» » Тіршілік нәрін таратқан

Тіршілік нәрін таратқан

«Біз елдің тыныштығын күзетіп, қауіптің алдын аламыз» деді сөзін әріден бастаған мекеме басшысы. Әңгіменің бастауына қарап тәртіп сақшысының немесе әскери сала қызметкерінің сөзі дерсіз. Жоқ. Мүлдем олай емес. Бірақ елге төнген қауіпте алдыңғы саптан табылып, күн-түн демей өзгелермен бірге жұмыла жұмыс істейді. Елде тілсіз жауға байланысты төтенше жағдай туындағанда құтқару қызметіне 14 мекеме сап түзейді. Соның бірі – су шаруашылығы мекемесі. Жалпы бұл мекеменің негізгі міндеті каналдарға, шаруашылықтарға су жеткізіп беру. Оқырманға мекеменің тікелей қызметін баяндағаннан басқа, өзге қырын көрсетуді де жөн көрдік.
Аудандағы «Қармақшысушар» деп аталатын мекеме сонау 1930 жылдан бастап құрылып, алғашқыда Смирнов басқарған. Атаулы мекеме сол жылдары «Утренняя Заря», «Жаңа бақыт», «Оян» МТС – қазіргі Ақжар ауылы, Алдашбай ахун ауылындағы «Түпбөгет», Ақтөбе, Тұрмағамбет, Дүр Оңғар, ІІІ Интернационал ауылдарын сумен қамтамасыз етіп отырған. Кейін мамандардың ұсынысымен «Аю», «Құрайлы» жармаларын қаздыруға бастама көтеріліп, басшылардың қолдауымен қаналдар қазылып, диқандардың игілігіне беріледі. Күзде егін терім жиналып болғаннан кейін жармалардың сағасы «Қара бурамен» байланып, көктемде қайта ашылып отырған. Сол уақытта мекемеде Сәден Көшенов, Қуат Баймаханов, Қабақ Жұбаев, Берман Бисембаев сынды кісілер еңбек етіп, суды шаруашылықтарға беру жұмыстарымен айналысып қана қоймай, егісті жерлердің орналасуы мен жердің құнарлылығын қарап, ақыл-кеңестерін беріп отырады. Су баратын жерлерге ағаш отырғызып, халықты осы жұмысқа үгіттейді. Аудандық су шаруашылығы жүйелері басқармасының тарихы осы айтылған кісілермен тығыз байланыс­ты.
Кейін «Қурайлы» жармасы кеңінен қазылып, су жіберу қабілеті артады. Ұзындығы 8,5 шақырым келетін каналды қазу жұмысына 40 мыңнан астам күш жұмсалып, нәтижесінде канал төрт ірі жармаға су беретін сағаға айналады. «Қурайлы», «Аюшығанақ», «Нау­рызбай», «Балажарма» каналдарының сағасы осы су арнасына қосылып, бір жүйе болады. Осы аталған каналдар атауымен бөлімшелер ашылып, осы бөлімшеге Қазақбай Бәшенов, Сәдуақас Медебаев, Бұқарбай Жәлиев, Шакизада Дәрменовтер басшылық еткен.
Жыл өткен сайын су шаруашылығы саласының атауы өзгерумен қатар басшылық жасау да ауысып отырған. 2015 жылдан бастап аудандағы меке­менің атауы «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының «Қармақ­шысушар» өндірістік учаскесі болып өзгеріп, басшылыққа Ерболат Бодыбаев тағайындалған. Бүгінгі таңда атаулы мекемеде 60-тан аса маман қызмет істейді.
– Біздің қызмет каналдар жүйесі арқылы су жеткізіп беру. Каналдың негізгі бастауы облыстағы Тасбөгет кентіндегі «Қызылорда су торабы» учаскесінен басталады. Шіркейлі каналынан сол жаға және оң жаға магистралы болып таралады. Жалағаш ауданы сол жағадан су алса, оң жағадағы 420 бекеттен ауданымыз су ішеді. Бүгінгі күні осы канал арқылы барлығы 23474 гектар егіс көлемі суарылып, оның ішінде күріш дақылына 13046 га су беріліп отыр. Аудан бойынша 24 шаруашылық құрылымдары біздің мекемемен келісім-шартқа отырған. Қазір су тапшылығына байланысты жоспарлы суымызды ала алмай отырмыз. Дегенмен егістерге қажетінше суды жеткізіп беріп отырмыз, – деді мекеме басшысы.
Су шаруашылығы мекемесінің атқарар қызметі жалғыз бұл емес. Жылдың төрт мезгілінде тынымсыз жұмыс істейді. Мәселен жазда су тапшылығына қарсы жұмыстар жүргізсе, күз, көктем айларында дарияның жағасын торуылдаумен жүреді. Себебі күз мезгілінде су бетінде күр жүрсе, көктемде сең жүріп су басу қаупі туындайды.
– Сырдария өзені ауданнан 238 шақырым жүріп өтеді. Қазір бес ауылды қорғап тұрған 69 шақырым қорғаныс бөгеті бар. Күзде күн суытқаннан бастап осы қорғаныс бөгеттерін бақылаумен боламыз. Жосалы кенті, Иіркөл, Дүр Оңғар, Қызылтам, Қорқыт елді мекендері дарияға жақын орналасқан. Төтенше жағдай туындаған уақытта күн-түн демей барлау қызметін атқарамыз. Қай жерде сең жүріп мұз ұстасып жатыр соның барлығын хабарлап отырамыз, – дейді Ерболат Абытұлы.
9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл күнде осы салаға еңбегі сіңген қызметкерлер жыл сайын марапат биігінен көрінеді. «Зейнетке шыққан ардагерлерімізді ұмыт қалдырмай, оларға құрмет көрсетіп, еңбегін үлгі етіп отырамыз» дейді сөз соңында сала басшысы.

Ерсін СӘДУҰЛЫ


10 шілде 2021 ж. 344 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 034

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031