Ауруды ауыздықтаймыз десек...
ЖОСАЛЫ, 30 наурыз – qarmaqshy-tany.kz Қытай, Ухань қаласы. Хубэй провинциясында пайда болған коронавирус ауруды өрши түсірді. Алғашқы зардап шеккендердің басым бөлігі осы аудандағы теңіз өнімі мен жануарлар нарығымен байланыста болған. Басталуының да негізі осы өнімнен тарағанын көрсетеді. Содан бері вирус Қытайдың басқа бөліктерінде, Азия мен АҚШ-тың кейбір елдеріндегі адамдардан табыла бастады. Ал Қазақстанда коронавирус жұқтырудың бірінші дерегі 13 наурызда тіркелді. Ол Германиядан келген екі қазақстандықтан анықталған. Одан бері 17 күн өтті. Осы арада қандай өзгерістер орын алды?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыздағы 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуірдегі 07 сағат 00 минут кезеңінде төтенше жағдай енгізілді. Дүрбелеңге түскен жұрт қаладан ауылға ығысты. Үйіне азығын қамдап, дәріханадан бетперде мен антисептик алуға асықты. Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін қозғала бастағаны сұранысы көп заттарға қол жеткізе алмады. Күтті. Мемлекет бар жағынан қамтамасыз етуде. Алайда, әлі де індеттің қаупін сезінбегендер бар арамызда. Мәселен, аула маңына той жасап, ортаның шаңын шығарып билеп жүргені қаншама? Талапқа бағынбай, түнімен мейрамханасын ашып қойғандары да кездесті. Бірақ бәріне ереже ортақ, заң ортақ. Құрылған жұмысшы топ мүшелері күн сайын рейд жүргізеді. Соның арқасында біршама адам жауапқа тартылды. «Үйде бол» дегенді елемей қонақтатқандар, баласын далаға ойнауға жібергендер, әлі де «індет» емес «саясат» деп бейқам қарайтындар, әрі-бері екі ортада қыдырып жүргендерді қайтерсіз? Италиядағы қазіргі оқиғадан көпшілігінің хабары бар. Ол жақтағы қазақстандықтар біздегілерге жанайқайын жеткізе алмай әлек. Ол жақта да салғырт қараған. Келеке қылған. Туристер кіріп-шығып еркін жүрген. Ал қазір қандай күйге жетті?
30 наурыздағы жағдай бойынша індетті 97 689 адам жұқтырса, оның 10 779-ы бақилық болды. Аумақ жабылды. Азық-түлікке баруы үшін декларация толтырады. Рұқсатсыз сыртқа шықса айыппұл төлейді. Әр үйдің ауласында полицейлер бақылауда отыр. Кинодағыдай ма? Мұндай деңгейге жетпеуіміз үшін барлық талапты орындау керегімізді естен шығармасақ игі. Қош. Елде коронавирус індетін жұқтырған алғашқы науқас тіркелген соң күн сайын оның қатары толығып отырды. Алғашында Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы карантинге жабылды. Бірақ өрши түсті. Індет өзге облыстарға тарады. Атырау да, Қарағанды да карантинге кетті. 30 наурыздағы 11.10-дағы жағдай бойынша 293 адамнан коронавирус індетін анықтады. Оның ішінде Қызылорда облысында 5 адам тіркелді. Талап одан әрі күшейе түсті. Облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Әлия Әбдіқайымованың қаулысына сәйкес Қызылорда қаласындағы көліктер мен қоғамдық-көпшілік орындардың жұмысына шектеу қойылды. Бұл туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті хабарлады.
Атап айтсақ, автовокзал мен бейберекет ашылған автотұрақтар арқылы облысаралық, қалааралық, ауданаралық автобус, шағын автобус, такси және тағы басқа көліктермен жолаушы тасымалдау 30 наурыз күнгі сағат 00.00 минуттан бастап арнайы ескертпеге дейін тоқтатылды.
Облыс орталығындағы саябақ, сауна, массаж, бильярд, компьютер, ойын бөлмелері, интернет-клуб, боулинг, букмекерлер, лото, спорт кешендері (үйірме, секциялар), футбол алаңдары, балаларды дамыту орталықтары және халық көп шоғырланған басқа да нысандардың жұмысына шектеу қойылуда.
Сонымен қатар, автокөлік, киім-кешек, мал базары, тойхана, той салоны, банкет залдары мен үй жағдайында өткізілетін мерекелік, дәстүрлік (өзге ұлттардың ата-аналар күні, құран оқыту, тағы басқа) іс-шаралар уақытша өткізілмейді.
Жағдай тез өзгеруде. Сол үшін қажыр мен қайрат керек-ақ. Коронавируспен күресу кешенді, жедел және жан-жақты біріге жұмылуды қажет етеді. Бастысы – қойылған талаптарды орындап, салғырттық танытпасақ ауруды тез ауыздықтайтынымыз сөзсіз.
Айнұр ӘЛИ