» » » ТАРИХТЫ ЖАСАЙТЫН – ХАЛЫҚ, САҚТАЙТЫН – МҰРАҒАТ

ТАРИХТЫ ЖАСАЙТЫН – ХАЛЫҚ, САҚТАЙТЫН – МҰРАҒАТ

Ел тарихында елеулі өзгерістер мен жаңарулардың күн сайын куәсі болып келеміз. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, барша ха­лық игілігіне пайдалану мақсатымызға айналғанына еш күмән жоқ. Сан ғасырлық тарихы бар халқымыздың басынан өткен небір аласапыранның өзі баға жетпес байлықтарымыз бен жәдігерлеріміздің бүгінгі күнге жетуіне кедергі бола алмағаны айқын. Сол құндылықтарымызды сақтап, тиісінше халық мүддесіне пайдалануды жүзеге асыру бүгінгі күні мұрағаттардың несібесінде. Жинақтау, қорғау әрбір мұрағатшының борышында. Аумалытөкпелі кезеңде деннің саулығы мен бастың амандығын, елдің тыныштығын ғана ойлаған аға-апамыз құжат қажет етпейтін, оның маңыздылығын ұғынбайтын. Соның салдарынан ауыл азаматтары зейнеттік демалысқа шығар алдында туу туралы куәліктері мен еңбек кітапшаларының түпнұсқаларын таппай біраз әбігер шекті, шегіп те келеді. Мұндай олқылыққа бей-жәй қарамай, көптің арасынан суырылып шығып, қиын істің қисынын тапқан Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдірауық Сатыбалдиевтің зор ізденісінің арқасында аудандық архив 1987 жылы Арал қаласынан көшіріліп әкелінген-ді. 300-ден аса еңбек ардагерінің құжаттарының негіздемелерін тауып, зейнеттік демалысқа шығуына көмектескен де сол қара басының қамы емес, көптің қажетін орындаған азамат болатын.
Осылайша негізі қаланған аудандық архив 30 жылдан бері халыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді. 2014 жылдан бері Қуанышбек Досниязов басшылық жасайтын мекеме бұған дейін үш рет мекен-жай ауыстырыпты. 2015 жылы орталықтағы екі қабатты бұрынғы кент әкімі аппаратының мекемесіне көшкенімен, біраз жылдан бері жөндеу көрмеген нысан болатын.
Архив заң жүзінде типтік негізде салынуы керек. Іші құрғақ, мұрағаттық қордың терезесі солтүстік беттен түсуі шарт. Тағы сол секілді бірнеше талаптарға сай болуы қажет. Бұған дейін қуықтай бөлмеде бірнеше маман жұмыс істесе, қазір әр мұрағатшыға жеке-жеке кабинет бөлініп, компьютер, қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылы күрделі жөндеуден өтуге бюджеттен қаржы қаралатын болды деп қуанып отыр мекеме басшысы.
Әрбір құжат тарих. Тарих кеше де керек болған, бүгін де, ертең де қымбат қазына. Ал, сол құнды қазынаға мән бермеу, жауапсыз қарау әсте дұрыс емес.
– Қазір бізге көп мекеме құжаттарын өткізбейді. Сосын бізден сұрап келеді. Жоқ нәрсені қайдан тауып бермекпіз? Ертең сол үшін көп адам опық жеуі мүмкін. Сан жыл қызмет еткен әр адамның маңдай тері құжатқа түспесе жоққа саналады. Бұдан асқан өкініш бар ма. Мекеме басшылары осыны назарда ұстап, құжаттарын мұрағатқа өткізуді қадағаласа екен, – дейді Қ.Досниязов.
Құжат қабылдау, есепке алу, тігіп түптеу, шифровкалау, жыртылған, мәтіні өшкен парақтарды қайта қалпына келтіру, сұрыптап, маңызы жоғын жою, іс наменклатурасын құрастыру, жазба қағазын жазу, ғылыми-техникалық өңдеу, құжаттарды шаң-тозаңнан тазарту, мекемелер мен ұйымдарға архив ісі жөнінде әдістемелік қызмет көрсету бұл мұрағатшылардың күнделікті көзге көрінбейтін қызметі.
Мұндағы 30000-нан астам құнды құжат әлеуметтік-құқықтық сипаттағы азаматтардың өтінішін қанағаттандыру үшін кеңінен пайдаланылады. Адамдарға туу, мектепте білім алғаны туралы куәлік пен аттестат, еңбек өтілі, еңбек ақысы, марапаттау жөнінде, ауыл мен көше атауларының өзгеруіне байланысты анықта­малар беріледі.
Сонымен бірге мұрағатшылар аудан­дық деңгейдегі айшықты оқиғаларға байланысты фотоқұжаттық көрмелер дайын­дайды, оқушылармен саяхаттар ұйымдастырады, ғылыми-зерттеу жұмыстар жүргізеді.
Ауданда бұрын механикалық, май зауыттарының, Қармақшы қой савхозының болғанын бірі білсе, бірі білмейді. Бұл мекемелер қалай құрылды, қай жылдары халыққа қызмет көрсетті, қанша жұмысшысы болды, міне, соның барлығы мұрағатта бар құжаттар арқылы арнайы мақала етіп жазылып, аудандық газетте жарияланды. Бұл жұмыстар халықтың мәдени деңгейінің өсуіне, өткен шақтың тарихына қызығушылық пен құрметтерінің артуына ықпал етеді.
Мұрағатшылар білім жетілдіру курстарынан да қалып жатқан жоқ. Жақында ғана Гүлжанат Әбиева мен Зәуреш Маханбетжанова Алматы қаласында «Электронды архивті ұйымдастыру», «Архив құжаттарына ғылыми-анықтамалық ақпарат құру» атты курстардан өткен. Ал Алтынай Мешітбаева облыстық жас архивистердің байқауында «Мақсатшыл архивист» аталымына ие болыпты.
Техника қарыштап дамыған сайын жұмыс жүйелі жүзеге асып, электрондық архив үшін құжаттарды жедел түрде сандық форматқа көшіру қолға алынды. 2013 жылы басталған бұл жұмысқа, яғни электронды архив жүйесінің маманы болып ақпараттық технологиялар инспекторы Нұржан Аяғанов алынып, осы уақытқа дейін аудандық архивтегі 133 қордың 19-ын, яғни 3289 істің, 417743 парағын көшірмеден өткізіпті. Сандық форматқа 2021 жылға дейін толық көшкен жағдайда архив жұмысы айтарлықтай жеңілдейді.
Мемлекеттің нығаюы, механизмнің күрделене түсуі, құжаттардың жаңа түрлерінің пайда болуы, қызмет көрсетуді автоматтандыру мұрағатшыларға үлкен міндет жүктеп отыр.
Қай елдің болмасын қоғамдық-саяси, экономикалық, рухани өмірі, жалпы бар болмыс-тіршілігі құжаттарынан көрініс тауып, уақыт өте келе тарихына айналатыны белгілі.
Уақыт еншісіндегі байлықты ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, оны тиісінше сақтау және қоғам мүддесіне пайдалануды ұйымдастыру мұрағаттар мен мұрағатшының мақсаты. Ал, сол мақсатты біздің мұрағатшылар абыроймен атқарып келе жатқанына кәміл сенеміз. Шындығында да тарихты жасайтын - халық, сақтайтын - мұрағат. Олай болса мұрағат, мұрағаттық құжаттар қай кезде де маңыздылығын жоғалтпайды.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА.
22 қаңтар 2018 ж. 1 846 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 046

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031