» » Ізтілеуов ісбасары

Ізтілеуов ісбасары


   Егін жинау науқаны қызу жүріп жатқанда өңірдегі диқан қауымының жетістіктерін елге жария ету журналис­тер қауымының міндеті. Міне, осы мақсатта Қармақшы ауданындағы көшбасшы шаруашылықтардың бірі Дүр Оңғар ауылындағы «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Орынбасар Төлеповке  телефон шалдым.
Амандық-саулықтан соң, күріш орағы жайында біршама әңгіме өрбіттік. Өзіме қажетті деректерді алған соң телефон тұтқасын қойдым. Арада бірер минут өтпей жатып, телефоным безілдеп қоя берді. Орекең екен.
– Ертең қолың бос болса, біздің ауылға кел. Еңбек адамдары жайлы дерек жинап жүрмін деп ең, сені сол еңбек адамымен таныстырайын. Біздің ауылда Еңбек Ері Қасымтай Ізтілеуов әкеміздің ізбасары тұрады, – деді.
Ертесіне Дүр Оңғар ауылына, қырман басына келдім. Тау-тау болып үйілген Сыр маржанын қырманшылар агрегатпен тазалап, қоймаға тасуда. Егістік басынан тіркемелерін жеккен көліктер кезекке тұрып өнімді таразыға тартып жатыр. Қайнаған қызу тірлік.
Серіктестік басшысы О.Төлепов хатшыға «Төлеуді шақыр» деді. Әңгімелесіп отыр­ғанда есікті қағып,  ішке орта жастағы  бір аяғын сылтып басқан кісі кірді. Бір аяғы протез екенін байқадым.
– Міне, мен айтқан Төлеу батыр ағамыз осы. Сендерге кедергі болмайын. Әңгімелеріңді айтып отыра беріңдер. Жұмысыма барайын, – деді де кабинеттен шығып кетті.
Осыдан  бес жыл бұрын өмірден өткен Тұрсынбек Бекпановтың екі аяғы жоқ болса да протезбен тракторды тізгіндеген Еңбек Ері Қасымтай Ізтілеуов туралы айтқан әңгімесі  есіме орала кетті. Қос аяғынан айырылған Ақжар ауылының атақты тракторшысы Қасымтай Ізтілеуұлы Мәскеу қаласына Еңбек Ері атағын алуға барған. Үлкен мәжіліс залының сахнасына протез аяғымен көтерілген Қасымтайды көргенде жиналған жұрт ду қол шапалақтапты. Мінберге шыққанға дейін және Үкіметтің ең жоғары наградасын омырауына тағып, орнына қайта жеткенше орындарынан тұрып құрмет көрсеткен екен.
Төлеу ағамыз маған жымия қарады да, әңгімесін бастап кетті.
Жас кезінде Жосалыдан жолаушылап бара жатып вагон табалдырығына аяғын сала бергенде тайып кетіп поездің доңғалағы кесіп түседі. Бірнеше ай үйінде жатады.  Жұмыс істейін десе жарымжан адамды ешкім алмайды. Шарасыздығы жанына батады. Әсіресе, үйде бір өзі қалғанда егіс басына кетіп бара жатқан тракторларды көріп, пешенесіне жазған тағдырына көндіккеннен басқа амал жоқтығын ойлайтын.
Алайда, жігерін қайрап, аяғына протезін киіп, ауыл орталығындағы «Машдворға» ке­леді. Бұл 1989 жыл болатын.
Бұрынғы бригадирі  Көлбай Әбжәлиев пен механик Оңталап Ахметовке кездесіп, ойын айтады. Талабын қуана құп алған  екі ағасы жуық арада жұмысқа қабылдауға  уәде береді. Бұл уақытта шаруашылықты  Болатбек Сүлейменов басқаратын-ды. Төлеудің ойын естіген соң сол күні шақырып алып,  оған су жаңа трактор беріп, жұмысқа қабылдайды.
Биыл отыз жыл болыпты, Төлеу ағамыз  өзін  мүгедекпін демей, міндеттелген тапсырмаларды тез әрі сапалы орындап, көпке үлгі болды.
– Болатбек ағайдың берген тракторын біршама жыл айдадым. Содан кейін шар­уа­шылыққа басшы болған марқұм Қылышбек ағамыз  да маған жаңа тракторды сеніп тапсырды. Бүгінде Қылшекең  ағамыз мінгізген сары тракторды тізгіндеп жүрген жа­йым бар. Құдайға шүкір, келер жылы зейнеткерлікке шығамын. Осы шаруашылықта еңбек еткеніме қырық жылдан асыпты. Мектепті тәмамдағаннан бері өмірімді шар­уашылықта трактор айдау­ға арнап келемін. Бірер жыл үйде отырып қалғаным болмаса. Еңбегім шаруашылық басшылары тарапынан еленіп, бірнеше рет озаттар қатарынан көріндім. Болатбек деген інім екеуміз ­«Малютка» тракторын айдап жүрміз. Жұмыс көп,  күріштікке су берер кезде каналдарды аршып, суды жібергенде қайта бөгейміз. Егін жинау науқанында қырман басындағы барлық жұмыстар екеуміздің міндетімізде. Бүгінгі басшым Орынбасар Төлепов те мені жарымжан деп мүсіркемей, жауапты жұмыстарды атқаруға жұмсайды. Әрине, ол міндеттелген тапсыр­маларға жауапкершілікпен қарайтыныма сенеді. Жастар жағы да еңбегіме  құрметпен қарайды. Жарым да менің бұл өміріме үйренген. Алғашқыда аяушылық білдіріп, маған жұмысты қоюды айтатын. Кейін кері қайтпасымды білген соң, көнді, – деді Төлеу аға.
Өнегелі өмір және еңбек  жолымен ауылдастарына, сонымен бірге жастарға үлгі болған Төлеу Жабағиев – сала майталманы. Бақыт пен береке еңбек еткенге жақын тұрады. Әңгімені тәмамдаған соң сырт­қа шықтық. Протез аяғын бір қолымен демеп тракторын от алдырған ол қол бұлғап, жұмысына қарай жүріп кетті.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.
13 қазан 2019 ж. 928 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 051

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031