Кітапхана онлайн қызмет етуде
Күллі әлем назарын өзіне аударған індет келгелі күйбең тіршілік саябырсып, барлығы үйінде отыр. Дегенмен, көптеген мекемелер өз жұмысын онлайн режимде жүргізуде. Аудандық балалар кітапханасы да бұл жүйеде тынбай еңбек етіп, балалардың шығармашылығын дамытуға атсалысуда.
Кітапханада онлайн мәдени шаралар жиі өтеді. Орталықта «Ертегімен өсеміз» жобасы, «Қылқалам» үйірмесі мен «Біз жаңғырудың жастары» атты клуб мүшелері «Майдангерге хат» жобасымен онлайн түрде қарқынды жұмыс істеуде. Қазірге дейін 51 мәдени жоба бойынша балалардың уақытын тиімді өткізуге үлес қосқан. Соның бірі 27 наурызда аудандық балалар кітапханасының маманы Мөлдір Оразбекқызы «Ертегімен өсеміз» жобасы аясында «Түлкі мен жолбарыс» атты ертегіні онлайн оқып, эстафета ретінде оқырмандарға жолдады. Сондай-ақ мамандар Абай Құнанбаевтың 175 жылдық және әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аясында онлайн оқу эстафетасын жалғастыруда.
Жақында COWORKING орталығы жанынан ашылған «Қылқалам» сурет үйірмесі қашықтан оқу жүйесіне көшті. Үйірме жетекшісі Ербол Жұмабеков аптасына екі рет онлайн сабақ беріп, шәкірттерінің шығармашылығын дамытуда.
– Балалардың қызығушылығы мен белсенділігі жоғары. Наурыздың соңында басталған онлайн сабақтарда шәкірттеріме түрлі тапсырма беріп, орындалу барысын түсіндіремін. Әрбір сабақты түрлі тақырыпта сурет салып, қызықты өткіземіз. Балаларға қауіпсіздік шараларын да ескертемін. Кейде ата-аналары көмектесіп, бірлесіп қызықты жұмыс істейді, – дейді Е.Жұмабеков.
Аудандық балалар кітапханасы алдағы уақытқа да жаңа жобалар мен сабақтарды жоспарлап қойған. Оның ішінде «Ертегімен өсеміз» жобасында 5 онлайн ертегі оқылып, сурет үйірмесінің 2 сабағы мен 2 онлайн оқу өтеді. Сондай-ақ 1 мамыр Қазақстан Халықтары бірлігі күніне орай бейнеролик түсіру жоспарлануда.
Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