» » Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ: "Азаматтық бастамалар – қоғам дамуына апарар жол"

Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ: "Азаматтық бастамалар – қоғам дамуына апарар жол"

Өткен айда облыстық үкіметтік емес ұйымдар Альянсы Ассоциациясының ұйымдастыруымен ауданда «Ауылдық үкіметтік емес ұйымдарды қолдау: даму және өркендеу мақсатындағы серіктестік» тақырыбында облыстық форум өтті. Форумның жұмысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйекте жасаған Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын азаматтардың мемлекет басқару ісіне қатысуын қолдауға, яғни халық үніне құлақ асатын мемлекет құрудағы белсенділігін арттыруға бағытталды. Ұйымдастырушылардан да, қатысушылар тарапынан да бірқатар келелі мәселе көтеріліп, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы, қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жұмыстарға үкіметтік емес ұйымдардың нақты әрекеттері, оның құқықтық негіздері туралы мәселелер кеңінен талқыланды. Сондай-ақ форумда аудандағы бірқатар белсенді қоғамдық бірлестіктерді облыстық үкіметтік ұйымдар Альянсы Ассоциациясының мүшелігіне тарту мәселесі сөз болды. Оның жұмысын ұйымдастыру үшін «Ұлт бірлігі Қармақшы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шегебай Құндақбаевты осы ұйымның аудандағы өкілі етіп белгілеу ұсынылды. Ұсыныс бірауыздан қабылданып, қазір ауданда үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен жұмысы өзінің алғашқы қадамдарын жасауда. Азаматтық қоғам деген не? Оның жұмысын жолға қойып, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруда ауданда қандай шаралар атқарылып жатыр? деген сауалға жауап алып, газет оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік. Осы орайда облыстық үкіметтік ұйымдар Альянсы Ассоциациясының аудандағы өкілі Шегебай Құндақбаевты әңгімеге тартқан едік.
– Шегебай Құндақбайұлы, жуырда аудандағы қоғамдық бірлестіктер басшыларының қатысуымен үкіметтік емес ұйымдар Альянсы Ассоциациясының облыстық форумы өтті. Сұқбат барысында форум көтерген мәселелерді оқырмандарға жан-жақты түсіндіреміз деп ойлаймын. Айтайын дегенім осы форумға қатысушылар аудандағы белсенді қоғамдық ұйымның басшысы ретінде өзіңізді облыстық үкіметтік емес ұйымдар Альянсы Ассоциациясының аудандағы өкілі етіп белгілеп, азаматтық қоғам жұмысын дамытуды жолға қоя алатыныңызға сенім білдірді. Біз де бұған толықтай сенеміз. Сонымен әңгімені Азаматтық қоғам құрудың мақсаты мен маңызы туралы түсіндіруден бастасақ.
– Рақмет. Азаматтық қоғам туралы әңгімені «Азамат» деген сөзден бастайын. Ол – белгілі құқықтар мен міндеттіліктерге ие болған іс-әрекет субъектісі. Ал, Азаматтық қоғам – негізгі құқықтар мен еркіндіктері заң жүзінде қамтамасыз етілген және саяси қорғалатын мемлекеттен тыс қатынастар саласы, үйлесімді дамыған қоғамның негізгі бір бөлігі. Түсініктірек болу үшін қоғам дамуын зерттеп, зерделеп жүрген сала мамандарының қоғамды 3 секторға топтайтынын айтып өтсем. Бірінші сектор – мемлекет. Қоғамды дамытудың барлық тұтқалары осы сектордың қолында. Жергілікті жерде атқарушы орган болып есептелетін әкім, оның бөлімдері, кент, ауылдық округ әкімдері, облыстық департаменттің аудандағы бөлімшелері, басқа да халыққа мемлекеттік қызмет көрсететін құрылымдар осы секторға жатады. Бұлар бюджет қаржысымен жұмыс істеп, бюджеттен қаржыландырылады. Халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартып, денсаулығын, білімін, мәдениетін көтеру бағытында барлық үміт осы секторға артылады. Қысқасы, қоғам дамуының ең негізгі тірегі – мемлекет. Бұл – бірінші сектор. Екінші секторға коммерциялық ұйымдар жатады. Былайынша айтсақ, бизнес әлемі. Барлық өндіріс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығының