Еңбекпен есейген өрен

Қазіргі таңда жасөспірімдерге «болашақта кім боласың?» деген сауал қойсаң, көпшілігі үлкен қалаларды таңдап, беделді мамандықтарды атайды. Әсіресе ауыл жастарының арманы – қалаға барып, жоғары білім алып, жақсы қызметке орналасу. Бұл – заңды құбылыс. Дегенмен туған жердің түтінін түзу ұшырып, ауылын көркейтуге үлес қосуды мақсат ететін жастар да бар. Солардың бірі – Қызылтам елді мекеніндегі №79 негізгі мектептің 9-сынып оқушысы Нұржан Нұрсұлтанұлы.
Кейіпкерімізді осыдан бес жыл бұрын көпшілікке «10 жасар қойшы бала» деп мақаламызда таныстырған едік. Кішкентайынан еңбекке ерте араласып, өз күшімен тіршілік етуді бастаған баланың бүгінгі жетістігі табандылық пен төзімнен өрілген.
Нұржанның кәсіпке бет бұруы жай ғана қызығушылықтан басталған. Әкесінің жанында жүріп, мал бағудың қыр-сырын меңгерген ол алғашында небәрі 10 бас қой асыраған. Бала қиял уақыт өте нақты мақсатқа ұласып, кішкентай қора бүгінгі күні малға толы. Қазір оның қорасында жүзге жуық қой бар. Оның ішінде асыл тұқымды меранос пен гесар қойлары да өсірілуде.
Жас шопанның айтуынша, әрбір істің бастауында қызығушылық болған.
– Бұл іс алғашында жай ғана әуестік еді. Әкемнің жанында жүріп үйрендім. Кейін өзімше көбейтуді ойладым. Мектептен келген соң бірден қораға барып, малымды түгендеймін. Қайда барсам да, қойға назар аударамын. Егер жақсы тұқым көріп қалсам, соны алуға тырысамын. Қазір асыл тұқымды қойларым бар. Болашақта осы ауылдан ірі қой шаруашылығын ашқым келеді, – дейді Нұржан.
Жас өрен қой өсірумен қатар, оны саудаға шығарып, табыс табуды да үйренген. Ауыл ішінде ғана емес, жан-жақтан келіп, мал сұрайтындар көбейген.
Әрине, мұндай жетістікке жетуде отбасының қолдауы маңызды рөл атқарады. Нұржанның әкесі Нұрсұлтан да баласының еңбегіне ерекше ықыласпен қарайды.
– Қазақта «Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген сөз бар. Ұлым кішкентайынан зерек, қойға деген қызығушылығы ерекше болды. Ауылдағы әр қойды танып алатын. Кейін осы істі толықтай өзіне тапсырдым. Ауыл адамдары жоғалған малын сұраса, «Нұржаннан сұраңдар» дейтін болдым. Қай тұқымға қызықса, қолдан келгенше алып беруге тырысамын, – дейді әкесі.
Бүгінде ауыл жастарының көбі қалаға ұмтылған заманда Нұржанның таңдауы ерекше. Ол туған жерінде қалып, ауыл шаруашылығын дамытсам дейді.
Иә, ауыл тіршілігі – бейнеті көп, бірақ берері де мол сала. Соған қарамастан, жастардың бұл бағытқа қызығушылығы бәсеңдеп бара жатқаны жасырын емес. Осындай кезде Нұржан сияқты еңбекқор, талапты жасөспірімдер ауылдың тірегі, елдің үміті.
Жас шопанның бүгінгі жетістігі – ертеңгі үлкен істің бастамасы. Егер осындай жастарға қолдау көрсетіліп, бағыт-бағдар берілсе, ауылшаруашылығының дамуына тың серпін берері сөзсіз.
Ерсін СӘДУҰЛЫ














