«ҚЫЛМЫССЫЗ ӨҢІР – КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК КЕПІЛІ» АЯСЫНДА ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗІЛДІ
Қармақшы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында белсенділік танытқан бірқатар азаматтарды марапаттау шарасы өтті.
Іс-шараға аудан әкімі Жандос Еркінбек қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызына тоқталды.
-Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз. Сондықтан «Заң мен Тәртіп» қағидатын сақтауды алдымен өзімізден бастап, қоғамдық қаупсіздікті қамтамасыз етуіміз қажет, – деді Жандос Еркінбек.
Аудан әкімі сондай-ақ «Қылмыссыз өңір – кемел келешек кепілі» жобасының аудан тұрғындары арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, жастар тәрбиесіне және қоғамдық тәртіпті нығайтуға оң ықпал етіп отырғанын атап өтті.
Іс-шара барысында аудан прокуроры Нұрбек Қаратаев заң талаптарын сақтау арқылы қоғамда тәртіп және жауапкершілік орнайтындығын атап өтіп, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жемісті еңбек еткен бірқатар үздік қызметкерлерді «Алғыс хатымен» марапаттады.
Сонымен қатар салтанатты жиында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов және аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Оспан Ешжанов қатысып, сала мамандарына ізгі тілектерін білдірді.
Жиын соңында аудан әкімі «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдама аясында ауданда атқарылып жатқан жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
















