» » БИЫЛҒЫ ОҚУ ЖЫЛЫ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК

БИЫЛҒЫ ОҚУ ЖЫЛЫ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК

Бұл уақытта үйге келген жанға мектеп жасындағы бала жаңа оқу жылына алған киімін, оқу құралдарын көрсетіп мәресәре болып жататын. Мектеп бітіруші түлектер мен алғаш білім ордасының табалдырығын аттағалы тұрған оқушыларға 1 қыркүйек тым ерекше болатын. Биылғы оқу жылы ол жылдардан өзгеше болмақ...

Әлемге қауіп төндірген індет біраз салаға өзгеріс енгізді. Соның ішінде білім саласы биылғы көктемнің басынан жаңа форматта жұмыс істеуді бастап кетті. Иә, коронавирустың кесірінен 2019-2020 оқу жылының соңғы тоқсаны онлайн форматта аяқталуға мәжбүр болды. Бұл орайда, жаңа форматта қызмет көрсету біраз мұғалімге қиындық тудырса, шалғай жатқан ауылдың оқушыларын сапасыз интернет әбігерге салды. Алайда, «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» мұғалімдер бұл қиындықты да еңсерді. Оқу жылы ойдағыдай аяқталып, оқушылар өз демалысына шықты. Ұстаздар қауымы жаз бойы жаңа оқу жылына дайындалды. Осылайша оқу жылы басталар күн де жақын қалды. Жалпы, биылғы оқу жылы қандай болмақ?
Қашықтан оқыту әзірге өз күшін жоймайын деп тұр. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты білім беру жүйесі онлайн форматта қала беретін болды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингтің бірінде «Қазіргі деректерге сәйкес оқушылардың 80 проценті, 2,6 миллион оқушы қашықтан оқитын болады» деді. Одан бөлек, 15 процент оқушы кезекші сыныптарға барамыз деп шешкін. Яғни, 530 мың баланың ата-анасы мектепке апаруға өтініш берген. Десе де, мектепке тек 1-4 сынып оқушылары ғана барады.
Бастауыш сыныптарға арналған кезекші сыныпта оқушы саны 10-15 баладан аспайды және созылмалы ауруы жоқ балалар ғана білім алады. Мектепке баратын балалар қолғап кимесе де бетперді тағуға міндеттеледі. Қорғаныш құралдарын әр атаана өз қаражатына алады, себебі мемлекет қазынасында тегін маскамен қамтасыз етуге қаржы қарастырылмаған. Мұны Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов хабарлап, ондай ұсынысты ведомство басшылығына жеткізетінін мәлімдеді. Одан бөлек, мектепке кіреберісте ұстаздардың, оқушылардың дене қызуы өлшенетін болады. Мектеп дәліздері мен сыныптарды ылғалды тазарту жұмыстары әр екінші сабақтан кейін жүргізіледі. Білім ошағында аяқ киімді дизенфекциялайтын арнайы кілемше төселіп, санитайзерлер орналастырылмақ. Мектепте асхана мен буфет уақытша жұмыс істемейді. Ал атааналарға мектеп қабырғасына кіруге рұқсат жоқ, тек баласын апарып-алып кете алады.
Сондай-ақ жыл сайын қозғалатын мектеп формасының мәселесі де шешілді. Білім және ғылым министрінің бұйрығына киім үлгісіне қатысты уақытша өзгеріс енгізілді. Карантиндік шектеулерге байланысты ата-ана баласын мектепке кез келген классикалық үлгідегі киіммен әкеле алады. Бірінші тоқсаннан кейін дәстүрлі білім беру форматына көшкен күннің өзінде ата-аналарды ешкім мектеп формасын сатып алуға міндеттемейтінін жеткізді министр.
Карантин талаптарына сәйкес уақытша өзгертілген мәселенің бірі – бағалау жүйесі. Биылғы оқу жылында әр тоқсан сайын бөлім үшін 1 жиынтық жұмыс пен тоқсан үшін 1 жиынтық жұмыс жүргізілмек. Ал тоқсанның қорытынды бағасы күнделікті бағалау, БЖБ мен ТЖБ көрсеткіштері негізінде қойылмақ. Сонымен бірге, қашықтан оқыту кезінде оқушыларға үй тапсырмасы берілмейді. Мұны білім министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Майра Мелдебекова былайша түсіндірді: «Мұғалім оқу тапсырмаларын жариялайды. Яғни, биыл әдеттегідей үй тапсырмасы болмайды. Kundelik.kz платформасында бір оқу тапсырмасы орналастырылады» деді. Телесабақтар дүйсенбі мен жұма күндері аралығында «Балапан» және «Ел-Арна» телеарналарында көрсетіледі. Министрлік пандемияға байланысты оқушылардың демалысы өзгермейтінін мәлімдеді.
Жаңа оқу жылына деген дайындық ауданда да жүйелі түрде жүргізілді. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің басшысы «Жаңа оқу жылын ұйымдастыру және оқу жылына дайындық» тақырыбында өткен онлайн брифингте мәлімдеді.
– Биылғы жылы ауданға қарасты 29 мектепте 15400 оқушы білім алмақ. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты мектептерде кезекші сыныптар ұйымдастырылып, онлайн форматтағы оқу жүйесіне дайындық жүргізілді. Бірақ, интернет желісі жоқ шалғай ауылда орналасқан 4 мектеп пен оқушы саны аз 3 мектептің оқушылары дәстүрлі түрде білім алатын болады. Аудан бойынша 1983 ұстаз бар. Олардың барлығы техника және интернет желісімен қамтамасыз етілген, – деді бөлім басшысы Дастан Нәзікбаев брифинг барысында.
Сондай-ақ ауданда білім беру жүйесі Bilimland платформасы арқылы жүргізілетінін, барлық мектеп платформамен келісімшартқа отырғанын мәлімдеді. Биыл 1600 оқушыны 1 сыныпқа қабылдау жоспарланып, толықтай орындалған. Одан бөлек, бас ұстаз 98 отбасының интернет желісі, арнайы техникамен қамтамасыз етілгенін айтты. Д.Нәзікбаевтың мәліметінше 21 млн 938 мың теңгеге мектептерді тазалау және дезинфекциялауға қажетті құрал-жабдықтар алынған.
Иә, бұрынғыдан өзгерек болайын деп тұрған биылғы оқу жылының ауылы жақын. Санаулы күннен соң оқушылар білім алуды жаңаша бастайды. Бала ұрпақтың дана ұрпақ болып өсуі үшін мемлекет бар мүмкіндікті жасағандай. Ендігі кезекте ұстаздың еңбегі мен шәкірттің білімқұмарлығы арқасында ғылым-білімнің сапасы төмендемейтініне сенім мол. Талап пен тәртіпті сақтасақ, дәстүрлі оқу жүйесіне де көшерміз.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ


29 тамыз 2020 ж. 818 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 055

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031