Азық-түлік бағасы тұрақты ма?
Қазір қоғамда талқыланып жатқан мәселе көп. Соның бірі – азық-түлік бағасын тұрақтандыру. Адамзат баласының қалыпты өмір сүруіне күнделікті тұтынатын қарапайым тұрмыстық тауарлар ауадай қажет болса, оның ішінде азық-түліктің рөлі басым. Иә, азық-түліктің пұлы қол жетімсіз болған жағдайда, тұрмыстың құты қашары анық. Бүгінде әлеуметтік маңызы бар тауар бағасының негізсіз шарықтауы – үйреншікті қалыпты жағдай. Доллар бағамы секілді бірде түсіп, бірде көтеріліп базардағы баға мың құбылып тұр. Оған не себеп? Бағаны тұрақтандыру үшін не істеу керек?

Ал аудандағы азық-түлік бағасы тұрақты ма? деген сауалға көшсек бұл тұрғыда біраз шаруалар қолға алынды. Карантин уақытында дүкен сөрелеріне тұтынушыға жеткілікті деңгейде азық-түлік жеткізіліп тұрды. Баға тұрақтылығын ұстау мақсатында аптаның сенбі күндерінде жәрмеңке ұйымдастырылып халыққа арзан бағада азық-түлік өнімі ұсынылды. Ұйымдастырушысы «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жәрмеңкеге 19 тонна өнімін әкелсе, картоптың келісін – 75, сәбіз – 75, жуа – 55, ал 20 келілік макаронды – 2800 теңгеден сатты.
Сонымен қатар «NurOtan» партиясымен бірге жұмысшы топ құрылып, кенттегі 9 сауда орынындағы күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылау мақсатында мониторинг жүгізіліп отырылды.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыруда жақында Жосалы кенті орталығынан Әлеуметтік дүкен ашылып, тұрғындарды қуантты. Себебі, отандық өнім тұтынушыға базар нарығынан әлдеқайда 10-15 процентке төмен ұсынылды.
Ерсін СӘДУҰЛЫ