Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп ұлы қаламгер М.Әуезов айтқандай, қай ғасырда болмасын ата-ананың міндеті – саналы, салиқалы ұрпақ тәрбиелеу. Ал білімді де білікті ұрпақ – ел болашағының жарқын болуына септігін тигізбек. Осы орайда патриоттық тәрбиенің орны бөлек. Елдегі мемлекеттің білім беру құжаттарының қай-қайсысын алып қарасақ та, патриоттық тәрбиеге басымдық берілгенін аңғарамыз. Патриотизм – әр азаматтың ұлтын, Отанын сүю, құрметтеу деген мағынаны білдіреді. Тарихқа зер салсақ, ұлттық рух, ұлттық сана деген ұғымдар әріден бері қолданыста. Ата-бабамыз қасық қаны қалғанша туған жерін жау қолынан арашалап, кең байтақ жерді ұрпағына мирас етті. Ұлтын сүйген ардақтылар елінің көзі ашық, көкірегі ояу болуы үшін оқуға шақырып, бозторғайдай шырылдады. Мұның барлығы да елге деген жанашырлықтың, сүйіспеншіліктің айқын көрінісі еді.
Ал бүгінгі ұрпақтың бойына салт-дәстүрмен бекіген ұлттық рухты одан әрі дамыту, өз еліне деген мақтаныш сезімін ұялату, патриоттық рухы жоғары бала тәрбиелеу мақсатында Қызылтам стансасындағы №79 негізгі мектепте аймақтық семинар өткізілді. «Патриотизм – ұлттық рухтың асқақ белгісі» атты семинарға аудандық білім бөлімінің басшысы Дастан Нәзікбаев, бөлімнің әдіскері Тәжігүл Әбенова, ішкі саясат бөлімінің бас маманы Нұрлан Бейбітов және ауданға қарасты 11 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қатысты. Қонақтарды қарсы алған соң, мектеп директоры Сәуле Әбікенова семинардың мақсатміндетін түсіндіріп өтті.
– Еліміздің әрбір перзенті елін сүйер еңселі азамат болуы үшін біз болашақтың кірпішін бүгіннен қалауымыз шарт. Ол үшін туған мекеннің қасиеттілігін, ұлттық дәстүрдің қымбаттығын, ана тілге деген құрмет пен өскен өлкеге деген шексіз махаббатты бала бойына жеткіншек кезінен сіңірген абзал. Сонда ғана Отанын сүйіп, Рәмізін қастерлеп, ел тарихын жетік меңгерген, елдің өркендеуі жолында аянбай қызмет ететін, патриоттық рухы жоғары ұрпақ қалыптаспақ, – деді білікті басшы.
Мектептегі тәрбие жұмысының қай бағытта, қандай деңгейде жүргізіліп жатқаны және оқушы бойында патриоттық тәрбиені қалыптастыру бағытындағы атқарылған іс-шаралар жөнінде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қ.Нақыпованың баяндамасы тыңдалды. «Патриоттық тәрбиенің діңгегі ұлттық сананы қалыптастыру» тақырыбындағы таныстырылым бейнешолумен байланыстырылған. Көп сөзден гөрі, нәтижелі жұмысты көрсете білген ұстаз мектептегі тәрбие процесінің жоғары деңгейде жүргізілетінін аңғартты. Семинар одан әрі Г.Бейісованың «Ұлттық тәрбие – өркениеттің негізі» атты тарихи шолумен жалғасты. Мұнда оқушылар биылғы атаулы күндерге жеке-жеке тоқталып, нақты ақпарат берді. Атап өтсек, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, Қазақ Хандығының 550 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, Ата Заңның 25 жылдығы толық қамтылып, өткенге шолу жасалды. Әл Фараби мен Абайдың күрделі шығармалары да жатқа оқылды. Тарих қойнауына көз жүгірткен бұл бөлім құнды мұрамызды бір парақтатып өткендей.
