» » Жаңа сынып жасақталды

Жаңа сынып жасақталды

Мектеп қай уақытта да маңызын жоймаған қасиетті орын. Ғалымды да, дарынды да тәрбиелейтін білім ордасы кімге де болса ыстық. Себебі, сол шақтағы бал уақытты ешқашан қайтара алмайсың. Ал ондағы алған білім бар өміріңе азық. Сондықтан да білім нәрімен сусындатар құтты мекен қандай құрметке де лайық. Дүниенің қай төрінде жүрсе де көкірек көзін ашқан мектебі мен қолға қалам ұстатқан жан көбінің есінде. Ұмытылмас жылы естелік сыйлайтын мекенге жыл сайын түлектердің сағына келетінін, сый-құрмет жасайтынын ескерсек, оған деген ықыласымыз арта түседі. Әрбір мектеп демеушілерді тарту арқылы мектепті безендіруді, көркейтуді қолға алған. «Туған жерге тағзым» жобасының аясында да көптеген игі іс атқарылуда. Осындай бастаманы жолға қойған білім ордасының бірі – ауданға қарасты Тұрмағамбет ауылындағы №29 орта мектеп.
Сан жылғы тарихы бар құтты мекен талай білімді де білікті тұлғалардың түлеп ұшуына сеп болуда. Үздік нәтижелері арқылы оза жүретін мектепке осы ауылдың тумасы, аталған мектептің түлегі, білікті ұстаз Зарипа Тасымова басшылық етеді. 2015 жылы мектеп директоры өз қаражатымен мұражайды қайта жабдықтап, архивтік құжаттарды жаңалаған. Ал 1981 жылғы түлектер мектепке рәміздер топтамасын алып берген. Биылғы жылдың жаңалығы – барлық мүмкіндігі, заманға сай жабдықталған тарих кабинеті.
Аталған кабинетке ұзақ жылдар осы мектепте ұстаздық еткен, тарихшылардың көшін бастаған Мәлік Абауовтың есімі берілген. Одан кейін бұл көшті Саруар Баймырзаев, Шарбан Бегімқұлова, Кенжегүл Қадіровалар жалғастырды. Бұл игілікті істің басықасында жүріп, ұйымдастырған бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Сағатбек Абауов. Оқушылары облыстық, республикалық байқауларда топ жарып жүрген аға мұғалім әкеге деген құрметтің үлгісін көрсетті.
– Мектепті демеушілердің көмегі арқылы көркейту бұрыннан жолға қойылған. Даңқты тұлғалар еңбек етіп, озық педагогтардан тәлім алған шәкірттер бұл құтты мекенді ұмытпайды. Мектепке деген құрметтері ерекше. Жаңа оқу жылына шашу болған тарих кабинеті үшін барлығымыз қуаныштымыз. Сағатбек биыл әкесіне арнап көпшіліктің батасын алып, ас өткізуді жоспарлаған еді. Алайда ғаламды жайлаған дерттің себебінен көп адамның жиналуына тыйым салынды. Осындай қиын тұста ағайдың атын шығарып, «мәңгілік мұра ретінде мектепте тарих кабинетін ашып қалдырсаңыз керемет емес пе» деген ұсыныс білдірдім. Ол ағайдың бүгінгі ұрпақтарымен ақылдаса келе, өтінішті жерге қалдырмай мектептің бір кабинеті етіп ашып беруге келісім берді. Ұсынысымды аяқ асты етпей қабылдаған ұлағатты ұстаздың ұрпақтарына алғысым шексіз, – дейді мектеп директоры Зарипа Жаппарқызы.
Осылайша жаз айында кабинетті жабдықтау жұмысы басталған. Бір кабинетті толық күрделі жөндеуден өткізіп, қажетті дүниемен қамтамасыз еткен. Нақтырақ тоқталсақ, 9 парта, 18 орындық, 2 шкаф, 2 стеллаж, мұғалім үстелі мен орындығы, жылжымалы тақта, интерактивті тақта, терезе жалюзилері, сынып бұрышы тақтайшаларын алған. Одан бөлек, тарихи 3 стенд жасап қабырғаларға ілді. Люстраға дейін жаңадан алынған. Бүгінде толық қамтылған, бар мүмкіндігі жасалған тарих кабинеті қолдануға дайын тұр. Сағатбек Абауов бастаған тарихшы ағайдың ұрпақтары ұстазға, әкеге деген құрметті осылайша көрсетті. 60 жыл ұстаздық еткен тұлғаның өмір жолына тоқтала кетсек.
Мәлік Абауов – 1917 жылы Өзбекстан Республикасының Мойынқұм ауданында дүниеге келген. 1934 жылы Самарқанд облысы, Пахтакордағы №3 мектепті аяқтап, еңбек жолын осы мектепте жұмысшы болып бастаған. Ал 1936 жылдан бастауыш сыныпқа мұғалім болады. 1940 жылы Қазақ халық комиссариаты ағарту ісі мамандарының білімін жетілдіру және даярлау институтының курсын бітіріп, Қызылордадағы «1 Май» мектебінде тарих, география пәнінің мұғалімі қызметін атқарған. Кейіннен 1940-1949 жылдар аралығында Қызылорда қаласында, Тереңөзек ауданында С.Сейфуллин, А.Тоқмағанбетов, Қармақшы ауданының ІІІ Интернационал, Ақтөбе, Ақжар кеңшарларында ұстаздық еткен.
Ал 1949 жылдың қыркүйегінен бастап Ворошилов атындағы мектепке мұғалім болып, 1979 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққан. Бірақ сүйікті жұмысын 1996 жылға дейін жалғастырған. Ұзақ жылдық еңбек жолында облыстық, аудандық білім бөлімінің және кәсіподақ комитетінің бірнеше рет мақтау қағазы мен құрмет грамоталарына ие болған. Оған қоса, 1941- 1945 жылдардағы «Ұлы Отан соғысы жеңісінің 30, 40, 50 жылдық» медальдарын кеудесіне тақса, 1979 жылы КСРО президиумы облыстық атқару комитетінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.
Білігі мен білімі сай, тарихшы Мәлік Абауовты ұлықтаған ұл-қыздары осы істері арқылы әке еңбегіне тағы да бір бас иді. Бұл отбасының ерекшелігі – ұстаздар ұлағатына айрықша мән беруінде. М.Абауовтың ағасы Кулиман Абауов та мұғалім болып, директорлық қызмет атқарған. Кейіннен «Халық жауы» атанып, ұсталған. Аға жолын ұстанған інінің бүгінгі ұрпағы үлкен ұстаздар династиясын құруда. Себебі Мәлік ағайдың ұл-қыздары, келіндері болашақты білім нәрімен сусындату жолын таңдаған. Саналы перзент, білімді шәкірт тәрбиелеген ұстаздың ендігі ғұмыры мектеп қабырғасында жалғаспақ. Жаңаша әрленген, соңғы үлгіде жабдықталған кабинет оқушыларды сағына күтуде. Әлемді әбігерге салған індеттің ауылы алыстаса, тарих сыныбының да есігі ашылып, оқушылардың сапалы білім алуына септігі тиері анық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

08 қыркүйек 2020 ж. 1 125 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031