» » » «Танабауды» не үшін таққан?

«Танабауды» не үшін таққан?

Қазақ халқының әрбір салт-дәстүрі ерекше философияға толы. Күнделікті өмір салтынан көрініс тауып, кейіннен дәстүрге айналған жөн-жоралғылар да жетерлік. Бала тәрбиесін ана құрсағында жатқанда-ақ бастайтын ұлт үшін ұрпақтың ұлағатты болып өсуіне арналған салттар жетерлік. Олардың көбісі бүгінде ұмыт қалып, қолданыстан шыққан. Соның бірі – «танабау тағу» дәстүрі.
Танабау тағуды бала ержетіп, тірлікке жарап, үлкенге көмек берген сәттен бастайды. Яғни, ұл бала алғаш рет əкесіне, қыз бала шешесіне ілесіп, түрлі жұмысқа қолғабыс етіп жүргенін көрген жақындары, туған-туыстары мен көрші-қолаңдары «Ұл-қыздарың қолғабыс етуге жарапты, шаруа атқаруды сеніп тапсыра берсең болады екен» деп балаға түйме-тана, білезік тағып жібереді. Кейде оны көпшіліктің, бір ауылдың немесе туыстардың атынан біреу арнайы барып тағатын болған. Міне, бұл осындай дәстүр «танабау тағу» деп аталған.
Салт бойынша «танабау» тағылған баланың ата-анасы да өз кәдесін жасауы тиіс. Яғни, міндетті түрде баласының танабау таққанын атап өтеді. Бұл қуаныш кейде тіпті кішірігім тойға да ұласқан. Ал танабау тағылмаған балалардың ата-анасы мен ата-әжелері туған-туысы мен көршілеріне «Немеремді, баламды көрмедің, елең қылмадың» деп өкпе-наз да айтатын болған. Сондайда ата-әженің, ата-ананың өкпе-ренішін тарқату үшін барлығы жиналып, «танабау тағу» шайын ұйымдастырып, баланың сыйлығы деп әртүрлі бағалы зат, кейде лақ пен қозы атаған. Баланың қолғабысқа жарап, «ересектер» қатарына қосылғанына құтты болсын айтып, ақ батасын берген. Бұл игі дәстүр адамдардың бір-бірімен қуаныш пен қайғыда бірге болуға, жүкті жұмыла көтеруге үгіттейді, ынтымақ пен бірлікті насихаттайды.
«Танабау тағуды» бір жағынан дәстүр деп қарасақ, екінші жағынан тіл-көзден сақтану ғұрпы десек те болады. Өйткені, «тана» сөзінің екі ұғымы бар. Біріншісі – 2 жасқа толған бұзауды тана десе, екіншісі – мөлдір моншақтан, әдемі тастан жасалған түймені «тана» деп атаған. «Танабау» деген сөз осы екіншісінен, яғни, түйме тағудан шықса керек. Бұл дәстүр бүгінде түбегейлі жойылып кетті деуге де болмайтын секілді. Өйткені жөргектегі сәби мен есейіп келе жатқан бүлдіршінге түйреуішпен бірге көзмоншақ тағып қою әдеті әлі де бар.
Ата дәстүрді дәріптеп, ұрпаққа мұра ету жолында еңбектеніп, ел анасына айналған Зейнеп Ахметова өзінің «Күретамыр» кітабында бұл салтқа ерекше тоқталған. «Дәстүр бойынша баласына «танабау» тағылған үй көрші-көлем, жақындарын шақырып, дастарқан жайып атап өтеді. Қонаққа келгендер «танабауыңның байғазысы» деп балаға лайық сыйлықтар әкеледі. Қазақтың ешбір салт-дәстүрі мақсатсыз, негізсіз шықпаған. Танабау тағудың да тәрбиелік, рухани мәні бар. Жас балалар өздерін ерекшелеп жатқанға мейірленеді, шынымен, есейе бастадым деп әр іске көмектесуге құлшынады. Ал ата-әже, әке-шеше перзентінің көзге түсіп өсе бастағанына қуанып, шүкіршілік етеді. Қонақтар баланың кішкентай қуанышын көлемдендіріп көңілдері көтеріледі. Біреуден бір асаған несібе болмайды, есесіне, үлкендер бір дастарқаннан дәм татып, бастары бірігіп, ынтымақ-сыйластықтары нығая түседі екен» делінеді аталған еңбекте.
Расымен, бала үшін оны елеп, алғашқы еңбегін бағалау үлкен марапат алғанмен бірдей болмақ. Әрі бұл сәт өмірінің жарқын естелігі ретінде есінде ұзақ сақталмақ. Бұл дәстүрді қайта жаңғыртсақ керемет тәрбие көзі болары анық. Өйткені бұл – балаға артылған сенімнің көрінісі. Осының арқасында өсіп келе жатқан өреннің өзіне деген сенімділігі артып, жауапкершілік арқалаудың не екендігін түсіне бастайды. Бүгінде берер тәлімі мол, игі істерге бастар мұндай салт-дәстүрді қайта жаңғыртудың маңызы зор болмақ.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ


12 қаңтар 2021 ж. 3 379 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031