КЕЛЕШЕК КӨШІН БАСТАУШЫ
Ұстаз – ұлт дамуының кепілі. Себебі бұл өмірде мұғалім алдын көрмеген жан кемде-кем. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегендей, бала бағбанының әрі дана, әрі дара болғаны абзал. Ұстаздар отбасынан тәлім алып, өзі де осы саланы өміріне серік еткен Ғалымжан Кәрібаев – өз ісінің үздігі. Олай деуімізге себеп те жоқ емес. Жақында ғана ол Қазақстан педагогтерінің 100 жаңа есімінің біріне айналды.
Ғалымжан Бауыржанұлы 27 жаста. Осы өңірдің тумасы. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ үлгерімі жақсы оқушылар қатарынан көрініп, түрлі додада бақ сынаған. Көпшілік қиын деп есептейтін «химия» пәніне таңдауы түскен. Осы бағытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінде мұғалімдік білім алып, 2014 жылдан бері кенттегі No121 мектепте химия пәнінің мұғалімі болып қызмет етуде. Кейіннен 2017-2019 жылдары «Қазтұтынуодағы» Қарағанды экономикалық университетінде «Құқықтану: экономика саласын құқықтық реттеу» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алған. Ұстаздық етуді жаны сүйетін ол алғашқы шәкірттерінің өзін қалай қабылдағанын, білімге деген құштарлығын әлі де ұмытпапты.
– Алғаш мұғалім болып мектепке енгенде кеудем қуанышқа толы еді. Өз сыныбымның оқушыларынан ескен жылу мен ерекше құрмет одан әрі шабыттандырды. Ал шәкірттердің менің сүйікті салама айналған химия пәніне деген қызығушылығын байқаған сәттен бастап жұмысқа құлшынысым арта берді. Ұстаздық жолды өз еркіммен таңдадым және оған еш өкінген емеспін. Ал қызметтік жолымды туған өлкемде бастау – өскен жеріме деген перзенттік парызымның бір бөлшегін болса да орындау үшін еді, – дейді жас маман.
Қызметке кіріскеніне аса көп уақыт болмаса да жеткен жетістігі жетерлік. Ізденіс пен жаңашылдықты жақсы көретін ол көптеген курсты тәмамдаған. Сондай-ақ Елбасы Н.Назарбаевтың «Тілдердің үш тұғырлылығы» жобасы аясында химия пәнін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін үйретеді. Себебі жаңа терминдерді үш тілде игерту – жаңа форматтағы мұғалімге қойылатын басты талаптың бірі. Оқушының сабақты қиындықсыз ұғынуы үшін түрлі әдіс-тәсілді пайдаланады. Дарынды оқушыны аңғарып, оны жетелеу де ұстаз назарынан тыс қалмаған.
– Бүгінгі уақыт талабы мәдени деңгейі мен шығармашылық қабілеті жоғары шәкірт тәрбиелеу. Сондықтан шәкірттің ішкі сырын жасырын ұстайтынын ескере отырып, олардың іскерлік дағдыларын және білімге деген құмарлығын жетілдіруіміз қажет. Себебі, адамгершілігі мол, иманды, тәрбиелі, білімді оқушы – кез келген мемлекеттің байлығы, – дейді Ғалымжан Бауыржанұлы.
Иә, мемлекеттің келешегі бүгінгі балаға байланысты. Болашақ үшін қам қылып, олардың кемелденуі үшін тер төгетін де ұстаздар қауымы. Жас ұстаз сабақ уақытында білім берумен қатар, сыныпта жағымды эмоцияны ұстап тұру маңызды деп есептейді. Себебі оқушылар өзін жайлы сезінген сайын білімді меңгеруге құлшынады.
Ата-анадан үлгі алған перзенттің қызмет жолының алғашқы баспалдақтары жетістікке толы. Оларды айтып тауыса алмаспыз. Десе де біршамасына тоқталып өтсек. Білікті ұстаз «Зерттеуші мұғалім – 2015» байқауында ІІІ орын, «Үздік жас маман – 2016» сайысында ІІ орын алса, 2017 жылы «Шығармашыл мұғалім» номинациясын иеленген. Сондай-ақ «Көптілді меңгерген ұстаз – 2018» байқауында ІІ орын иемденсе, «Жаңа форматтағы үздік химия пәнінің мұғалімі – 2018» додасында ІІІ орынды қанжығасына байлаған. Ал 2019 жылы «Үздік авторлық бағдарлама – 2019» сайысында ІІ орын алған. Мұнан өзге де аудандық, облыстық деңгейдегі құрмет грамоталары мен алғыс хаттары көп. Қарап отырсақ, әр жылы түрлі сайыста бақ сынап, басым бөлігінде жеңіс төрінен көрінген. Бұл ұстаздың еңбекқорлығы мен ізденімпаздығын, өз мамандығын жақсы көретінін аңғартады.
Биылғы жыл да Ғалымжан үшін жетістік жылы. Себебі жақында «Дарынды оқушылардың қабілетін айқындау, дамыту» жобасы аясында өткен «Қазақстан педагогтерінің 100 жаңа есімі» атты республикалық байқауында І дәрежелі дипломмен марапатталып жеңімпаз атанды. Мақаласы республикалық жинақта жарық көрсе, білім саласына қосқан айрықша үлесі үшін кеудесіне төсбелгі тағылды. Одан бөлек, мектептен 19 бала ҰБТ тапсырса, оның 17-сі мемлекеттік грант иегері атаныпты. Оның ішінде жас ұстаз дайындаған 4 шәкірт химия пәнінен грант жеңіп алған. Бұл да ұстаздың табандылығы мен білімінің бір нәтижесі. Төгілген тер мен еткен еңбектің жемісі.
Жас маман бүгінде директордың ғылыми- әдістеме жөніндегі орынбасары. Жаңалықты жатсынбай қабылдап, уақыт қарқынымен қажетті дүниені тез меңгеріп жүрген ұстаздың алға қойған мақсаты көп.
– Білім беру саласы қай кезде де маңызды орынға ие болған. Білімдінің күні – қашанда жарық, болашағы – айқын. Шәкірттеріме оқудан жалықпауды, білімге құштар болуды насихаттаймын. Себебі қазір білім мен ғылымның заманы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» атты кезекті Жолдауында ғылымды дамытуға басымдық берілген. Ол өз сөзінде «Ғылым саласын дамыту туралы да айтқым келеді. Бұл мәселеде бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ, халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет. Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ, «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын» деп нақты жұмыс жоспарын бекітті. Бұл ғылым жолын таңдаушыларға жақсы мүмкіндік әрі елдің болашағы үшін жасалған сәтті шешімнің бірі дер едім. Ал мен алдағы уақытта ұстаздық қызметімді жалғастырып, ел болашағына қажетті білікті де білімді, жан-жақты ұрпақ даярлауға аянбай тер төгемін, – дейді Ғ.Кәрібаев.
Білім саласында мамандығы бойынша өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығына жағдай жасай алатын, тұлғалық, ізгілік қабілеті жоғары, оқудың жаңа техноло- гияларын толық меңгерген, отандық, шетелдік тәжірибені шығармашылықпен қолдана білетін маманды кәсіби маман деп атайды. Ал кейіпкеріміз Ғалымжанның бойында бұл қасиеттің барлығы тоғысқан. Білігі мен білімі сәйкес ұстаздың алар асуы әлі алда. Келешек көшін бастаушы осындай жас мамандардың қатары көп болса екен.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА