» » » Бәсірең бар ма, нағашы?

Бәсірең бар ма, нағашы?

   Қазақта кішкентай балаларға арналған салт-дәстүрлер жетерлік. Соның бірі – бәсіре атау. Бұл ата-бабаларымыздың баланы тәрбиелеу үшін қолданған тағы бір әдіс-тәсіл түрі. Ал үлкендер үшін жомарттық пен сараңдық сынға түсетін салт. Шаңырақта ұл бала дүниеге келген сәттен бастап, баланың ата-әжесі немесе жасы үлкен туыстарының бірі дүниеге келген балаға арнап бәсіре атайтын болған. Қазақтың өмірі малмен тікелей байланысты болғандықтан, ұл бала дүниеге келгенде сол күндері туған құлынды немесе ботаны «нәрестенің бәсіресі» деп салт бойынша атаған. Қазақ халқының ұғымында дүниеге келген баланың болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты. Сондықтан оны басқа адам мінбейді, сатпайды. Бәсіре мүмкіндігінше жүйрік, жорға болғаны дұрыс. Бәсірені баламен бірге қадағалайды, бұла, яғни еркін қып өсіреді. Қазақ халқы бәсіресі бар баланың да есейе келе малға деген ықыласы, пейілі түзу болады деп пайымдаған.
   Бүгінде бұл салт ұмытылып бара жатқанымен, салт-дәстүрлерді берік сақтайтын өлкелерде әлі де жалғасып келе жатыр деуге болады. «Бәсіре атау» салты дәл бұрынғыдай қалыппен жүзеге аспағанымен, сый-сияпат беру, балаға арналған сыйлық түрлері барлық жерде бар. Дегенмен, бәсіре атаудың түп-төркіні бала өмірге келгенде төлдеген малдың құлынын немесе ботасын баланың жекеменшігі ретінде қарап (тіпті кей жерлерде қозы-лақты да) «балам осы төлмен жарысып өссін. Құлындай шауып, тез жетілсін» деген сенімнен де туындайды. Екінші жағынан алып қарайтын болсақ, көзін ашып көргелі, есін танығалы бері «менің жылқым, менің түйем» деп бала төрт түлік малдың қадірін біліп өседі. Оған қарайды, еңбекке араласады. Ең бастысы, кішкентайынан «малды бала» атанып, өзіне аталған бәсіре малын көбейтсе де өз еркі. Бұл баланы ептілікке, жан-жануарларға мейіріммен қарауға да үгіттейді. Баланың бәсіресі құлыннан тай, тайдан құнан, одан дөнен, сосын бесті дәрежесіне келгенде, иесін соған ашамайлап мінгізетін болған.
   Кейбір деректер «бәсіре атауды» сүндет тойының алдында ұл балаға арнап тай немесе құлын атап қою рәсімі дегенді айтады. Бәсіре атағанда кішігірім той жасалған. «Бәсіре мал», «Баланың бәсіресі» деген ұғымдар осыдан қалса керек. Орта жүз бен Кіші жүзде «балаға мал атадық», «балаға ат болсын» деп берер малына ен салады. Көбінесе, бәсірені бала ат жалын тартып міне бастаған 7-8 жас кезінде, мүмкіндігіне қарай, жүйрік, жорға шыққан тұқымнан құлын таңдайды. Бәсіре малға ен салып, үнемі қадағалап жүреді. Бәсіре малдың басына түскен ауыртпалығы (ауруы, ақсауы, тау-тастан құлауы) арқылы баланың ілгеріде бақытты, бақытсыз боларын жорамалдап ырым еткен. Сондай-ақ ұзатылған қыз 2-3 жылдан соң баласын, көбінесе тұңғышын ертіп төркініне барғанда, алғаш табалдырығын аттап кірген жиен нағашысынан бәсіре алмаса, оны өскеннен кейін өсімімен қоса алуға құқы болған.
  Ал қазіргі таңда бұл дәстүрдің бір көрінісі бала сүндетке отырғанда кездесіп жатады. Ондайда нағашылары бір тай атап немесе арнайылап әкеліп мінгізеді. Бұл да осы дәстүрдің бертінге дейін сақталып келе жатқан сарқыншағы. Ұмытылған салтты жаңғырту өз қолымызда. Дәстүріміз дәріптеліп, бәсірелер көбейсін!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
27 ақпан 2024 ж. 506 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№82 (10347)

15 қазан 2024 ж.

№81 (10346)

12 қазан 2024 ж.

№80 (10345)

08 қазан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 370

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031