қозғаушы тұтқасы осы сектордың қолында. Олар белгілі бір өнім түрін өндіру арқылы халыққа қызмет етеді, сонымен бірге өзін-өзі қаржыландырады. Үшінші секторға коммерциялық емес ұйым¬дар, қоғамдық бірлестіктер жатады. Белсенді топтардан құралған азаматтық қоғам құрушы сектор болып есептеледі. Аты айтып тұрғанындай бұл сектордың жұмысы қоғамдық негізде атқарылады. Қоғамдағы адам өмірінің негізгі элементтерінің бірі болып саналатын еріктілік, қоғам дамуындағы өзінің барлық ісәрекетін ерікті түрде жүргізу – үкіметтік емес ұйымдардың негізгі ерекшелігі десек те болады. Үкіметтік емес ұйымдардың даму көрсеткіштері азаматтық қоғамның пісіп-жетілуінің деңгейін айқындайды. Барлық өркениетті елдерде қоғам дамуын зерделеушілер «Мемлекетсіз азаматтық қоғам жоқ. Онсыз ретсіздік, тәртіпсіздік, хаос, ұйымдаспағандық, ыдырау ғана болуы мүмкін» дейді. Расымен де, қоғамдық тәртіп сақталмай, ұйымдастыру шаралары дұрыс жүргізілмей жатса, тұрмыстық дамудың кез келген саласында қандай да бір олқылықтар болып жатса – осы мемлекеттік органдарға қарап ауыз ашатынымыз рас. Сонымен бірге «Дамыған азаматтық қоғамсыз демократиялық, құқықтық мемлекет те жоқ. Тек зорлық, зомбылық, басыбайлылық, тирания ғана бар» деген тұжырым бар. Өкініштісі, мұнымен де келісуге болатын жағдайлар кездеседі. Демек бұл екі сектордың бір-бірімен тығыз байланыста үйлесіммен жұмыс істеуі – қоғам дамуының басты тегершігі, азаматтық қоғам қалыптастырудың негізгі алғышарттарының бірі. Бұл жолда көп нәрсе үкіметтік емес ұйымдардың белсенді жұмысына байланысты.
– Үкіметтік емес ұйымдардың нақты немен айналысатынына тоқтала кетсеңіз.
– Үкіметтік емес ұйымдар айналысатын салалар өте көп және орналасқан аумағының ерекшеліктеріне қарай сан алуан. Өмірдің барлық саласын қамтиды десек те болады. Түрлі әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, тұтынушылар құқығын қорғау, мемлекеттік тілдің үстемдігін орнату, халықтың экологиялық мәдениетін көтеру, құқықтық қатынастар, заңдардың сақталуы, қайырымдылық шаралары, жер қатынастары, ел мен жердің тарихы, бүгінгі жайы және болашағы, ана мен бала, отбасылық зорлық-зомбылықтарды болдырмау секілді халықтың әлеуметтік тұрмыстық жағдайын көтеруге байланысты кезек күттірмейтін, бүгінгі күні көз жұма қарауға жатпайтын мәселелердің қай-қайсысынан да үкіметтік емес ұйымдар бойын аулақ сала алмайды. Айталық, биылғы 12 шілдеде Қазақстанның Азаматтық Альянсы халыққа Жолдау жасап, бүкіл әлемдегі сияқты біздің еліміздің де жаһандық сынақ коронавирус пандемиясынан сақтануға шақырды. Жұртшылықты «БізБіргеміз» бірыңғай ақпараттық науқанына үн қосуға, азаматтық ұстанымдар мен бастамаларды қолдап, санитарлық нормаларды қатаң сақтауға үндеді. Ортақ мақсатты жүзеге асыруда табысқа жетудің жолын ұсынды. Осыған орай аудандағы барлық қоғамдық ұйымдардың жетекшілері «үйдебол», «арақашықтықтысақта», оқшаулану, бетпердесіз жүрмеу сияқты акцияларға қатысып, түрлі электрондық-ақпараттық ресурстар арқылы халықпен қашықтан байланыс орнатты. Сонымен бірге Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұқбатындағы «Қазір той-тойлаудың уақыты емес, мықты, біртұтас, гүлденген Қазақстанды дамытуға бар күшімізді салуымыз керек» деген тапсырмасы бойынша үгіт-насихаттық жұмыстар жүргізді. Бұл жұмыс аудандағы қоғамдық ұйымдар тарапынан, ел ағалары тарапынан қолдау тауып үнемі жалғасып келеді. Әйелдер кеңесінің төрайымы К.Раева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Есдәулетов, ардагер ағаларымыз О.Сариев, Ә.Құлдүйсенов тағы басқа көптеген кісі елде, ауданда болып жатқан түрлі қоғамдық пікірлерді жүйеге түсіріп отыруда әлеуметтік желілер арқылы халыққа шығып отырады. Бұған жастар қоғамдық бірлестіктері де әрдайым үн қосып, түрлі онлайн шара ұйымдастырады.
