» » Кітап оқырманды, оқырман кітапты сағынды

Кітап оқырманды, оқырман кітапты сағынды

Кеселдің кесірінен біршама мекеме онлайн режимге көшіп, қашықтан қызмет ете бастады. Жаңа жүйеге етіміз бірден үйреніп кетпесе де қазір біраз затты түсіндік. Жасы мен кәріміз әлеуметтік желінің жілігін шағып, интернеттің майын ішетін болдық. Кезінде пайдасы аз жазбадан толып тұратын әлеуметтік желі өзгерді. Қазір онда рухани азық, керекті құжаттар мен қызметтер қаптап тұр. Сондай-ақ мәдени іс-шаралар, рухани азық та әлеуметтік желіден орын тапты. Рухани тұрғыдан бәрінен бай кітапхана да онлайн жүйеде жұмыс істеуде.

– Карантин талабы күшейтілгелі бері аудандық кітапханалар жүйесі қашықтан қызмет етуге кірісті. Оқырманмен жүзбежүз кездесіп, түрлі іс-шара өткізуші едік. Төтенше жағдай орнаған кезде кей қызметкеріміз еңбек демалысына шықты. Жұмыста қалған бір-екі қызметкердің өзі онлайн қызмет ететін болды. Жаңа жүйеге бірден үйренісу қиын болғанымен, уақыт талабы еріксіз өзіне бағындырды. Дегенмен, мұндай қызметте де жаңашылдықты игеріп, қашықтағы жұмыс екінші демімізді ашты, – дейді аудандық кітапханалар жүйесінің басшысы Күлшара Қаниева.
Расымен халыққа рухани азықты молынан беріп жүрген кітапханашылар қазір аз қызмет етіп жатқан жоқ. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз кітапхана ұйымдастырған поэзия, бейнекөрме, библиопост пен байқау туралы жазбалар толып тұр. Мәселен, «Мен оқыдым, сен де оқы» жобасында оқырмандар өздерінің сүйікті кітабымен бөлісіп, кітап оқуды насихаттады. Желідегі жобалардың шымылдығын ашқан, ең алғаш болып іске асырылған «Онлайн поэзияда» қазақтың және өлкеміздің біртуар ақындарының өлеңдері мәнерлеп оқылды. Ұлы жеңістің 75 жылдығына орай «Есте сақтаймыз! Жылдар, ғасыр бойы ұмытпаймыз!» жобасының желісінде үш бөлімнен тұратын батыр Тәйімбет Көмекбаевқа арналған «Біздің виртуалды жерлесіміз» атты онлайн көрмесі оқырман назарына ұсынылды. Биылғы мерейлі және тарихи жылда Абай Құнанбайұлының 175 және әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай бірнеше челлендж ұйымдастырылып, оқырмандар белсенділік танытуда.
Кітап оқуға уақыт таппайтын қауымның бос уақыты көбейіп, тән азығын молынан алуға мүмкіндік туындаған кезде «Абай жолы» роман-эпопеясын насихаттау мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектептің 10 сынып оқушылары Бауыржан Жүніс пен Аяжан Торыбаева «Қош махаббат» онлайн көрмесін сомдады. Поэзияны жаны сүйетін жас оқырмандар Фариза Оңғарсынова мен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқыды. Атаулы күндер қарсаңында тақырыптық бейнероликтер түсіріліп, желідегі жолдастарға ұсынылды.
Кітапханашылар өлкетану жұмыстарына да өзіндік елеулі үлес қосып келеді. Қазіргі таңда кітапханадағы Сыр елінің барлық ақын, жазушыларының әдебиеттері жинақталған. Мұғалім, сазгер Ләйлә Сүйінбаева және «Тамыр» журналының бас редакторы Айман Қодармен тікелей эфирде кездесу өткізілді. Адам Мекебаев, Сәбит Мұқанов пен Сәуірбек Бақбергенов секілді жазушылардың виртуалды кітап көрмесі көрсетілді. Заманауи жүйе кітапханашыларға да өзіндік пайдасын тигізді. Қызметкерлер Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастыруымен белгілі ақын, жазушылармен кездесуге қатысты. Сондай-ақ онлайн дәрістерден қызметтік білімін жетілдіріп, еліміздің әр аймағындағы әріптестерімен тығыз байланыста болды. Олар өзара тәжірибе алмасуда және тың идеяларымен бөлісуде.
– Шынайы кітапсүйер оқырмандарымыз барына көз жеткіздік. Олардың кітап ала алмаған соң «қашан кітап алуға болады» деген қоңырауларына іштей қуанып қаламыз. Кейде тіпті қарауылдан бізге тәттілер немесе балмұздақ беріп жібергендері де болды. Осылай оқырманның ыстық ықыласы мен кітап оқуға деген қызығушылығы жұмысымызға ерекше құлшыныс береді. Сондықтан жақын арада жарқын жобаларды жүзеге асырып, тұрақты оқырманмен тығыз байланысты қалпына келтіреміз, – дейді аудандық кітапхананың бөлім меңгерушісі Ләйлә Әбдіқалиқызы.

P.S. Бұл мақала кітапхананың атқарған жұмысы туралы есеп беру мақсатында жазылған жоқ. «Қазір кітап оқитындар аз» деген алып-қашпа сөз үшін жазылды. Оқырманның оқуға деген ынтасы, кітапханашылардың ерен еңбегін елеусіз қалдырмау мақсатында. Керек деген дүниені желіден іздеп табуыңызға болатыны жайлы бұл жазба. Эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығынан тұрақты оқырманға кітап оқу қиындады. Қойылған тәртіпті сақтасақ қоғам мен ғаламның ілгерілеуіне үлес қосарымыз сөзсіз. Алдағы күндер жақсы болатынына, кітапхана оқырманға толатынына сенім мол.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ
20 маусым 2020 ж. 1 600 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031