» » Ауыл – алтын бесік

Ауыл – алтын бесік



Таңғы салқынның лебі кешегідей емес бүгін тез сынды. Күн көтерілген са­йын ыстығы шекеңді тесіп, соққан желі бойыңды қуратып барады. Әдеттегідей жол сапардамыз. Ұзыннан жатқан тас жолдың сағымын қақ жарып, діттеген ауылымызға күн ысымай жетудің қамын жасап асығып келеміз. Ауылдың жаңалығы таусылған ба? Тағы да тілшілік тіршілік. Бұл жолы қамбасында сары алтыны емес, бақша дақылын өсіруден алдыңғы қатардан көрініп, мол өнім алып жүрген Алдашбай ахун ауылына бағытымызды түзедік.
Жолшыбай Ақжар ауылының үстімен өтерде көлігіміздің дөңгелегі жарылып, бір сәт жол үстінде аялдадық. «Ауылға сәлем бермей қайда асықтың» дегендей сыңай танытқан жомарт ауыл бізді кең құшағына алғандай самал желімен бір құшты. Анадайдан тұрғанымызды байқаған ауылдың қара домалақ қос баласы жанымызға демде жетіп, амандасып, бір жағынан қараса кетті. «Аға, көмектесейік пе?» деп жомарттық танытқан олар жоқ нәрсені әкеліп беріп, жұмысымыздың тез бітуіне көмектесуде. «Көпжасағыр» мен «үлкен жігіт болыңдар» дегеннен артық қандай үлкен алғыс бар? Жігітшіліктеріне риза болып әрі қарай жолымызды жалғастырдық. Көктемде ауылға барар жолдың екі жағы көк шалғынға батып, суға мейлінше қанып тұрған-ды. Биыл су тапшылығы ерте сезілгендей жаз басталмай жатып мұнда құрғақшылық басталған. Бар уа­йымымыз алдашбайлықтардың биылғы бақша дақылдары қалай болмақ деген ой. Былтыр онсызда індетпен алысып жүріп сырт жаққа өнімдерін ойдағыдай шығара алмады. Ендігі кедергі судың жайы.
Ауылдың табалдырығын аттағаннан мұндағы оң өзгерістің бары тез-ақ байқалды. Кіре-берісте жайқалған жасыл желек пен тербелген ағаштар сәлем салғандай желмен имене еңкейеді. Айтпақшы жақында бұл ауылда жақсы жаңалықтың түйіні шешіліп, елге аяқ су берілді. Қуанышқа іштей ортақтасып біз де ауылдың әкімшілігіне аялдадық. Алдымыздан ақжарқын жүзбен қарсы алған ауыл әкімі Нұрбол Тоғызбаев елдің жаңалығын таныстырып, ағынан жарыла кетті. Берекесі ұйысқан ауылда мыңға жуық тұрғын бар. Ауылдың негізгі тіршілік көзі мал шаруашылығы мен бақша егуге бейімделген. Мұнда 337 Қамбар атаның тұқымы, 9 жүздей сиыр, 3606 уақ мал және 772 құс бар. Қазіргі таңда «Майлыөзек и К» шаруа қожалығы 100 гектар жерге күріш егіп, баптауда. Осыған қарап ауылдың екбекке деген ерекше ықыласын сезінесің. Нұрбол Аманқосұлының ауыл әкімі қызметіне келгеніне көп болмаса да, елді мекеннің тыныс-тіршілігі мен жай-күйі оған бес саусақтай таныс.

– Қазіргі таңда ауылдың әлеуетін көтеруді басты мақсат етіп отырмыз. Мұндағы тұрғындар ауылға кіндігімен байланған халық. Сондықтан ауылдың ахуалын оңалту біз үшін маңызды мәселе. Бұл тұрғыда Елбасы Н.Назарбаев «Ауыл – ел бесігі» жобасында нақты тапсырса, Президентіміз Қ.Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларда әркез мақалалар жариялап, ауылдық жерлерде ауқымды іс-шаралар қолға алу керегін баса айтуда, – дейді ауыл әкімі.
Сөз арасында ауылдың басты жа­ңалығымен де бөлісті. Ауыл тұрғын­дарының көкейде жүрген аяқсу мәселесінің биыл шешілгенін қуана жеткізді. «Қазіргі таңда халық қалағанша пайдаланып отыр» дейді ол.
– 2015 жылдан бері аяқсу тап­шылығын көріп келген ауылымызға биыл су келіп халықпен бірге қуанып жатырмыз. Себебі жылда көтерілетін үлкен мәселенің шешілгені бұл. Өздеріңіз байқағандай кіре-берістегі көктеріміз одан бетер жайқалуда. Бастапқы кезде күнде су жіберуді тоқтатпадық. Өйткені құрғап қалған ауылдың ішін әбден суға қандырдық. Одан бөлек былтыр бір көшеміз толығымен асфальтталды. Түнгі жарық мәселесі де шешімін табуда. Биыл енді ауыз су мәселесін қолға алуды жос­парлап отырмыз, – дейді Н.Тоғызбаев.

