Коронавирустың алдын алу: жұмысшы топ құрылды
ЖОСАЛЫ, 17 наурыз – qarmaqshy-tany.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыздағы 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуірдегі 07 сағат 00 минут кезеңінде төтенше жағдай енгізілді. Әлемді шарпыған кеселден қорғанудың жолы қандай? Осы тұста ауданда қандай қауіпсіздік шаралары қолға алынды? Мұны аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Гүлнар Төлепбергеновадан сұрап білдік.
Гүлнар Мәлікқызының айтуынша Қармақшы ауданында корановирусты инфекциялардың нақтыланған жағдайы тіркелген уақытта жүргізілетін іс-шаралар жоспары аудан әкімімен бекітіліп, жұмысшы тобы құрылды. Аудан әкімінің орынбасарының қатысуымен коронавирусты инфекцияның алдын алуда атқарылатын шаралардың барысы туралы аудандық штаб отырысы өтіп, хаттамасы бойынша тиісті мекемелерге тапсырма берілген.
Басқарма мамандары тарапынан аудандағы барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымы, спорттық-сауықтыру кешендері, қоғамдық тамақтану объектісі, діни объектілер, емдеу-сауықтыру мекемелерінде санитарлық ағарту шаралары жүргізіліп, санитарлық режимді күшейту тапсырылды. Аудан көлемінде көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салынуы туралы түсіндірме беріп, жадынамалар таратылды.
Аудан орталығындағы Қармақшы аграрлы-техникалық колледжі жанындағы 3 қабатты жатақхана ғимаратының 1-2 қабатына КВИ науқастармен қарым-қатынаста болғандарға медициналық бақылау жүргізу мақсатында 50 орындық провизорлық стационар ашу жоспарланып, дайындық шаралары жүргізілуде. Айта кеткен жөн, бұл жерде науқасты емес олармен қарым-қатынаста болғандарды (контактный) ғана оқшаулайды.
Төтенше жағдайдың күшінде болу кезеңінде мынадай іс-шаралар және уақытша шектеулер қойылды:
– Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүрге байланысты, діни іс-шараларды өткізуге тыйым салу. Тренажерлық залдар, спорт мектептері, әуез мектебі, оқушылар үйі және моншалар жұмысы уақытша тоқтатылады.
– Адамдар көп жиналатын кафе-мейрамханалардың қызметін тоқтата тұру
– Азық-түлік саудасымен айналыспайтын және киім базарларының жұмыс уақытын сағат 17.00-ге дейін шектеу. Азық-түлік дүкендері, супермаркеттер, және кішігірім дүңгіршектер өзгеріссіз жұмыс істейді.
– Сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелер, кітапханалардың және де адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметін тоқтата тұру.
– Карантин енгізу, санитариялық-эпидемияға қарсы ауқымды шараларды, оның ішінде ҚР Қорғаныс министрлігінің және ішкі істер органдарының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің қатысуымен жүзеге асыру.
– ҚР аумағында көліктің барлық түрімен кіруге, сондай-ақ оның аумағынан шығуға шектеулер белгіленді.
–Адамдар көп болатын және тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде (әкімдіктер, жұмыспен қамту орталығы, ХҚКО, діни объектілер, қонақ үйлер, емдеу-сауықтыру мекемелері, дәріханалар, қоғамдық көліктер т.б.) дезинфекциялық режимді күшейту.
–Ең бастысы – жеке бастың тазалығын сақтау. Үйді, жұмыс бөлмені жиі желдетіп, залалсыздандыру жұмысын жүргізу, қолды сабындап жуып отыру, адамдардың көп жиналған жерлерде бедперделер кию.
–Жедел репираторлы вирусты инфекциямен ауырып жүрген жағдайда тез арада 103, немесе 1406 байланыс телефондарына хабарласу, емханаға өзі бармау, жедел жәрдем шақырту.
–Салт-дәстүр іс-шараларына (той, ас беру т.б. шаралар) шектеу қою.
Аудан тұрғындарын аурудың алдын алу және таралуын болдырмау мақсатында жоғарыда аталған шараларды орындауға шақырамыз. Денсаулық – баға жетпейтін асыл дүние. Сол ең қымбат денсаулықты тәуекелге салмаңыз.
Өз денсаулығымыз өз қолымызда екенін естен шығармайық!
«Қт» ақпарат