» » Жаңыл апаның жеңсік асы

Жаңыл апаның жеңсік асы

Ауылда өскендер болмаса көбісі біле бермейтін тәттілер қатарында қауыншек пен қауынқұрт бар. Қауыннан қалай құрт жасайды деп таңғалды өткенде бір танысым. Сол-ақ екен қазір дүкен сөресінен табыла қоймайтын табиғи өнімді іздеуге көштік. Болса осында болар деген ниетпен Алдашбай ахун ауылындағы таныс-туыстан сұрастырып, биыл су тапшылығынан онда қауын егілмегенін естідік. Қауын болмаса қауыншек қайдан болсын?
Сәрсенбіде сәтін салып ір­гелес Жосалы ауылдық ок­ру­гіне жол тарттық. Егін егумен айналысатын шаруалар піскен қау­ын-қарбызын ертемен қа­лаға әкетеді. Науқанында сатып үлгеріп, қысқа қам жасау қажет. Бірі – бақша ексе, екіншісі – алған өнімді ысырап қылмай үлгертетін ерлі-зайыпты Нағашыбай Өтемұратов пен Жаңыл Қабақованың үйіне тоқ­тадық. Ағамыз әдеттегідей бір көлік қауынын базарға әкетіпті. Жаңыл апа келінімен бірге қауыншек жасауға кіріскен. 8 ба­ла дүниеге әкеліп, немере сүй­ген Батыр ана зейнет демалысында. Ауылдың адамдары әсте бос отыра алмайды. Апамыз ертемен сиыр сауып, сүт пісірсе, түс қайта айран ірітіп, құрт жасайды. Жинаған құрт-ірімшігі мен сары майын бала-шағасы мен құда-жекжатына үлестіреді. Бақшада егілген қызанақ пен қияр, болгар бұрышы мен баклажаннан түрлі салат әзірлеп, қырыққабат тұздайтынын ауыл біледі. Басқаны бұзылмайтын, банкасы атылмайтын абысынына келіндері жиі қолқа салып, асарлататын көрінеді. Түрлі тәттілер мен тоқаш пісіретін, құрақ құрап, көрпе көктейтін шеберлігі тағы бар. Нағашыбай ағамыз ерте көктемнен балаларымен бірге жер жыртып, егін егуді қолса алса, ала жаздай күтіп, күзде жемісін тереді. Қауын-қарбыздың жеуге жарамайтынын төрт-түлікке беріп, мал бордақылайды. Несібесін көктен емес, жерден іздеген шаруалар бейнетпен татқан нанның тәтті болатынын біледі. Өткен жылы қауыннан түрлі өнім да­йындау мақсатында «Нағашыбай» жеке кәсіпкерлігін құрып, «Биз­нестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен қайтарымсыз грант жеңген. Оған қауынқұрт қайнататын үлкен ыдыс, қауын кептіргіш, мұздатқыш сатып алыпты. Ақтөбе қаласында өт­кен ауыл шаруашылығы өнім­дерінің жәрмеңкесіне ЖК «На­ғашыбайдың» алғашқы өнімі қойылған. Онда Жаңылдың қо­лынан шыққан қауыншек пен қауынқұрт жақсы бағаланып, ал­ғыс айтылыпты.
Оның айтуынша алдымен қауынды қақ ортасынан бөліп, қабығын аршып, дәнін алып тастаймыз да 2-3 күн кеспей қоямыз. Бірден кессе сынып қалады. Сосын жіңішкелеп тіліп, жаю керек. Ол бес-алты күнде желмен, күнмен кебеді. Кепкен соң жиналып алынып, қарбыздың суымен жуылып, өріледі. Қар­быздың суы сыртындағы шаң-тозаңын кетіреді және бас­­қаша дәм қосады. Өрілген қауыншекті дәкемен орап қайта жайып қойған дұрыс. Салқын жерде неғұрлым көбірек кепсе, соғұрлым дәмді.
– Бір-екі мәрте көрсе, қа­у­ыншекті кез келген адам істей алады. Қыста суық тигенде пайдалы. Ыстық күнде жесең тілің ойылады. Сол үшін қысқа қарай, яғни күн салқындағанда жеу керек. Ал қауынқұртты жасау үшін алдымен қауынды турап, қазанға салып, ошақтың астына от жағып қайнатамын. Суы тартылып, қоймалжың болған кезде басын біріктіру үшін тәтті ұнтақ немесе талқан қосқан жөн. Суыған соң, ақ мата төсеп, өреге ожаумен құйып шығамын. Кепкен кезде ораймын. Дәмі тіл үйіреді. Бұдан бөлек қауыннан тосап жасап жүрмін. Тәтті болған соң, қанттың көп керегі жоқ. Қауыншек пен қауынқұрттың пай­дасы мол. Табиғи өнімнің құрамында А, В, С дәрумені көп. Көздің көруін жақсартады. Бүйрек ауруының алдын алады. Ішекті тазартады. Зиянды қоспасы бар тәттіден бас тартып, табиғи өнімді тұтынғанға не жетсін?! Қазір адамдар мұны жіті түсінуде. Байқоңыр қаласынан сұраныс жиі түседі. Ауыл тұрғындары сапарлап шығатын болса міндетті түрде қауыншек пен қауынқұрт сұрайды, – дейді кейіпкеріміз.
Тазалыққа аса мән беретін ананың дайын асында мін жоқ.
Ол әр күзде 20 келідей қауыншек пен қауынқұрт жасайды. Келісін 2000 теңгеден сатады. Өнім дайындауға шыбын-шіркей азайған қыркүйектің соңғы аптасы дұрыс деп санайды.
– Тәуелсіздік алып, теңге ауыс­қанда қауыншектің келісі тиын боп қалды. Дүкенде 3-4 тиынға өтпей тұратын. Сұраныс болмаған соң біраз уақыт қақ та жасалмай кетті, – дейді әже­леріміз. Ал қазір адамдар қай­та табиғи өнімді тұтына бастады. Дүниеде тағамның түрі көп болса да әжелер мен апалардың баптап дайындаған дәміне ештеңе жетпейді.
Еңбекпен еңсе тіктеген от­­басында 8 баланың 6-ауы аяқтанған. Кенже қызы студент, ұлы әскерде. Балаларының бәрі мектепте жақсы оқып, жоғары оқу орнына грантпен түсіпті.
Көптен ауызға тимеген қа­­у­ыншекпен самаурынның ыстық шайын ішкенде бала шаққа ойша бір барып қайтқанымызды несін жасырайық. Келген кісіні төріне шығарып, дастарқанын жайып, дәмдісін қонаққа қоятын ауылдың дархан пейілді адамдарымен жиі дидарласқанға не жетсін?! Олардың бойынан азға өкпелеу емес, қанағат тұту, мақтану емес, мақтасаң ұялуды ғана көресің. Көресің де рухани байлық аласың. Олжаға оңай емес, еңбекпен жетуге тырысасың.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
19 қыркүйек 2019 ж. 1 960 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031