«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ҚАҒИДАТЫН ІСКЕ АСЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жосалы кентіндегі №250 мектеп-лицейінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық тәрбиені күшейту мәселелеріне арналған кеңейтілген жиын өтті.
Жиынға аудан әкімі, аудандық мәслихат төрағасы, құқық қорғау органдарының басшылары, мекеме, бөлім басшылары, ардагерлер кеңесінің төрағасы, әйелдер кеңесінің төрайымы, ата-атаналар комитетінің төрағалары, аудандық білім бөлімі, мектеп директорлары және жоғарғы сынып оқушылары қатысты.
Жиын барысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың қауіпсіздігін сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері қаралды. Отбасы мен білім беру ұйымдарының өзара ынтымақтастығын күшейту, жастарға әлеуметтік қолдау көрсету және қоғамдық, цифрлық қауіпсіздік шараларын жетілдіру қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар, ауданда жүзеге асырылып жатқан «Қылмыссыз өңір – кемел келешек кепілі» жобасы аясында атқарылған жұмыстардың нәтижелері таныстырылды. Аталған жобаның қоғамдағы құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге, салауатты өмір салтын насихаттауға және жастар тәрбиесін нығайтуға оң әсер еткені айтылды.
Күн тәртібіне сәйкес аудандық прокуратура, полиция бөлімі және аудандық білім бөлімі басшылары 2025 жылы атқарылған шаралар туралы баяндама жасап, алдағы кезеңге арналған жұмыс бағыттарын ұсынды. Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы, ардагерлер кеңесі және ата-аналар комитетінің өкілдері өз пікірлерін білдірді.
Жиын қорытындысында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету барлық мүдделі тараптардың бірлескен әрекетін талап ететіні атап өтілді. Заң мен тәртіп қағидатын сақтау әр азаматтың жауапкершілігі екені айтылып, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі көрсетілді.

















