» » Білім саласындағы оңтайлы бетбұрыс

Білім саласындағы оңтайлы бетбұрыс

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Жыл сайын тамыз айының соңғы аптасында педагог қауым бас қосып, өткен оқу жылын қорытындылап, жаңа оқу жылындағы жаңалықтар мен дайындықтары пысықталады. Осы орайда жақында аудандық мәдениет үйінде «Білім және ғылым: келешекке кемел біліммен» тақырыбындағы дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.
Алғашқы сөзді аудан әкімінің міндетін атқарушы Әділ Қошалақов алып, педагогтарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Сонымен қатар биылғы білім саласындағы атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталып өтті.
– Осы жылы аудандағы екі мектепке, атап айтар болсақ О.Шораяқұлы атындағы №30 орта мектеп пен С.Есқараев атындағы №27 орта мектепке жүргізілген күрделі жөндеу жұмысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар Көмекбаев ауылындағы №185 орта мектептегі жылу қазандығы сұйытылған газға ауыстырылды. Мұнан өзге жуырда өткен облыстық тамыз кеңесінен ауданға қарасты Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп-лицейі «Үздік білім ордасы» номинациясы мен 17 млн теңгенің сертификатын жеңіп алып, аудан мерейін көтерді, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Мұнан соң аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Омаров «Басты нысана – білім сапасын арттыру» тақырыбында баяндама жасады.
– Қазақстанның әлемдік білім кең­істігіне ене бастауы білім беру ұйымдарының алдына жаңа маңызды міндет қойып, тың серпін беріп келеді. Елбасы «Қазіргі қазақстандықтар үшін үш тілді меңгеру – бұл өз игілігінің кепілі» деп атап өткен болатын. Осыған орай жоғары сыныпта ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшуді ұйымдастыруға 4 инновациялық білім беру ұйымы (№80 мектеп-гимназия, №105, №250 және №277 мектеп-лицейлері) аудандық білім бөлімімен бірлесе жұмыс істейді. Бұған қоса, биылғы оқу жылында 10 мектепке «Робототехника» кабинеті алынып, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта инновациялық мектеп-лицейлердің ағылшын тілінің деңгейлік курстан өткен жаратылыстану-математикалық бағыттағы пән мұғалімдері химия, биология, физика және информатика пәндерін ағылшын тілінде жүргізетін болады, – дейді Ж.Омаров.
Қазіргі таңда білім беру саласында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында цифрландыру жүйесі жүзеге асырылуда. Барлық мектеп ғаламтор желісіне қосылған. Сонымен қатар «Электронды күнделік» жүйесі тұрақты жүргізілуде.
Бүгінде елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуде. Оқушыларға белгілі бір көлемде білім, білік дағ­дысын меңгертумен бірге оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы.
– 2019 жылы 484 мектеп бі­тірушіден 404-і ҰБТ-ға қатысып, орташа 76,3 балл көрсеткіш берді.
Бүгінгі күні жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ сынағын тапсырған бітірушіден 270 бітіруші ЖОО-ның мемлекеттік грант иегері, 116-ы ЖОО-на ақылы негізде қабылданса, арнаулы оқу орындарына гранттық негізде 67 бітіруші, ақылы негізде 25 бітіруші қабылданды.
Бітіруші түлектердің ЖОО-на мем­лекеттік грант негізінде 270 бітіруші түсті. Бұл жалпы мектеп бітірушілердің 67,3 процентін құрайды, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы.
Жас ұрпақты ұлттық құндылықтар­ға бай тұлға ретінде қалыптастыруда ұс­таздарға артылатын салмақ аз емес. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен тамыз конференциясында мұғалім мәртебесі мен алдағы жаңа міндеттер сөз болды. Санаулы күннен соң басталатын жаңа оқу жылының алдында тың серпінді қажет ететін білім саласында қандай өзгерістер бар? Бүгінгі заман талабына сай білім берудің мазмұны мен алдағы оқу жылында атқарылатын істер жеткілікті. Барлық мектептің 1 сынып оқушылары А.Байтұрсыновтың «Әліппесін» оқитын болады. Сонымен қатар алдағы 4 жыл ішінде мұғалімдер жалақысын 2 есеге дейін ұлғайту, балалардың мамандық таңдау бағытына көмек беруді 7-сыныптан бастау, биылдан бастап педагогтарды электронды түрде қызметке қабылдау, жаңартылған мазмұнға сәйкес 10-сынып оқушылары «Графика және жобалау», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» сынды жаңа пәнді оқитын болады.
Жиында Қызылорда облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік бөлімінің басшысы Бекжан Есенбаев сөз алып, осы оқу жылындағы жаңалықтарға тоқталды. Оның айтуынша, алдағы уақытта педагог мәртебесіне қатысты тиісті заң қабылданады. Осыған сәйкес мұғалімдердің жалақысы өседі. Сондай-ақ енді мұғалімдерге сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін екі есе мөлшерде қосымша ақша төленеді. Ал еңбек демалысы 56 күнге дейін созылады. Мәртебесі, жалақысы өскен мұғалімнің жауапкершілігі де артады.
Шара соңында мұғалімдерге жаңа оқу жылына шығармашылық табыстар тілеп, салада жүрген озат мұғалімдер марапатталды. Атап айтар болсақ, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгіні Мария Төрешова алса, бірқатар ұстаздарға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» «Ал­ғыс» мадақтамасы беріліп, облыс әкімі мен аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.
«Білім және ғылым» деген ұранмен өткен тамыз кеңесінде алдағы оқу жылына деген жаңа мақсат пен міндеттер жүктелді. Биыл білім саласында айтарлықтай өзгерістер көп. Мұғалімдердің мәртебесін айтпағанда алдағы жылдары мұғалімдердің жалақысы 50 пайызға дейін өскелі жатыр. Мемлекет басшысы осындай тапсырма берді. Ендеше, білім сапасын арттыруда тек қана қажырлы еңбек пен нәтижелі жұмыс талап етіледі.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
02 қыркүйек 2019 ж. 890 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 067

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031