Азаматтық форум жұмысы өмірдің өзекті мәселелерін айқындады
«Қоғам және мемлекет: серіктестігі мен дамуының 30 жылы «Birgemiz». Осы тақырыппен өткен ІХ Азаматтық форум жұмысы биылғы жылдың 14 қарашасынан басталып, 27 қарашаға дейін созылды. «Online» форматында жүргізілген форум жұмысына біздің ауданнан бірнеше үкіметтік ұйым жетекшілері «ZOOM» байланыс жүйесі арқылы қатысып, қоғам дамуының барлық салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың бағыт-бағдарымен танысты.
Форумға қатысушылар азаматтардың шешім қабылдауға қатысуына, қоғам мен мемлекет арасындағы сындарлы диалогтың қалыптасуына, азаматтық бақылау, азаматтық белсенділіктің артуы сияқты жаңа үдерістерге бетбұрыс жасалып, өңірлік сараптамалық алаңдардың кеңейуіне кең жол ашылғанын нақты сезіне алды.
Азаматтық форумның алғашқы отырысында Қазақстан Республикасы Азаматтық Альянсының президенті Б. Нұрғазинаның сөзін онлайн форматта тыңдаған облыстық форумға қатысушылар бір серпіліп қалды. Оның басты себебі үкіметтік емес ұйымдар Альянсы Ассосациясының Қызылорда облысындағы заңды тұлғалар бірлестігінің өзі құрылған аз уақыт ішінде атқарған жұмысына республикалық деңгейде тұшымды баға берілуі болды.
Сонымен форумның «Азаматтардың шешім қабылдауға қатысуы: проблемалар мен жетістіктер», «Азаматтық бақылау: мәселелер мен болашағы» және «ҮЕҰ бәсекеге қабілеттігін дамыту: қоғам мен мемлекет диалогы» деп аталған үш сессиядан тұратын алғашқы отырысы модераторлар жасаған пайымдаулар мен спикерлердің қосымша толықтыруларымен алдағы жұмыстардың мазмұнын айқындаған жан-жақты шара болды.
Қоғам дамуының ауқымды мәселелеріне үн қосқан жаңа форматта ұйымдастырылған форумның ашылу салтанаты осы тақырыппен үндесе жабдықталған «Prima Park» бизнес орталығы конференц залындағы замануи технологияның арқасында бүкіл аймақтағы осы мәселеге қызығушылық танытқан азаматтарға толық қол жетімді болды.
Бұдан әрі орталық мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен салалық кездесулері облыстық білім, денсаулық сақтау, мәдениет, кәсіпкерлік және туризм, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларымен жүргізіліп, күнделікті жалғасын таба берді. Сондай-ақ «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы, басқа да қоғамдық қорлармен пікірталас алаңдары өз жұмысын қатысушы азаматтармен терең түсіністік бағытында өрбітті.
Форумның екінші аптасында байланысқа шыққан ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев салада атқарылып жатқан шаруалармен бірге өзекті мәселелердің де көп екендігіне тоқталды. «Еліміздің экологиялық проблемалары алуан түрлі және оларды шешу үшін кешенді тәсіл қажет» деп атап көрсетті министр. Сонымен бірге ол жаңа Экологиялық кодекстің жобасын әзірлеу кезінде құжат жобасын қоғам өкілдерімен талқылағандығын айтып, оған азаматтардың белсенді қатысуы салдарынан келіп түскен 2 мыңға жуық ұсыныстың ескерілуі нәтижесінде заң жобасы 40-50% өзгертілгенін тілге тиек етті.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі Ю.Ильин биылғы пандемия жағдайында азаматтардың қол қусырып отырмай, мұқтаж жандарға қол ұшын созғанын, оған үкіметтік емес ұйымдардың елеулі ұйымдастырушылық ролі болғанын айтып, ризашылығын білдірді. «Еріктілер» деп аталатын жастар қозғалысының ерекше қимылына алдағы уақытта да үлкен сенім артып, қолдау білдіріп отыратынын жеткізді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы А.Жайылғанова жастарға жасалатын қолдаудың ауқымы кеңейе түсетінін сөз етті. Қазіргі таңда кез келген жас азамат Президенттің кадрлық резервіне тұра алатындығын, резервке алынатын азаматтардың жасы ұлғайтылып, оған 30 бен 44 жастағы азаматтардың да қатыса алатындығын айтты.
Азаматтық форум аясында үкіметтік емес ұйым өкілдері ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары О. Бектеновпен де кездесуге мүмкіндік алды. Ол республикамыздың барлық түкпірінде «Адалдық алаңы» кеңселік жобасының қарқынды дамып келе жатқандығына тоқталып, бұл жұмыстардың нәтижесі мемлекеттік қызметкерлердің халыққа жақындай түсуіне жол ашқанын, тұрғындардың кедергісіз сапалы қызмет алуына елеулі ықпалы болғанын атап айтты. Сонымен бірге қоғамдық кеңестер жұмысы да жаңа қарқын алып келе жатқандығына тоқталды.
Жастар саясаты мәселелері, еріктілер жылына қатысты да өзекті пікірлер аз болған жоқ. Елімізде 14 пен 29 жас аралығындағы жастар 3,7 млн, яғни республика азаматтарының 20% құрайды екен. ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жастар және отбасы комитетінің төрағасы Ш.Баймановтың айтуынша Президент тапсырмасына сай жастарды қолдаудың кешенді жоспары әзірленіп жатқанға ұқсайды.
Форумға қатысушылардың ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетовпен кездесуді асыға күткені түсінікті болар. Саладағы атқарылған істер мен алдағы мақсаттарды баяндаған ведомства басшысының айтуынша қазіргі таңда елімізде әлеуметтік төлемдердің 39 түрі бар екен. Үстіміздегі жылы осы қызметтерді көрсету үшін 3,5 трлн теңгеге жуық қаржы бөлініп, арнайы әлеуметтік қызмет көрсету порталы жұмыс жасап жатқан сияқты.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Мусиннің айтуынша ауылдарды интернет желісімен қамту бағытында атқарылап жатқан жұмыстардың ауқымы зор. Бұл шаруа кезең-кезеңімен жүргізіліп, елді мекендерде 3G және 4G станциялары орнатылуда. Алайда жалпы саны 4 мыңнан асатын ауылдарды түгелдей оптикалық желімен қамтамасыз ету қыруар қаржыны қажет ететіндіктен әзірге мүмкін болмай отырғанын жасырған жоқ.
Сауда және интеграция минстрі Б. Сұлтановтың да айтары аз емес екен. Қазір ведомства экспортерлерді қолдауға басымдық беріп отырған сыңайлы.
Осы секілді барлық салалық ведомстволардың азаматтық қоғам алдындағы есебі, ұйымдастырылған ашық алаңдар, сұрақ-жауап фортамында өткен жүздесулер мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы байланыс жібін ширата түскен сияқты көрінді.
Қоғам дамуының ашықтығын қалыптастыруда форум жұмысын ұйымдастырушылардың ерекше іскерлігі мен ұйымдастыру әдістеріне тәнті болдық.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
«Ұлт бірлігі - Қармақшы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
«Ұлт бірлігі - Қармақшы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы