» » Тілсіз жауға төтеп берер азамат

Тілсіз жауға төтеп берер азамат

ЕРЛІКТІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН ҚАНША МАМАНДЫҚ БАР? ОЙЛАНЫП КӨРІҢІЗ... ШЫНТУАЙТЫНДА, ОНДАЙ МАМАНДЫҚ АЗ. СОЛАРДЫҢ ІШІНДЕГІ БІРЕУІ ҚАЙ КЕЗДЕ ДЕ МАҢЫЗДЫ, ӘРІ ҚАЖЕТТІ. ОЛ – ӨРТ СӨНДІРУШІ МАМАНДЫҒЫ. БҰЛ САЛАНЫ ТАҢДАҒАН ЖАНҒА ТАҒДЫР БАТЫР АТАНУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ. АЛ БІЗДІҢ БҮГІНГІ КЕЙІПКЕРІМІЗ ДӘЛ ОСЫ САЛАНЫҢ МАМАНЫ.

Дәурен Шайхымұратов аудандық №10 өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі болып қызмет етеді. Өз еңбек жолын 2010 жылы Тасбөгет кентінде бастаған ол бүгінгі күнде азаматтық қорғау старшинасы. Ол бұл салада қызмет етіп жүрген кезінде сан мәрте ерлік көрсетіп, бірнеше адамның өмірін құтқарған. Ал азаматтың қиын да ерлікке толы өмірі әскерде жүрген кезінде-ақ басталған.

– Азаматтық борышымды Қапшағайдағы 58012 әскери бөлімінде өтедім. Әскерде инженерлік-саперлік бригада құрамында 6 ай бойы оқу-тәжірибе жұмысында болдым. Кейін Қарағанды облысындағы Тоқырау ауылының маңында әскери бөлімдегі жарылыстан қалған снарядтар мен гранаталардан тазарттық, – дейді өрт сөндіруші.

Сонау 2001 жылы әскери қоймада орын алған жарылыстан кейін мыңдаған оқ-дәрі ашық аспан астында жатты. Адам өміріне үлкен қауіп төндірген бұл апатқа әскерилер мен өрт сөндірушілер төтеп бере алмады. Жарылыс кесірінен су мұнарасы, пойыз жолдары зардап шегіп, өртті сөндіру мүмкін болмады. Міне, осындай үлкен апаттың қауіптілігі кейіпкеріміз әскери борышын өтеген 2007-2008 жылға дейін созылған. Әскери өмірінің соңғы жартыжылдығында істеген қызметі оның дәл осы мамандықты таңдауына себеп болды. Ал азаматтарды қорғау оның бала кезгі арманы.

– Кішкентай кезімнен-ақ екі иығыма шен тағып, халықтың игілігі үшін қызмет етуді армандадым. Басында ішкі істер органдарында жұмыс істегім келді. Тіпті сол үшін заң саласында білім алып, кейін әскерге шақырылдым. Қарулы күштер құрамында 1 жыл борышымды өтеген соң осы салада қызмет етуге бел буып, Тасбөгет кентіндегі өрт сөндіру бөліміне жұмысқа орналастым, – деп кейіпкеріміз мақсатқа жету жолын еске алды.

Кейін Қармақшыға жұмыс бабымен келіп, осы жақта еңбек жолын жалғастыруда. Жұмыс бабында талай қиын кездер болып, соның біріне де сынбай келеді. Ал ол оқиғаларды кейіпкеріміздің өз аузынан естіп білдік.

– Өрт сөндіруші болу оңай жұмыс деп айта алмаймын. Бұл жұмыс адамға әрбір атқан таңы үшін шүкіршілік етуді үйретеді. Ержүректілікті қажет ететін салада басыңды тәуекелге тігетін кез көп болады. Мысалы, әдеттегі жұмыс күнінде дабыл қағылып, лезде төтенше жағдай орнына аттандық. Оқиғаның мән-жайын сұрай келе кенттегі бір дүкеннің өртеніп жатқанын білдік. Тілсіз жауды ауыздықтау мақсатында су шашылып жатыр. Бір кезде дүкеннің ішінде 6 бірдей газ баллоны бар болып шықты. Қалай да жарылыстың алдын алу қажет болған соң отпен күресе жүріп, баллондарды қауіпсіз жерге шығардық, – дейді ержүрек азамат.

