» » БАЛАПАН ӨСІРУ ДЕ КӘСІП

БАЛАПАН ӨСІРУ ДЕ КӘСІП

– Асыраған құс жақсы өнім беруі үшін, ең алдымен балапандарды дұрыс күтімге алу қажет. Оған арналған «балабақша» да жайлы болуы тиіс. Сонда ғана нәтижеге қол жетеді, – деп әңгімесін бастаған балапан өсіруші ең алдымен жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Айтуынша, балапанға неғұрлым жақсы күтім жасалса, оның өнімі де берекелі болмақ.
Әдеттегіше Вконтакте әлеуметтік желісіндегі «ОЛХ – Жосалы» парақ­шасынан инкубаторда балапан өсіру­шілерді іздедік. Іздеу батырмасынан бірінен соң бірі шыққан жазбалар шаш етектен. Осыған қарап-ақ балапан өсірушінің саны көп екенін аңғарасың. Десе де, олармен байланысу да оңайға соқпады. Бірінің – тәжірибесі аз, бірі – енді бастағалы отыр. Көкейдегі сауалға тұшымды жауап қатқан Азамат Бегімұлы бүгінгі мақаламызға арқау болды. Бұл кәсіптің нәсібін көріп отырған жан өз тәжірибесімен бөлісуге келісті. Ол инкубаторға жұмыртқаны салған соң оны тоққа қосып, 39-40 градустық жылы температурада ұстайды екен. Үш күн сайын су сеуіп тұрады. Тауық жұмыртқасы 21 күнде балапан ашса, үйрек, қаз, күркетауық 30-31 күнде тар қабыршақты жарып шығады.
– Балапан өсірумен айналысқаныма биыл үшінші жыл. Осы уақыт аралы­ғында мұның қыр-сырына терең бойладым. Инкубаторда күркетауықтың ба­лапанын өсіремін. Ол жылына 25-30 да­на жұмыртқалайды. Содан соң құрық басады. Құрықта күркетауық 11-13 жұ­мыртқа баса алады. Ал инкубаторға 50 жұмыртқа салынып, балапан өседі. Ай­ырмашылығын көрдіңіз бе? – дейді ол.
Балапанның өсуіне бір жыл уа­қыт кетеді. Осы уақыт аралығында мұ­ның қоразы 6-7 келі ет береді. Сондай-ақ күркетауық тек бір жылда жұмыртқалайды.
– Тауық жұмыртқасынан инкубаторға бірден 104 данасын салуға болады. Алайда күркетауық етінің дәмі ерекше тәтті. Жалпы бұл екі құстың балапанының айырмашылығы бар. Мәселен, күр­ке­тауық балапанына 1-2 айға дейін жақсы кү­тім керек. Себебі жұмыртқасын жарып шыққанда өте әлсіз болады. Балапанды алғашқы күндері жылы ұстау қажет. Дү­кенде арнайы балапанға арналған жем мен асылған жұмыртқа беремін, – дейді Азамат Бегімұлы. 
Балапанның өсуіне жылудың әсері көп. Клуша – ішінде жылыту элементі бар пластина. Оны қарсы беттегі қабырғаға орнату қажет. Себебі табиғаттағыдай анасының бауырына жатып жылынатындай болуы керек. Ал егер олар астынан жылынса аз қозғалып, баяу өседі.
– Қыста қызуы қаттылау жы­лытқышты, ал көктемде  сәл әлсіздеу плас­­тинаны қолданамын. Клушаны ор­наластырғанда балапандардың қи­мылын бағу керек. Алғашында пластинаны еденнен 10 см жоғарылау орнатқан жөн. Егер жайлы болса, соның астына келіп жатады. Егер балапандар пластинаның астына топтасып жатса, онда бұл олардың тоңғанын білдіреді. Сол үшін температураны өлшеп тұрған абзал, – дейді ол.
Азамат Бегімұлының инкубаторында өскен күркетауық сатылымға шығады. Өтпегені отбасындағы ас дастарқанына қойылады. Бастысы – етінің дәмі ерекше тәтті. Шағын болса да кәсібінен береке тауып отырған кәсіпкер балапан өсіруді хоббиінің бір бөлігіне жатқызады. Себебі «адам жанына  жақын дүниемен ғана айналысады» дейді ол.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
24 мамыр 2019 ж. 5 903 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 262

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 361

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930