» » Ақ орамалды аналар

Ақ орамалды аналар

– Аш есікті, – деп ышқынған жас ананың дауысы саңқ ете қалды.
– Апыр-ау, амандық болса болар, – десті біреуі. Тағы да тарсыл-тұрсыл. Жұртшылықпен ғимараттың бірінші қабатына ілесе түсіп, айтуға ауыз бармайтын оқиғаның куәсі болдық. Бір қолында құндақтаулы баласы, екінші қолында қалтафоны бар. Арқасына бір емес, екі сөмке асынған. Әбден қажыған, әбіржіген жас келіншек жүр. Барлығын қоса ұстап, көпшілікке зарын айту оңай емес, құдды соғыс ашумен тең еді оған. Ал, байырғы біздің аналар бір қолымен бесікті тербетсе, екіншісімен әлемді тербетті емес пе?


Осыған қарап қазіргі қазақ қоғамындағы әйелдің рөлі тым бөлек дерсіз. Тіпті олар ғаламтордан өзіндік рөл алған. Сабырлық, шүкірлік етуді ұмытқандай. Оған не себеп? Мүмкін өзінің бір басынан артылатын азалы күндері бар шығар? Жұмысбастылықтан үй шаруасына үлгере алмай жүр ме? Әлде біреуден зәбір көрді ме?

Осы тектес сауалдар жақында ІІІ Интернационал ауылында өткен керемет шарада қойылды. Мұнда басына ақ орамал тағып, қазақша ою түскен қамзол киген әйелдер қауымы бас қосты. «Ақ орамал» деп аталған ақпараттық-насихаттық жоба «Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қоры, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі және облыстық іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен өтті. Оған «Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қорының басшысы, облыстық Аналар кеңесінің мүшесі Рахима Ахметова бастаған топ пен ауыл, аудандағы аналар қауымы қатысты. Сақтық шараларын қатаң сақтай отырып өткен шарада қонақтар алдымен «Достық Жер МК» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев ашқан тігін цехымен танысты. Мұнда қатысушылар түрлі этнос өкілдерінің ұлттық тағамы мен қолөнер бұйымдарынан әзірленген көрмені тамашалады. Одан соң жиын сырлы сұқбатпен жалғасын тапты.

– Әйелдің сыры бітпейтін том-том кітап іспеттес. Оны қозғау әрі оңай болса, әрі қиын. Себебі ол табиғаттың тылсымын бағындырады. Иә, әйел – Ана. Ал, оның қоғамдағы рөлін бағалай білсек артық болмас. Алайда, жақсылық жүрген жерде жамандықтың да қатар жүретіні бар. Осыған қарап жаным ашитын кездер көп. Тұтас бір әулеттің келіні, бірнеше баланың анасы, біреудің Құдай қосқан жары қоғамдық орынға келіп, қылық көрсетіп, шу шығарады. Сонда тәрбиенің қайда қалғаны? Мұндай бассыздық орын алмауы үшін әр әйелмен сырласа білу керек. Мүмкін оған қандай да бір көмек қажет шығар? Сол үшін, өздеріңізбен еркін форматта сырласуға келдік, – деді шараның шымылдығын ашқан Рахима Ахметова.

Алғы сөзінде аудандық Әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раева кеңестің толымды жұмысына тоқтады. Осы кеңестің мүшесі, түрік этносының өкілі Дильфура Байрахтарова елді мекендердегі бейнеті мен ауыртпалығы жоғары әйел ананың статусына ерекше мән берілсе деген тілегін айтты. Әрі оны жүзеге асыруға атсалысып жатқанын да жасырмады.

Қаладан келген қонақтардың қатарында Батыр ана, алтын алқа иегері Қуаныш Ахметқызы бар. Ол өнер саласында еңбек етумен қатар 7 баланы тәрбиелеуде. Жұмыс пен бала тәрбиесін қатар алып жүріп, «Қожабековтер» ансамблін құрған. Соның нәтижесінде талай додада бас жүлде иеленіп, Турцияға саяхаттаған. Ол «қай жерде жүрсем де ақ орамалды басымнан тастаған емеспін» деп ағынан жарылды. Ашық, әңгімені иіре әкеткен ол «Домалақ ана» әнін барша аналарға арнап, нақышына келтіре орындап берді.

Өз кезегінде Батыр ана Қ.Ахметқызы игі дәстүрмен жас келін, түрік этносының өкілі Нигара Изатованың иығына ақ орамал жапты. Сондай-ақ, жүздесу барысында іскер әйелдер қауымдастығының аудандық филиалына төрайым болып ІІІ Интернационал ауылындағы балабақша меңгерушісі Ақерке Рахметова сайланды. Тағылымы мол шараның соңы ақ орамалды аналардың әсем әнімен тәмамдалды. Алдағы уақытта бұл шара тағы да жалғасын таппақ.

«Әйел қырық шырақты» деп бекер айтылмаса керек. Себебі бала-шаға мен үйдің тірлігі де – әйелдің мойнында. Оған қоса қызметі бар. Кәсіпкердің де дені – әйелдер. Оның барлығына үлгеру ер адамның қолынан келе бермейтіні жасырын емес. Бірақ сол әйелдің артында – аяулы ана, адал жар, ибалы келін тұрғанын ұмытпағанымыз жөн. Айтпақшы, жиынның бір ерекшелігі – қатысушылардың Дресс коды. Ол – ақ орамал мен бүрмелі көйлек, оюлы қамзол. Шараның басты мақсаты да сол. Ақ орамалдың қасиетін саралап, құдіретінен аттамай, ақ жаулықтың әйел көркі екенін ұғындыру.

Айнұр ӘЛИ
24 қазан 2020 ж. 672 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 375

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 455

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930