– Қанша қоғамдық негізде жұмыс істейді дегенмен қазіргі уақытта белгілі бір қаржы көлемінсіз мәселе шешілмейді ғой.
– Әрине, әрбір қоғамдық бірлестік өзінің мақсатты топтарымен, құрылтайшыларымен бірігіп бұл мәселені басынан ойластырады. Мемлекет белгілеген түрлі жобаға қатысады. Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара тығыз байланысын орнықтыруда мемлекет көптеген шараларды жүзеге асырып отыр. Мемлекеттік тапсырыс арқылы үшінші секторды дамытуға елеулі көмек көрсетіледі. Бұл үшін Қазақстан Республикасы Президенті жанында Демократия және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істейді. Оған Қазақстан Республикасы ҮЕҰ қолдаудың тұжырымдамасы жасалған. 2001 жылғы 16 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасының «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңы біз айтып отырған үшінші сектордың құрылымдары мен міндеттемелерін көрсетіп берді. 2003 жылы Азаматтық Альянстың І съезі, 2005 жылы сәуірде ІІ съезі өткізілді. Сонымен бірге 2005 жылы 12 сәуірде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйақылар туралы» Заңы қабылданды. Осының негізінде коммерциялық емес ұйымдардың үкіметпен бірлескен ісқимылдарын ұйымдастыруда мемлекеттік және мемлекеттік емес гранттар бөлінеді, 15 аталым бойынша ұйымдастырылатын сыйақы түрлері бар. Әрине ештеңе жайдан-жай болмайды, бұл сыйақылар үкіметтік емес ұйымдарға әлеуметтік міндеттемелерді шешуге қосқан үлесі үшін беріледі. Біздің жағдайымызда бұл көмек ішкі саясат бөлімі ұсынған мемлекеттік тапсырыстарды жабық конкурстарда жеңіп алу, сол жұмыстарды жүзеге асыру арқылы жасалады. Мұның бәрі өз кезегінде мемлекеттің үшінші сектор өкілдеріне жасаған қамқорлығы болып саналады және оның дамуына септігін тигізеді. Сөйтіп, азаматтық қоғам институттарының нығая түсуіне жағдай жасалады. 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасына көз жүгіртсеңіз, «Үкіметтік емес ұйымдардың мәртебесін көтеру», «құқықтық реттеу тетіктері ҮЕҰ қызметінің жұмысын, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді қолдауды қамтамасыз етуі керек» деген жолдарды оқуға болады. Мұның өзі үкіметтік емес ұйымдарды қолдаудың құқықтық негізі жан-жақты қаланған деген сөз.
– Аудандағы белсенді қоғамдық бірлестіктерді айтып өтсеңіз?
– Қоғамдық жұмыстарды бір ізге түсіріп, жастардың басын біріктіруде жастар жағы жақсы-жақсы бастамаларды жүзеге асыруда. Биылғы еріктілер жылында елді мекендердің гүлденуіне, тазалығына, түрлі мәдени шараның мазмұнды өтуіне жастардың құлшынысы ерекше. «Қармақшы жастары», «Төретам жастары» жастар қоғамдық бірлестіктерінің жобаларды іске асырып, ауданның әлеуметтік мәселелерін шешуге белсенді араласып жүргенін аңғаруға болады. Сондай-ақ «Ауғанстан және аймақтық соғыс ардагерлері кеңесі», «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігі аудандық ұйымдары осы азаматтардың денсаулығына, әлеуметтік жағдайына байланысты мәселелер көтеруімен бірге кент тұрғындарының жағдайын жақсартуға байланысты көшелерді жарықтандыру, абаттандыру мәселелерінде қолдан келген көмегін жасап отырады. Алдағы уақытта аудандық ішкі саясат бөлімімен бірлесе отырып, біз де бірсыпыра әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуына күш саламыз деген ниеттеміз.
– Нақтырақ тоқталып өтсеңіз?
– Жоғарыда айтқанымдай үкіметтік емес ұйымдар жұмысының сан саласы бар ғой. Бұлардың ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Бірақ алдағы жылы әлеуметтік кәсіпкерлік ісін дамытуға күш салмақпыз. Бұл мәселе әзірге ауданда тәжірибеге енбеген. Дегенмен басқа аудандардағы, облыс орталығындағы әріптестерімізден үйрене отырып, бұл жобаны жүзеге асыратын болсақ, аудан кәсіпкерлігін дамыту ісіне бір пайдасы тие ме деген ойымыз бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбатты жүргізген Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
14 қазан 2020 ж. 635 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031