Жас күрішшілер
Жомарт Жалғасбаев басшылық жасайтын Ақжар ауылындағы «Ораз ахун ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестік биыл 1050 гектар жерге күріш еккен. Бүгінде ору жұмысы толық аяқталса, 615 гектар жердің өнімі бастырылған. Орта есеппен әр гектардан 60 центнерден өнім жинауда. №1 бригаданың бригадирі Құттыбай Омаровтың ұлы Ғани Ойнаровтың биыл бірінші рет күріш егуі. Отбасын құрып үлгерген 22 жастағы жігіт ата-анасының қолында тұрып, ауылда еңбек еткенді жөн көрген. Келіншегі Салтанат ауылдық амбулаторияда акушер. Екеуі де елге қызмет етуге талпынған жас мамандар.

Ал Асқар Сәметов жетекшілік ететін №2 бригадада Самрат Мұхамбетқалиевтың тындырымды ісі өзгелерге үлгі. 3 жылдан бері шаруашылықта жұмыс істейтін жігіт биыл күріш егуге ниет білдірген. Кіл ұстаздар отбасында өскен Самраттың ауылшаруашылығы саласын таңдауы тегін емес. Бұл «Адал еңбек елге жеткізер» деген тәрбиенің көрінісі. Елгезек ер күшіне емес, ісіне сенетіннің қатарында. Сол еңбегі мен маңдай тері ақталды деуге болады. 32 гектар жерден 79 центнерден өнім алып, шаруашылықтағы үздік күріш сушыларының сапында тұр.
– Түсіне білген адамға өз ауылыңның келешегіне қызмет еткеннен асқан бақыт жоқ. Қазір жастардың көбі аурушаң. Соның барлығы күш-жігерін сарқып жұмыс істемегеннен. Ер азамат атына сай әрдайым қуатты болуы керек, – дейді бригадир Асқар ағамыз.
