштықтың, татулықтың қадірін біліңдер деп арқамыздан қақты.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
13 шілде 2021 ж. 1 591 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031