Құтқарушылар ҚҰРМЕТТЕЛДІ
Биыл төтенше жағдайларға қарсы қызметінің құрылғанына 23 жыл толды. 1995 жылы Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылған болатын. Осының негізінде 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленді.
Мереке қарсаңында аудандық 5 өрт сөндіру бөлімінің ұйымдастыруымен ұжым қызметкерлері арасында арқан тартыс, шағын футбол сайысы өтті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші шараның өтуіне бөлім басшысы мен қызметкерлері бір кісідей атсалысты. Жарыстың ашылуы салтанатты түрде сап түзеуден басталды. Әрі қарай шара спорттық сайысқа ұласты.– Футбол – барлық нәрсені сергек, уақытылы жасауға машықтандырады. Одан бөлек шыдамдылық, еңбекқорлық пен қайсарлыққа баулиды. Бөлімшедегі спорттық іс-шаралар жыл сайын тізімге енгізілген. Әрі Құтқарушылар күнін атап өту дәстүрге айналды, – дейді өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары, азаматтық қорғау капитаны Руслан Альмерденов.
Тартысты сәттерге толы жарыс қорытындысымен шағын футболдан жүлделі І орынды 2-ші қарауыл командасы жеңіп алса, ІІ орынды 1-ші қарауыл командасы иеленді. Ал, үшінші орынға 3-ші қарауыл командасы көтерілді. Арқан тартыс сайысы бойынша І орын 3-ші қарауыл, ІІ орын 4-ші қарауыл, ІІІ орын 2-қарауыл құрамасының қанжығасына ілінді.
Мереке қарсаңында өрт сөндіру бөлімі осы салада еңбегі сіңген зейнеткерлерді алғыс хатпен марапаттап, сый құрмет көрсетті. Сондай-ақ, мекеме қызметкерлері Данияр Жанбалов, Медет Қалманов, Жарас Жақсыбаев, Рүстем Әбжәлиевтер аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Апат айтып келмейді. Тосыннан болған апат кезінде азаматтарға бірінші болып көмекке ұмтылатын осы – төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Жұмысының нәтижесі – құтқарылған адам өмірі.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
Пікір 2