» » Қызмет қырандары

Қызмет қырандары

Апат айтып келмейді. Төтеннен туындайтын табиғи зұлматтан ешкім сақтандырылмаған. Қауіпсіздік шарасын сауатты қолданып, айтпай келетін апаттың шығыны мен залалын азайтуға, тіпті үлкен қасіреттің де алдын алуға болады. Қандай да бір оқыс жағдай орын алса оқиға орнына бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Кез келгеннің қолынан келе бермейтін үлкен жүрек, машық, білім мен білік және тәжірибе осы сала мамандарының бойынан табылады.
Құтқарушылардың күн сайын, әр сағатта атқаратын ісінің маңызы мен мәнін айту қашанда орынды. Қандай қиыншылыққа тап келсе де, мейірімділігі мен өз ісін абыроймен атқаруға бар ынтасымен кірісетіні көңіл тойдырады. Бүгінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде 4 қызметкер, №10 өрт сөндіру бөлімінде 35, Байқоңыр қаласы №8 өрт сөндіру бөлімінде 27 және Жосалы трассалық медициналық құтқару пунктінде 10 қызметкер қауіпсіздігіміз үшін қызмет етеді. Аталған мекеме қызметкерлерінің беделі жоғары. Себебі олар өртті сөндіруде, авариялық жағдайда, тағы басқа кезек күттірмейтін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алып, күн-түн демей аянбай еңбек етуде. Мыңдаған құтқарылған өмір – осы жұмыстың нәтижесі. Бүгінгі күннің батырларымен жүздеспекке бөлімге атбасын бұрдық.
Жүректілікті қажет ететін мамандықты таңдаған өрт сөндірушілер биыл ауданда бірқатар өртті ауыздықтаған. Қазақстан тәуелсіздігін алғанға дейін елімізде кәсіби апаттық-құтқару қызметі болмаған еді. Адамдарды апаттық жағдайдан құтқару жұмыстарын көбіне қоғамдық ұйымдар, құтқару бекеттері атқарып келді. Міне, осындай мемлекеттік маңызы бар қызмет жүйесін жасау үшін Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев 1995 жылы 19 қазанда төтенше жағдайлар және Азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орталық атқарушы органды құру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл төтенше жағдайдың алдын алу және оларды жоюдың тиімді жүйесін құру ісіндегі шешуші сәт болды. Осының негізінде 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленді.
– Құтқарушылардың жұмысы өз өміріне қауіпті. Дегенмен, олардың алға қойған басты міндеті – халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Адам өмірін құтқару – жоғары және жауапты миссия. Қазіргі таңда қиын жағдайға тап болғанда адамға қол ұшын созу кез келгеннің қолынан келе бермес. Өзгенің өмірін сақтау үшін өз жанын шүберекке түйіп қызмет етіп жүрген азаматтарымыз қандай мадаққа да лайықты, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Өмірбек Сақтабаев.
Бүгінгі мына қарбалас заманда еліміздің қай жерінде болмасын төтенше жағдайлар жиі орын алып жатқанын көз көріп, құлақ шалып жүр. Төтенше жағдайда ауа райының ыстық-суығына қарамастан оқиға болған жерге бірінші жетіп, қол ұшын беретін біздің құтқарушылар екені бәрімізге мәлім.
Төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпті қызмет кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсайды. Апатқа ұшырағандарды құтқарып алғашқы жәрдем көрсетеді. Сол үшін құтқарушылар қажетті құрал-жабдықпен барынша жарақтандырылған. Бүгінде олар төтенше жағдайларды жою жұмыстарына қатысуға дайын болу үшін арнайы медициналық, психологиялық әзірлігін, авариялық-құтқару құрылымының құрамындағы қызмет дағдысын үнемі жетілдіріп отырады.
– Таңды бөлім басшысына есеп беруден бастаймыз. Бұл азаматтардың қауіпсіздігін алдағы 24 сағат бойы келесі ауысымның күзететінін білдіреді. Алдымен өрт сөндіру құралдары мен техниканың жағдайын тексереміз. Теориялық сабақтар өткізіп, оқу-жаттығу, дене шынықтырумен айналысамыз. Кез келген жағдайда басты мақсат – оқиға орнына тез жету. Жүргізушіге бағыт-бағдар беріп, барынша қысқа жолмен жетуге мүмкіндік жасаймын. Бөлімше командирі болғандықтан құрамдағы жігіттерді өртке өзім бастап алып кіремін. Бұйрық, тапсырма беремін. Өрт сөндірудің өз ережесі болады. Биыл кент орталығында газ құю бекетіне автөлік соғып, оқиға орнында бір адам қаза тапты. Май құю бекетінің жарылыс қаупінің алдын алдық. Кейін вагон жуатын мекемеде мұнай қалдығы өртенді. Онда да ірі өртке тойтарыс беріп, залалын тигізбеуге тырыстық. Біздің жұмысымыз ел тыныш болса, біз де тыныш деген сөз. Сондықтан елге тыныштық тілеймін, – дейді азаматтық қорғау старшинасы, бөлімше командирі Серік Төрежанов.
Серік Жалғасбайұлы бөлімдегі ең тәжірибелі, жасы үлкен маман. Сондықтан ұжымдағы қыз-жігіттерге үнемі қамқор болып, амандығы үшін жан аямай жүреді. «Ағамыздың әзіл-шыны аралас қалжыңа бар» деп айтып қалды бірі. Әлі отбасын құрмаған жас жігіттерге ағамыздың: «Ессіз ерлікке бармаңдар. Сендерге қарағанда артымда ұрпағым бар. Мен жанпида етейін деп» алдына түсуі батырлық емей немене?!
15 қазан 2019 ж. 1 102 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 028

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031