Жолдау-2018: ел дамуының негізгі 10 міндеті
Аудан кітапханашылары Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революциясы жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері арқылы» атты халыққа дәстүрлі жолдауын талқылады. Биылғы Жолдау 4-ші өндірістік революция жағдайында елді дамыту мәселесіне бағытталып отыр. Президент өз Жолдауында ел дамуының 10 негізгі міндетін нақты көрсетті. Кітапханашылар қауымы Елбасы жолдауына қолдау білдіре отырып, Жолдаудың «Адами капитал – жаңғыру негізі» жетінші тармағына ерекше назар аударды. Адами капиталдың жаңғыруы кітапхана ісімен тікелей байланысты. Өйткені, кітапханалардың басты мақсаты - сапалы адами капиталды арттыруға ықпал ету, жоғары білімді, жан-жақты ұрпақ қалыптастыруға үлес қосу. Осы орайдағы, басты міндеттерінің бірі – тұрғындардың оқуға құштарлығын арттыру арқылы мемлекетімізде кітап оқудың беделін көтеру, жас ұрпақты оқуға тарту және төл мәдениетімізді сақтап қалу. Жолдауда айтылған адами капитал сапасын нығайту және ұлттың рухани, интеллектуалды серпілісінің қажетті құралы ретінде халықты оқуға тартуға, ғылыми-техникалық, ғылыми-танымдық әдебиеттерді ұсынуға, олардың заманауи білім алуына барлық мүмкіндіктерді жасауға тиіспіз. Осы арқылы қазіргі жастарды өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар адами капиталын қалыптастырған біздің қоғамымыздың идеалына айналдыруға міндеттіміз. Біз Елбасының Қазақстан халқына жолдауымен таныстық. Енді көрсетілген 10 бағыт-бағдар бойынша жұмыс істеп, күш саламыз. Оның ішінде жаңа технологияларды дамытуға үлес қосу үшін кітапхана ісінде онлайн қызмет көрсету мен электронды басылымдарға басымдық беруді жалғастырамыз. Ауданымыздың кітапханашылар қауымы жолдауды қолдай отырып, оны жүзеге асыруға әрбір кітапханашы өз еңбегімен, өз қызметімен өз үлесін қосатындарына үлкен сенім білдірді.
Пікір 1