» » Өрісін кеңейткен отбасы

Өрісін кеңейткен отбасы

Бүгінде дамушы елдер шағын және орта бизнеске ден қойып, қолдау білдіруде. Ол – кез келген ел экономикасының негізі. Өңірімізде де тәуекел еткендерге көрсетіліп жатқан демеу көп. Оның ішінде жастар да жасқанбай, тың жобаның жемісін көруде. Сондай жастардың бірі – Нұрлыбек Қадыров.
Былтыр талапты жастың ерекше кәсіпті қолға алғанын айтқан едік. Оның «Кadyrov Wear» отандық брэнді қазақы нақыштағы жейде мен жемпір өндіріп, әр түкпірге тапсырыс алған. Ал бұл жолы ол отбасылық кәсіпті қолға алып, есесін тауып дөңгелетіп отыр. Онысын Telegram каналындағы белсенділігінен аңғардық. Арнайы YouTube каналын да іске қосып, кәсібінен үзінділерді қалың көрерменге көрсетіп отырады. Құс шаруашылығын қолға алып, оны әлеуметтік желі арқылы жарнамалай білген Нұрлыбекпен әңгімелесудің де сәті түсті.
– Қазір бізде 60 шақты күркетауық пен 50-ге жуық қаз бар. Көктемде инкубатордан балапан шығарып сатамыз. Ет өзімізден шықпайды. Мәселен, Шымкент қаласынан күркетауық етін алдырып, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына көтерме бағамен жөнелтеміз. Тауық етін де сырттан әкеліп, көтерме бағамен сатамыз. Солай сырттан өткізіп оның қыр-сырын меңгерудеміз, – дейді ол.
Бір қызығы жас кәсіпкер шығармашылыққа жақын. Яки кәсіби музыкант. Сол сала бойынша қалалық жерлерде 13 жыл бойы оқиды. Дегенмен ауылға қайтып, шаңырақ көтеріп, осында қалады. Кәсіби музыкант бұл кәсіпке қалай келген деймісіз? Енді қараңыз, оның әкесі Файзылда Қадыров 10 жылдан бері құс баптап келеді. Сүйікті ісі сол. Әр құстың ерекшелігін ескерген ол «бұл құстар адамға жақын» дейді сөз арасында. Ол құс шаруашылығын көркейтпек ниетте Байқоңырдан Ақай ауылына отбасымен көшіп келіп, жер алады. Арасында балапандарын да сатып тұрады. Нұрлыбек жастайынан әкесінің осы шаруашылықпен айналысқанын көріп өсті. Өсе келе қызыға бастайды. Солай олар ойлана келе, мұның етін де сатуға болады екен деп жаңа жобаларын дайындайды.
– «Сабақты ине сәтімен» дегендей өтіп жатқан бағдарламаның үстінен дәл түстік. Бағымызды сынадық. Нәтижесінде «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 1 айлық курстан өтіп, қаражатқа қол жеткіздік. Оған 130 күркетауық алдық. Содан дөңгелетіп, қазір әкем екеуміз айналысып жатырмыз. Қаз, күркетауықтың хайгрид түрін, ломон браун, бройлер секілді тауықтардың балапанын шығарамыз. Бұлар Ресейден келеді. Ал қаздың балапандарын өзіміздің елден мыңдап, екі мыңдап сатып аламыз. Жалпы балапандарды Арал, Қазалы, Қызылорда, Шымкент, Түркістанға дейін жібердік. Ендігі Атырау мен Ақтау қаласынан тапсырыс түсуде. Ауылдан да көтерме бағамен алып отырған тұтынушыларымыз бар, – дейді Н.Қадыров.
Кәсіпкерлердің алға қойған жоспары көп. Олар осы істі әрі қарай дамытып, жерін ұлғайтып, көкжиегін кеңейткісі келеді. Тұтынушылары да жиналған. Бүгінде 2000 жұмыртқалы инкубатормен балапан шығарса, тағы 300-дік инкубатордың екеуін алуда. Әрі 5 мыңдық инкубаторға тапсырыс берген.
Елде кәсіп ашамын дегенге түрлі бағдарлама мен жобалар жүзеге асуда. Бұл – ел-жұрттың жылдан-жылға өрісін кеңейтіп, заман талабына сай өмір сүруіне тынысын ашуда. Оған Қадыровтардың отбасылық кәсібі дәлел.
Айнұр ӘЛИ
02 наурыз 2021 ж. 560 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 260

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 359

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930