2 жылда 2000 жейде

Қазіргі қазақ қоғамында «Құдай маған ештеңе бермей жатыр» деп налып жүргендер қаншама. Абай сөзіне үңіліп көрелік, «Әуелі Құдайға сыйынып» дегені – әрекет қыл дегені емес пе? Ал «Әрекет түбі – берекет».
Бар. «Мен» деп жалындап тұрған жастар бар. Өз қайратына сүйеніп, ақылы мен біліміне, парасаты мен білігіне сеніп, іс қылған жастар бар. Сондай жатпай, тоқтамай, отырмай, еңбегін сауып жүрген жанның бірі – Нұрлыбек Қадыров. Ол ерекше кәсіпті қолға алған. Оның «Кadyrov Wear» отандық брэнді қазақи нақыштағы жейде мен жемпір өндіреді. 2 жылдың төңірегінде 2000-нан астам жейде шығарып үлгеріпті.Оның ішінде «Nagyz qazaq dombyra», «Qazaqtyn erketaiy sen ademi», «Qazaq», «Ar qazaq menin zhalgyzym», «Qazaq qyzy» секілді жейделер елдің әр түкпіріне таралуда.
– Бұл киімді шығаруға көп ой себепші болды. Мақсат – ұлттық мəдениетініміздің дəрежесін жоғары көтеру, қазақы нақыштағы киімдерді, қазақ брендін шет елге дəріптеу. Қазіргі таңда Байқоңыр жəне Ақтөбе қаласында 2 дүкеніміз ашылғалы жатыр. Алдағы уақытта отандық брэнд киімдер дүкенін əр облыстың кеңінен танылған ойын-сауық орталықтарында ашатын жоспарымыз бар, – дейді Нұрлыбек Қадыров.
Шағын және орта бизнесті дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта мемлекет тарапынан біршама жұмыс жүргізілуде. Түрлі бағдарлама аясында оқу курсы да қарастырылған. Соның бірі – жастар жылына сәйкес ұйымдастырылған «Жас кәсіпкер» жобасы.
– Кәсіп бастау үшін ең алдымен осы курсты оқыдым. Курсты аяқтаған соң, қайтарымсыз несие алуға құжат өткізіп, жоба қорғадым. 505 мың теңге көлемінде грант ұтып, бүгінде жеке кәсіп иесімін, – дейді жас кәсіпкер.
Еңбек – бәрін жеңбек. Ұлт жаппай еңбекқор болғанда ғана ел еңсесі биіктейді. Сондықтан қазекемнің «Еңбегі аздың өнбегі аз» деген сөзі кез келген қоғам мүшесінің қаперінде болғаны жөн.
Айнұр ӘЛИ