» » Дәрісі – дәру, сөзі – шипа

Дәрісі – дәру, сөзі – шипа



«...Науқастарға зиян келтіру мен қиянаттан бойымды аулақ ұстай отырып, бар шама-шарқыммен оларға пайдасы тиетіндей етіп жасаймын. Ешкімге кісіні өлімге ұшырататын дәрі бермеймін әрі оны жасау тәсілін көрсетпеймін. Өмірде де, ілімде де таза әрі адал боламын.» Бұл ант сөздер медицина саласында қызмет ететін барша ақ халаттыларға таныс. Сіз де таныс болыңыз, құрметті оқырман! Жер бетінде қанша тіл болса, соның барлық түріне аударылған бұл Гиппократтың медицина қызметкерлерінің қызметке алғаш кірген уақытта беретін моральдық-этикалық антынан үзінді.

Қазақ халқымыз жалпы сөздің төркінін, оның құдіретін және де серттің – сөз кепілдігі, уәденің адалдығы екенін жақсы білген. Ертеректе байлар мен хандардың заманында «Уа, айтылған ант, серттескен уәде, алысқан қол қайда?!» деген кезде ешбір пенде берген антынан айнып қалу дегенді білмеген екен. Мінекей, енді өз заманымызға оралсақ. Қызметін бастарда ант берген ақ халаттылар бүгінгі күні расымен де ешкіммен еш шарт жасаспай-ақ, күнді күн демей, түнді түн демей, үй-жайды ұмытып, өзінің емес, өзгенің жақындарына жанашыр болып, берген антына сай қызмет жасап жатқаны белгілі. Бұл кісілерге алғыстың сан түрін жаудырсақ та артық болмас. Дәл осы індеттің уақытында ән шырқап, би билеп жүрген жұлдыздар жұлдыз емес, дәрігерлер нағыз жұлдыз десек болады. Қолымызға қалам мен қойын дәптерімізді алып Байқоңыр қаласы көпбейінді ауруханасына қарай жөнелдік. Мақсатымыз – індетпен күресіп жатқан дәрігерлермен танысу, оларды аудан жұртшылығына көрсету, науқастар туралы деректер алу және еңбектерін насихаттау. «Мақсаты айқынның – күткені дайын» демекші екінші қабатқа көтеріліп, көп бейінді аурухананың бас дәрігерінің кабинетіне келдік. Өзімізді таныстырып, негізгі мақсат-міндетімізді жеткізіп, сұрақтарымызға жауап алуға көштік.


Жандос ӘДІЛХАН, Байқоңыр қаласы көпбейінді ауруханасының бас дәрігері:

«Ең алдымен әріптестерімнің кәсіби шеберлігін бірінші орынға қойдым. Осы уақытқа дейін сан алуан науқастармен де, аурудың түрлерімен беттессек те мұндай жұқпалы індетпен жаппай күресеміз деген ой болмады. Қазір ауру бәсеңдеген соң, артқа қарап мамыр, маусым, шілде айларындағы күндерді еске аламыз. Күніне 50-60 науқас түскенде дәрігерлер үлгермей жатқан кездері де болды. Бірақ, бұл індет өршімей тұрғанда да бізде өкпе желдеткіш аппараты жеткілікті болған. Кейіннен тағы қосымша алдырттық. Жалпы 34 концентратор, 10 ӨЖЖ аппаратымыз бар» деді басшы өз сөзінде. «Басшы бастай білсе, он кісі жүзді жеңеді» демекші аурухананың бас дәрігері Жандос Әділхан жұмысты дұрыс бастап, ұйымдастырып, әрі қарай әріптестері бірнеше жүз науқастың ауруына шипа берген.


Гүлденген ШАПОВАЛ, емхана қызметі бойынша бас дәрігердің орынбасары:
«Эпидемиялық жағдайға байланысты симптомсыз науқастарды үй жағдайында емдеу, оларды бақылау, амбулаториялық қызмет көрсету бойынша жұмыстар атқарылды. Қала орталығынан– 3, Төретам кентінен – 2, Ақай ауылдық округінен – 1 мобильді топ құрылды. Мұның мақсаты– симптомсыз, дене қызуы бар науқастарды үй жағдайында емдеу және бақылауда ұстау болып табылады. Жалпы 6 бригада күнделікті тыным таппады. Бір бригадада 1 дәрігер, 1 медбике, 1 көлік жүргізушісі қызмет етті. Маусым, шілдеде қоңыраулар өте көп түсті. Әр бригада күніне 30-ға жуық шақырту алып, шілде айының өзінде 745 науқасқа дейін қызмет көрсетті. Тамыздың алғашқы аптасы. Қазір бұрынғыдай шақырту жоқ, біраз азайды. Әрі кетс 10-12 үйден қоңырау түседі. Аймақта қызмет еткен барлық ақ халаттылар адалынан еңбек сіңірді. Шынымен де мобильді топ жеделдігін танытты. Байқоңыр, Ақай, Төретам бойынша жалпы 25 аймақ бар. Төретамда – 3 дәрігер, Ақайда – 1 дәрігер, Байқоңырда – 5 дәрігер. Осы 9 аймақтық дәрігер 25 аймаққа аяғынан тік тұрып қызмет жасады. Осындай өзінің уақытын аямайтын әрбір науқастың жан-жарасын бірге бөлісетін мамандарды іздейміз. Бізге әлі де жас мамандар қажет, жалпы тәжірибе дәрігерлерін іздейміз» деп сөзін қорытындылады.


