Құнды мұралар электронды жүйеге енгізілді
Қызылордада «Электронды архив» және «Электронды кітапхана» жүйесі қолға алынған.Бүгінде облыстық мұрағаттағы 1 млн 600 мың қағаз құжат сандық жүйеге енгізілді. Кітапхана қорларын цифрландыру бағытында да серпін бар. Бұл – Елбасы Жолдауында айтылған міндеттердің бірі.
Озық технологиялар тарихи-рухани құндылықтарды сақтау, қаттау жұмыстарын ғана жеңілдетпейді. Сондай-ақ алтын уақытты үнемдеуге жол ашты. Мәселен, XIII ғасырдағы Құран кітабын немесе XIX ғасырдың басында жарық көрген «Қазақ» газетін табу үшін сөрелердің арасында сенделмейсіз. Үйде немесе жұмыс орныңызда отырып, онлайн режімде тапсырыс беруге мүмкіндік мол.
Нұржамал Мырзамұратова, облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры:
- Облыс кітапханаларында 4 590 басылым, бұл миллионға жуық бетті құрайды. Цифрлық форматқа көшірілген. Біздің облыстық кітапхананы алатын болсақ, 2 331 кітап, бұл – кітапхананың сирек кітаптар қоры. Сонымен бірге өлкетану бағытындағы әдебиеттер, облыстық, аудандық газеттер.
Сыр өңірінде осындай уақыт талабына сай бірқатар бастама қолға алынған. Тіпті танымал тұлғалардың шығармаларын ұялы телефонға жүктеп алып оқуға болады. Ал ауылдық кітапханаларда онлайн-орталық жобасы іске қосылды. Осылайша шалғайдағы жұрттың жедел ақпарат алу мүмкіндігі артып отыр. Мұнан бөлек облыстық әмбебап ғылыми кітапханада жастарды IT технологияға баулу сабағы тегін өткізілуде.
Ақбөпе Баймбетова, ақпараттық қызмет көрсету секторының меңгерушісі:
- Жұмыссыз жастарға және әл-ауқаты төмен әлжуаз отбасыларға арналған интеллект орталығы. Бұл жерде 18 жас пен 35 жас аралығындағы жастар компьютерлік сауаттылықтарын арттырады. Бұл интеллект орталықтың мақсаты – қазіргі кездегі IT технологияларға үйрету.
Инновация игілін архив ісінен де көруге болады. Қызылордада «Электронды архив» ақпараттық жүйесі бойынша 1млн 600 мың қағаз құжат сандық жүйеге көшті. Яғни мұрағаттағы мәліметтерге қол жеткізу ісі де уақыт талабына бейімделіп келеді.