Егінге ерте қамданды
ЖОСАЛЫ, 27 наурыз – qarmaqshy-tany.kz Аймақ экономикасын дамытудың басым-бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Ал қармақшылықтар агробизнес пен агроөнеркәсіп кешенін дамытуда аянбақ емес. 11 ақпаннан бастап-ақ «Достық жер МК» серіктестігі алғы егіс дақылдарын егу жұмысын бастап кетті.

Айта кеткен жөн, жақында аймақ басшысы Қ.Ысқақов ауданға жұмыс сапарымен табан тіреді. Бірқатар нысанды аралаған соң ІІІ Интернационал ауылындағы «Абай-Дәулет» ЖШС қарасты егіс алқабында болды. Онда облыс әкімі шаруашылықтың жаңа бастамаларына сәттілік тілеп, қашан да қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
«Егін ексең – шығырыңды майла, мал өсірсең, қонысыңды сайла» дейді қазекем. Ал сәуір айының екінші онкүндігінде басталатын егін науқанына біздің диқандар қаншалықты дайын?
Аудан бойынша 332 канал тазалануы керек болса, оның 250-і тазаланған. 101 гидротехникалық құрылыстардың 88-і жөнделген. Ал 13 насостың 11-і дайын, 44 гидробекеттің 36-сы жөндеуден өткен. Көктемгі дала жұмысына жалпы 152 трактор қатысады деп күтілуде. Бүгінде оның 76-сы дайын тұр. 44 соқаның 38-і, 24 тұқымсепкіштің 20-сы сайлаулы. Сондай-ақ, 62 автомашинаның 45-і, 94 трактор тіркемесінің 74-і жөнделген. Ал қажетті 10 400 тонна минералды тыңайтқыштың 6024 тоннасы егістік басына жеткізілген. Қысқасы, көктемгі егіс науқанына дайындық қызу жүруде. Барлық шаруашылық сәуірге дейін сақадай-сай тұрмақ.
Алғашқы дән себілгеннен бастап алты ай жер кеудесін сауып, бел шешпей еңбектенетін дала еңбеккерлерінің өнімі күз сайларда қамбаны мол астыққа толтырары шүбәсіз.
Айнұр ӘЛИ