Марат ЖҮСІПОВ, Ақай елді мекенінде орналасқан Төретам ауылдық ауруханасының меңгерушісі:
«Эпидемия кезінде сәуірдің 13-нен бастап провизорлық науқастарды қабылдады. Карантинді стационарда – 30 төсек, провизорлы стационарда – 15 төсек ашылды. Провизорлы стационарда сырттан келгендерді оқшауладық. Қажетті анализдерді алғаннан кейін ең алғашқы науқас 10 мамырда анықталды.Яғни, COVID-19 індеті расталды. Екінші толқын 25 маусымда басталды. 25 маусым – 31 шілде аралығында 113 науқас түсіп, 97 науқас емделіп шықты, 1 науқас көз жұмды. Қалған 15 науқас Байқоңыр қаласындағы көпбейінді ауруханаға ауыстырылды. Науқастар саны азайғандықтан, біздер бұрынғы жұмысымызға қайта кірістік. Қажетті дезинфекциялық жұмыстардан соң жоспарлы түрде 30 терапиялық, 10 балалар соматикалық, 20 гинекология және жүктілер патологиясы төсек орындары қайта жұмысын бастады» деп хабарлады.


Ержан ИГЕНБАЕВ, Байқоңыр қаласы көпбейінді ауруханасының емдеу ісі жөніндегі орынбасары:
«Ауруханаға 12 дәрігер, 36 медбике, 12 кіші аяжан жұмылдырылған. Қызметкерлердің ауызбіршілігі осындай қиын-қыстау кезеңдерде байқалады. Барлығымыз бірігіп, бұл індетпен де күресіп келеміз. Науқастар жазылып әрбірі отбасына аман-есен оралғанда кеудемізді мақтаныш кернеп, шын қуанып қаламыз. Дәрігерлердің еңбегін бағаламай жатқан адам жоқ. Барлығы алғысын білдіруде, дегенмен айтарым бұл біздің тікелей міндетіміз. Қызметке жауапкершілікпен қарау міндетіміздің орындалғаны. Сондықтан әріптестерімнің адал еңбегін бағалаған халқыма алғыстан басқа айтарымыз жоқ» деп сөзін аяқтады.


Айнұр ЖАҚЫПОВА, дәрігер-эпидемиолог:
Эпидемиология ғылымы – адам қоғамындағы жұқпалы аурулардың пайда болуы мен таралуын зерттейді. Медицина саласында сан алуан мамандар болса, оның бірін біліп, бірін білмейтініміз рас. Жұқпалы аурудың өршіп тұрған кезеңінде эпидемиолог Айнұрдың жұмысы өрши түсті. Эпидемияның басталуы мен оның дамуын зерттеп, жұқпалы аурудың пайда болып, оның таралуын, күресу шараларын іздестіретін бірден-бір маман. Нағыз аурудың ошағында жүрген дәрігер – жұқпалы аурудың қаншалықты күшті екенін білді. Дегенмен де жұмыс батырлықты, қайсарлықты жақсы көреді. «Қорқынышқа жол жоқ» деген ұранмен бүгінгі күні өз қызметін атқаруда.

ТҮЙІН
Жұқпалы аурумен күрес жолында олар қорқыныштың не екенін ұмытты. 8 сағат жұмыс емес, науқастармен бірге карантинге жабылды. Үй-жайынан оқшауланып, бар халықты үйде болуға шақырды. Иығына жалғыз ақ халатты киіп жүрмеді, ауа өткізбейтін тар киіммен жүруді әдетке айналдырды. Бұлар – жұқпалы аурумен күреске шыққан – байқоңырлық дәрігерлер болатын.
Гүлжан САРТАЙҚЫЗЫ
Байқоңыр қаласы
11 тамыз 2020 ж. 636 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 355

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 436

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930