Еткенге еңбек – мол нәсіп
Ауданға қарасты ауылдардың бүгінде тыныс-тіршілігі әр түрлі. Мәселен Дүр Оңғар, Иіркөл, ІІІ Интернационал, Ақтөбе, Ақжар, Тұрмағамбет ауылы күріш егумен ерекшеленсе, Қуаңдария мен Көмекбаев мал шаруашылығына басымдық берген. Ал Төребай би мен Алдашбай ахун ауылы бақша дақылын егуден алдыңғы қатарда.
Ауылдың сыртында 10 шақырымдық жерде орналасқан 30 гектар жердің 15 гектарына Ербол Тоғызбаев бақша дақылының барлық түрін еккен. Әсіресе Алдашбай ахунның брендіне айналған қарбыздың биылғы өнімі диқаншының көңілінен шығып отыр. Бақшаның бабын білетін кәсіпкер келер айда өнімді сұранысқа қарай жіберуді бастаймыз дейді ол әңгіме барысында.
– Былтыр карантинге байланыс­ты бақша дақылын аз ектік. Оның үстіне кемшіліктеріміз де болды. Биыл сол кемшіліктерді ескеріп, барлық жағдайды жасадық. Су айдайтын насос­ты қуаттысына ауыстырдық. Бұрын екі күнде келетін су қазір екі сағатта жетіп келеді. Қасымыздағы өзекте су жеткілікті. Биыл дақылдардан бөлек қияр-қызанақ, қызылша, орамжапырақ, болгар бұрышы, қызыл бұрыш, сәбіз, көк жуа, егілді. Қиярдың алды пісіп ауылда дүкендерге таратып, жаңақорғандық әдіспен қарбызды буландыру арқылы суарып жатырмыз. Оның пайдасын айтатын болсам егілген әр тақтаның үстінен кленкамен жабылады. Қарбыз екі құлақ болып шыққан кезде пакетті тесіп сыртқа қарай өсуіне әрекет жасалады. Кленканың іші күнмен буланып, дақылға су болып қайта сіңеді. Одан бөлек арам шөптердің шығуына кедергі жасайды, – дейді Ербол.
Бақшаны апта сайын суарып, оның күтіміне қарайтын арнайы  екі жұмысшы маман тартылған. Күндіз-түні басында болып малдың кіріп кетуінен сақтайды. «Қауын-қарбыздың негізгі жауы құстар. Бір келгенде пәлектерді шұқып бүлдіріп кетеді» дейді олар. Бұйырса шілдеде піскен өнімдерді сұранысқа қарай Нұр-Сұлтан, Қостанай қалаларына жөнелт­пек.

Түрлі кітап бар мұнда
Сырт көзге аядай көрінген әкімшілік ғимаратының ішкі жағы рухани әлемге бай. Мұнда мәдени, рухани, ақпараттық білім беру орталығы саналатын ауыл кітапханасы заман талабына сай жаңаша жабдықталған. Бүгінде 550 оқырманы бар кітапханада Гүлшат Бақытбекқызы 1997 жылдан бері қызмет ақарып келеді.
– Кітапханада 16 мың кітап қоры бар. Қазір карантинге байланысты онлайн жұмыс істеудеміз. Бізге келушілердің көбі мектеп оқушылары. Арасында үлкен кісілер де келіп кітап алып тұрады. Соның бірі жасы сексеннен асқан Таңат есімді ақсақалымыз кітапханамыздың тұрақты оқырманы. Аптасына алты кітаптан алып тұрады. Ол кісінің бір ерекшелігі кез келген газет-журнал, кітапты әлі күнге көзілдіріксіз оқиды, – дейді ағынан жарылған кітапханашы.    
 Мыңдаған мұрағатты сыйдырған кітапхананың ішінде барлық жағдай жасалған. Балалардың ізденуіне әлеуметтік желі де қарастырылған. Тіпті 2019 жылы COWORKING орталығы іске қосылыпты. Онан бөлек суретшілер үйірмесі бар. Оқушылар арасында «Ертегімен есейемін», «Мен оқыған кітап», «Туған өлке» жобалары өткізілген.

Ерсін СӘДУҰЛЫ

26 маусым 2021 ж. 580 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 040

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031