Расында, бұл бөлімшедегі жұмысты оңай деуге әсте келмейді. Көпшіліктің ойынша өрт сөндірушілер төтенше оқиға орын алмаған кезде қолдары бос, жұмыста бейқам жүреді. Ал шынында өрт сөндірушілердің бос уақыты болмайды. Дабыл қағылмаған кезде олар теориялық сабақ өтеді немесе физикалық оқу-жаттығу жасайды. Тіпті олардың арасында да әскерилердей темірдей тәртіп сақталған. Өрт сөндіру бөліміне артық ешкім кірмейді, ішінде ешкім бос жүрмейді. Мұны біз кейіпкермен тілдесуге барғанда аңғардық.

Дәурен Камалұлы бөлімше бригадирі. Яғни, дабыл қағылған кезде өзінің жасағын жинап, оқиға орнына аттанады. Өрт шыққан аймақта ең алғашқы шешімді қабылдап, тапсырма береді. Сол себептен қазіргі таңда бөлімшеге келген талай жастың ұстазы атанған.

– 2015 жылы жұмысқа ең алғаш кірген кезде құшақ жая қарсы алған жанның бірі – ДәуренКамалұлы. Сол уақыттан бері бар білген-түйгенін үйретіп, жұмыста кездескен қиындықтарымен бөліседі. Аяқ-асты шешім, жай шешім емес дұрыс шешім қабылдауды үйретті. Оған арқа сүйеп, ақылын тыңдайтындар көп. Себебі жұмыс барысында көптеген қиын оқиғалардың шешімін тапқан жан, – дейді Ғани Жалғасбаев.

Біздің кейіпкер де ең алғаш жұмысқа келгенде өзгеден тәлім алып, қызметтің қыр-сырын меңгерген.

– Қармақшыға жұмысқа орналасқан кезімдесол кездегі бөлімше командирі, марқұм Мұратхан Маханов ағамыздан тәлім алдым. Ол кісі сол кезде жас маман болып келгенімде маған өрт сөндіруді теория және практикалық жүйеде үйреткен еді. Мен де ағамның шәкірті болғанымды мақтан тұтып, өзгелерге білгенімді үйретуге тырысамын, – дейді Дәурен Шайхымұратов.

Иә, кейіпкеріміздің әңгімесінен талай өрттің алдын алып, төтенше жағдайда көмекке келгенін білдік. Ол 2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы Петропавл су қоймасының деңгейі көтерілуінен орын алған тасқын кезінде көмекке барған. Облыстан құрылған жасақтың қатарынан табылып, судан зардап шеккен тұрғындарға қол ұшын созды. Ал ол кезде су қоймасы соңғы 23 жылда болмаған деңгейге көтеріліп, 100-ден астам отбасы зардап шеккен еді. Сонда кейіпкеріміз суды бөгеу жұмысына жұмылдырып, кейінірек судан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіруге жәрдемдескен.

– Қызмет барысында өрттің түрлі көлемде шарпып, кең аймақты алған оқиғалар кездесті. Соның ішінде отпен ұзақ күрескен кезіміз де болды. Бірде вагон жуу станциясында өрт шығып, сондағы мұнай өртенді. Өрттің көлемі үлкен, 5 сағат тоқтамастан су бүркідік. Ақыры қызыл жалынды ауыздықтап, қызметімізде кезекті жеңісімізге жеттік, – деп еске алады ол.

Қазіргі таңда кейіпкеріміз отбасын құрып, ұл мен қыз тәрбиелеп отыр. Өзі жұмыс істеп жүрген салада балаларын да көргісі келеді. Үйде болған кезінде қызметіндегі қызық оқиғаларды айтып отырады екен. Балалары да құлақ салып тыңдайды.

– Әр күні жұмыстан келе сала балаларымды құшағыма алып, аман-есен оралғаныма шүкір етемін. Себебі біздің жұмыста сені не күтіп тұрғанын болжау мүмкін емес. Ал жұмыс істеуге ерекше шабыт сыйлайтын ол – алғыс. Адамдар шын көңілімен рақметін айтып, алғысын жаудырғанда бұл салаға дұрыс келгенімді түсінемін, – дейді өрт сөндіруші Дәурен.

P.S.
Өз жанын өзгенің амандығы үшін жамандыққа тігетін азаматтардың еңбегі кейде еленбей қалатыны рас. Күндіз-түні бір дыбысқа құлақ салып, дабыл кезінде лезде аттануға сақадай-сай отыратын өрт сөндірушілердің еңбегі мен ерлігі өлшеусіз. Қызыл түсті тілсіз жаумен күресіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жандар – бүгінгі күннің нағыз батырлары.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ
19 мамыр 2020 ж. 1 192 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 084

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031