Семинар әрі қарай С.Сүлейменованың «Сыр еліммен мақтанамын» атты танымдық сағатымен өрбіді. Онда оқушылар қасиетті «Марал баба» кесенесі, «Қорқыт ата» мемориалдық кешені, Байқоңыр ғарыш айлағы туралы мәліметпен бөліссе, ұстаздар қауымы Қармақшы, Қызылорда атаулары жөнінде ақпар берді. Онан бөлек, мектептің эмблемасы мен облыстық байқауда топ жарған Қызылтам ауылының макетіне шолу жасалды. Макетті тамашалаған соң, семинарға қатысушылар келесі бөлім үшін дайындалған фойеге беттеді. Мұнда ауылдың дана қариялары мен ақ жаулықты аналары күтіп алды. С.Өтепованың ұйымдастыруымен өткізілген «Ата – әулеттің тірегі, әже – ұрпақтың жүрегі» тақырыбындағы пікірлесу ерекше форматта өтті. Қойылған сұрақтарға тұшымды жବуап қайтарған қариялар, өсиет әңгімеден де сыр шертісті. Өмірін ұстаздыққа арнаған Саракүл әжей тәрбие туралы пікірін білдірсе, қолы ісмер Гүлжан әжей өнердің жай-жапсарын түсіндірді. Сондай-ақ аудандық білім бөлімінің басшысы Дастан Нәзікбаев патриотизм жайында ой қозғады.
– Әлемнің екіншісі ұстазы әл-Фараби айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан да тәрбие басты орында. Ал оның ішінде патриоттық тәрбиенің берері көп. Отбасынан бастау алатын отансүйгіштікті одан әрі дамыту – білім беру мекемелерінің үлесінде. Біздің басты міндет – елін, жерін сүйетін, тілін құрметтейтін тұлға тәрбиелеу. Елді ел етіп, өзге елмен терезесін тең ететін осындай ойы озық, білімді тұлғалар. Тәрбиеге байланысты осы тектес семинарлар ай сайын ұйымдастырылып тұрғаны дұрыс. Онда мамандар жаңа бағыттарды, қажетті мәліметтерді бөлісіп, тәжірибе алмасса жұмыс жанданып, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді бөлім басшысы.
Осы мектептен түлеп ұшып, Қытайда білім алып келген Нұрасыл Мұратбек те өзге елдегі патриоттық тәрбиенің берілуін сипаттап, білім берген ұстаздарына 6 тілде алғыс білдірді. Мұнан әрі семинарға қатысушылар жүрекшені жалғау әдісі арқылы өткізілген шараға байланысты өзіндік пікір білдірді. Жылы лебіздер тыңдалған соң, дана қария Өтеп ақсақалдан бата алып, әрі қарай көңілді нотамен «Мен – өз елімнің патриотымын» атты концерттік бағдарлама тамашаланды. Музыка пәнінің мұғалімі Әділбек Әбішовтің жетекшілігімен дайындалған концерт көптің көңілін көтерді. Жоғары дәрежеде өткізілген шараға дайындықтың жүйелі болғаны белгілі. Шара соңында білім бөлімінің әдіскері Тәжігүл Әбенова қорытынды сөз сөйлеп, оң бағасын берді.Семинардың әрбір бөлімі әдемі әуенмен, көңіл сергітер күймен, жарасымды бимен толықтырылып отырды. Мұнан оқушылардың біліммен бірге өнерге де біртабан жақын екені байқалды. Санаулы оқушы мен ұстаздан құралған шағын мектеп болғанымен, берері мол тағылымды семинарды жоғары деңгейде ұйымдастыра алған. Бұл білікті басшы мен бірлігі жарасқан ұжымның, қашанда тығыз байланыстағы ата-ана қолдауының, жаңаны үйренуге талпынған оқушының арқасы. Білім майданында оң өзгерістерге бастар мұндай мәнді семинарлар әлі де жалғасын таба бермек.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