» » БІЛІМ САЛАСЫНДА БЕТБҰРЫС БАР

БІЛІМ САЛАСЫНДА БЕТБҰРЫС БАР

Бейсенбіде аудан әкімдігінде «Білім және ғылым: Жаңа оқу жылының ерекшеліктері» атты білім саласының қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл кеңес бұрынғыдан өзгерек еді. Себебі, адам саны шектеулі, бетпердемен тұмшаланған ұлағатты ұстаздар осылайша қауышты. Өткен жылға өкпе жоқ, жаңа оқу жылына дайындық қалай?

Алғашқы сөзді аудан әкімі Мұса Қалдарбеков алып, педагогтарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Сонымен қатар 2019-2020 оқу жылындағы білім саласында атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталып өтті.
– Биыл жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша жетіспейтін 74 492 оқулыққа 122 млн теңге қаржы бөлініп, оқулықпен 100 процентке қамтылды. Әрі №107, №80, №275 мектеп ғимаратына күрделі жөндеуге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Жалпы білім беру ұйымдарына жылдық қаржылық жоспар бойынша 10 млрд 649,9 млн теңге қаржы қаралған. Баршаға аян, жыл сайын білім саласына бөлінетін қаржы еселеп өсуде. Бұл мемлекет тарапынан берілетін қолдау. Сондықтан біз атқарған жұмыстар нәтижелі, қайтарымы мол болуы тиіс, – деді аудан басшысы.
Биылғы оқу жылындағы ерекшелік бұрынғыдай емес. Карантин режиміне байланысты барлық сақтық шарасы мен санитарлық талапты қатаң сақтау қажет. Ең маңыздысы – балалар денсаулығы. «Бұл ретте ұстаздардың білім беру жүйесі одан әрі күрделеніп отыр» дейді келесі сөз кезегін алған аудандық білім бөлімінің басшысы Дастан Нәзікбаев.
– 29 мектепте 15 433 оқушы білім алмақ. Ал 1 сыныпқа 1 609 оқушы қабылданды. 7 мектеп санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, штаттық режимде оқытылса, қалған 22 мектеп қашықтан жұмыс істейді. 1319 оқушы мектеп базасындағы компьютер, ноутбуктермен қамтамасыз етілсе, отбасында интернеті жоқ 330 оқушыға мектептен 200 планшет, аудандық білім бөлімі бюджетінен 2 млн теңгеге 33 планшет, 330 сим карта берілді. Қамқорлық жасау баршаның ісі емес пе? Әсілінде балаларға мейірім төксең, шаттық сыйлары рас. Осы орайда жыл сайын «Мектепке жол» акциясы өтеді. Бұрын әлеуметтік осал отбасының балаларына мектеп формасы, құрал жабдығы берілсе, биыл бұл онлайн оқуға қажетті құралмен ауысты. Мәселен, демеушілердің көмегімен аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасыларға 78 планшет, 10 смартфон, арнайы тарифке қосылған 292 сим карта, 15 Wi-fi роутерлер алынды. Ал аудандық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен 26 балаға роутер, 74 балаға оқу құралдары берілсе, ұйымнан 32 мұғалімге ноутбук таратылды. Күнделікті оқушылар «Балапан», «Еларна» телеарнасы арқылы онлайн сабаққа қатысады, – деді ол.
Баланың тәлім алудағы алғашқы қадамы балабақшадан басталады. Ауданда 24 мемлекеттік балабақшада 2373 бала, 13 жекеменшік балабақшада 800 бала, 2 толық күнімен жұмыс істейтін шағын орталықта 56 бала тәрбиеленуде. Бүгінде барлығы да «Электронды балабақша» жүйесіне қосылған.
Мектеп формасы еркін, классикалық. Биылғы оқу жылында шағын жинақты мектептерді қоспағанда, барлық бала қашықтан оқу форматында білім алады. Ал, 1-4 сынып оқушылары үшін «кезекші топ» құру арқылы дәстүрлі түрде мектепте оқиды. Бұл алдымен ата-аналарының өтініші негізінде жүзеге асады. Әрине мұндай сыныптардағы сабақ қатаң санитарлық шараларды сақтайды. Әрі бір топта 15 оқушыдан артық бала оқытылмайды. Әр пәннің белгіленген уақыты, арасындағы үзілісі бар. Бұл жұмыстар өңірдегі эпидахуалдың көрсеткішіне қарай ұйымдастырылады.
Кеңесте №79 негізгі мектеп директоры Сәуле Мұратбекқызы, №80 мектеп-лицейдің география пәнінің мұғалімі Серік Ұзақбайұлы, ата-ана Нұрбай Әбілахатұлы, №6 «Айсұлу» бөбекжай-балабақша меңгерушісі Роза Сағилатқызы сөз сөйлеп, ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтады. Содан соң шараны қорытындылай келе аудан әкімі М.Оспанұлы ұсынысын айтты. Әрі аудандық білім бөлімінің, білім ұйымдарының басшыларына, кент, ауылдық округ әкімдеріне тапсырма берді.
– Білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына толық дайындығы, мектеп қабырғасындағы көмекке мұқтаж балалардың нақтыланған тізімі бойынша көмек көрсетілуі қамтамасыз етілсін. Ұлттық бірыңғай тестілеудің көрсеткіш 76,0 баллдан 2021 жылы жоғары көрсеткіштерге көтерілуі керек. Онлайн форматта жүргізілетін сабақтардың білім сапасы қатаң бақылансын. Қылмыстылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарының әжетханаларының ғимараттың ішінде орналасуы қамтамасыз етілсін, – деді ол.
Сондай-ақ, аудан әкімі жетіспейтін математика, химия, орыс тілі пәні мұғалімдерін тарту бағытында шаралар қабылданып, мектеп түлектерін осы мамандыққа бейімдеу керегін, биылғы оқу жылында қатаң санитарлық талапты сақтап, ереженің осал болмауын тапсырды.
Жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға бай тұлға ретінде қалыптастыруда ұстаздарға артылатын салмақ аз емес. Шара соңында мұғалімдерге жаңа оқу жылына шығармашылық табыстар тілеп, салада жүрген озат мұғалімдер марапатталды. Бірқатар ұстаздарға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» мадақтамасы беріліп, облыс әкімі мен аудан әкімінің алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгіні аудандық агро-техникалық колледждің директоры Ислам Айекенов, №277 мектеп-лицейдің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлмира Қазтуғанова кеудеге тақты. Ал «Білім беру ісінің озық қызметкері» төсбелгісі Қармақшы ауылынан Сәкен Жақыповқа бұйырды. Дәстүрлі өткен тамыз кеңесінде алдағы оқу жылына деген жаңа міндеттер жүктеліп, мақсат айқындалды. Ендігі, тек білім сапасын арттыруда қажырлы еңбек пен нәтижелі жұмысты ұштастыру қалып тұр.

Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ


29 тамыз 2020 ж. 630 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 062

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031