» » Алқаптағы алғашқы дән

Алқаптағы алғашқы дән

Экономика дамуының басым бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Ал қармақшылық еңбеккерлер агробизнес пен агроөнеркәсіп кешенінің көкжиегін кеңейтуде кенде қалмақ емес. Әсілінде көктем – шығыры майлаулы диқаншылардың жер жыртып, егін салуға асығатын мезгілі. Олар ерте көктемнен бастап алқапқа алғашқы дәнін септі. Тек ауа райы қараспай тұр.
Көктем келді деп қуанғанда ақ ұлпа қар жер бетін жапты. Бірде суық, бірде жылы құбылмалы ауа райында ол жерде ұзақ жатпады. Қуанғанмен болмады. Артынша екі күн қатарынан жауын жауып, күн түнерді. Кешелі басталған жаңбыр бүгін енді тоқтады. Жеріміз көктейді деп қуанғанымызбен бұл дала төсіндегі диқаншы қауымның көңілін су сепкендей басатыны бар. Өйткені жас дән толассыз «төнген» жауынға төтеп бере алмайды. Қош. Жер ананың жанарып, көктем сыйлаған таза ауасы мен табиғат иісіне ештеңе жете қоймас. Ал дала төсіндегі атқарылып жатқан жұмыстар легі көңіл қоншытады. Бұл жайында аудандық ауыл шаруашылық бөлімінен білген болатынбыз.
Былтыр аудан бойынша жалпы көлемі 22887,2 гектар жерге егін егілсе, биылғы меже – 25800,8 гектарға ұлғаймақ. Оның ішінде жоспарлы 1407 гектар жаздық бидайдың 205 гектарына дән себіліпті. Мақсары көлемі 1126 болса, оның 100 гектарына дән егілген. Ал ескі жоңышқаның жалпы егіс көлемі 4259-ды құраса, оның тырмаланғаны – 600 гектар. Межелі 3526 гектар жаңа жоңышқа 796 гектарға себілген. «Егін ексең – шығырыңды майла...» деген тәмсіл бар. Сәуірдің орта шебінде басталатын егін науқанына біздің диқандар қаншалықты дайын?
Аудан бойынша, 48 шаруашылық каналдарының 35-і, 284 ішкі шару­а­шылық каналдарының 185-і тазаланған. Жалпы 101 гидро­техникалық құрылыс­тардың 70-і жөнделген. Ал 13 насостың 9-ы дайын, 44 гидробекеттің 38-і жөндеуден өткен. Көктемгі дала жұмысына жалпы 166 трактор қатысады деп күтілуде. Бүгінде оның 158-і да­йын тұр. 44 соқа, 24 тұқымсепкіштің барлығы түгел сайлаулы. Сондай-ақ, 62 автомашинаның 60-ы, 94 трактор тіркемесінің 88-і жөнделген. Ал қажетті 13 500 тонна минералды тыңайтқыштың 8854 тоннасы егістік басына жеткізілген. Барлығы 16 580 литр гербицидтің 1200 литрі нақтыланған. Қысқасы, көктемгі егіс науқанына дайындық қызу жүруде. Барлық шаруашылық сәуірге дейін сақадай-сай тұрмақ.
Айта кеткен жөн, ауыл шаруашылық құрылымдарындағы өсімдік қалдығын тазарту үшін арнайы уақыт белгіленген. Мамандардың айтуынша, сәуір айының 1-25-і аралығында егіс алқабындағы қалдық, су жүйелеріндегі қамыс өртеліп бітуі керек. Себебі сол уақытта каналға су жіберіледі. Айтпақшы, аудан, тіпті аймақ үшін жақсы жаңалықпен сүйіншілемекпіз. Ақжар ауылындағы «Ораз ахун ЛТД» серіктестігі 10 гектар егіс көлеміне күнбағыс екпек. Сәтін салса ауылдағы жайқалған сап-сары алқапты тамашалау бұйырады. Бастысы – жаңа егіннің бітік шығуы. Ал алғашқы дән себілгеннен бас­тап алты ай жер кеудесін сауып, бел шешпей еңбектенетін дала еңбеккерлерінің өнімі күз сайларда қамбаны мол астыққа толтырары шүбәсіз.
Айнұр ӘЛИ
27 наурыз 2021 ж. 2 564 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930