«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ЖАС ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ НЕГІЗІ»
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру мақсатында №107 орта мектебінде тағылымды әрі мазмұнды «САНАЛЫ ҰРПАҚ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ» атты форум ұйымдастырылды.
Ауқымды іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ құқықтық тәрбиені күшейтіп, өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру болды.
Жиынға Қармақшы аудандық прокуратурасының прокуроры Сәдуов Әділет Сағымбекұлы, аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Әлиев Мағауия Бердібекұлы, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ирагимов Айдос Сайлаубекұлы, аудандық Жастар денсаулығы орталығының психологы Кетебаева Әмина Тахирқызы, Дүр Оңғар ауылының учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Айтмамбетов Болат Қаратайұлы, ата-аналар комитетінің төрайымы Жұмаева Рысты Рзабайқызы және жоғарғы сынып оқушылары қатысты.
Форум барысында құқық қорғау саласының мамандары жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың себеп-салдарын түсіндіріп, оның алдын алу жолдарына кеңінен тоқталды. Құқықтық сауаттылықты арттыру, зиянды әдеттердің алдын алу, киберқауіпсіздік мәселелері мен бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі жан-жақты талқыланды.
Прокуратура өкілі заң талаптарын сақтау – әр азаматтың міндеті екенін атап өтсе, полиция инспекторы жасөспірімдер арасындағы тәртіп бұзушылықтың салдары туралы нақты мысалдар келтіріп, құқықтық жауапкершілік жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Психолог жасөспірімдердің психологиялық ерекшеліктеріне тоқталып, олардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуінің маңызын жеткізді.
Еркін форматта өткен кездесуде оқушылар сала мамандарына көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Бұл өз кезегінде жас буынның құқықтық сауатын арттырып, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге ықпал етті.
Форумды мектеп директоры Нұрманов Бақытбек Мәнсүрұлы жүргізіп, жиынның мазмұнды әрі ашық диалог форматында өтуіне ұйытқы болды.
Осындай тәрбиелік мәні зор шаралар – «Заң мен тәртіп» қағидатын өмірлік ұстанымға айналдырып, саналы, білімді, жауапкершілігі жоғары ұрпақ қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Өйткені саналы ұрпақ – елдің жарқын болашағының кепілі.















