Тәртіп бар жерге тұрақтылық орнайды
ҚОҒАМДАҒЫ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІҢ БАСТЫ ТЕТІГІ – ЗАҢ МЕН ТӘРТІП ҚАҒИДАТЫН БҰЛЖЫТПАЙ САҚТАУ. ОСЫ БАҒЫТТА ЕЛІМІЗДЕ КЕШЕНДІ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛІП, ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТТІ АРТТЫРУ, АЗАМАТТАРДЫҢ ЗАҢҒА ДЕГЕН ҚҰРМЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСКЕН ЕМЕС.
Осыған орай кент орталығындағы №250 мектеп-лицейінде Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында құқықбұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық тәрбиені күшейту мәселелеріне арналған кеңейтілген жиын өтті.
Жиынға аудан әкімі Жандос Еркінбек, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, құқық қорғау органдарының басшылары, мекеме, бөлім басшылары, ардагерлер кеңесінің төрағасы, әйелдер кеңесінің төрайымы, ата-аналар комитетінің төрағалары, аудандық білім бөлімі, мектеп директорлары және жоғары сынып оқушылары қатысты.
Жиын барысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың қауіпсіздігін сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері қаралды. Отбасы мен білім беру ұйымдарының өзара ынтымақтастығын күшейту, жастарға әлеуметтік қолдау көрсету және қоғамдық, цифрлық қауіпсіздік шараларын жетілдіру қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар, ауданда жүзеге асырылып жатқан «Қылмыссыз өңір – кемел келешек кепілі» жобасы аясында атқарылған жұмыстардың нәтижелері таныстырылды. Аталған жобаның қоғамдағы құқықбұзушылық деңгейін төмендетуге, салауатты өмір салтын насихаттауға және жастар тәрбиесін нығайтуға оң әсер еткені айтылды.
Күн тәртібіне сәйкес аудандық прокуратура, полиция бөлімі және аудандық білім бөлімі басшылары 2025 жылы атқарылған шаралар туралы баяндама жасап, алдағы кезеңге арналған жұмыс бағыттарын ұсынды. Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы, ардагерлер кеңесі және ата-аналар комитетінің өкілдері өз пікірлерін білдірді. Жиында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету барлық мүдделі тараптардың бірлескен әрекетін талап ететіні атап өтілді. Заң мен тәртіп қағидатын сақтау әр азаматтың жауапкершілігі екені айтылып, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі көрсетілді.
Жас ұрпақтың заңға құрметпен қарауы – болашақтағы құқықтық мемлекеттің берік негізі. Осыған байланысты білім беру ұйымдарында құқықтық тәрбие беру, түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу, жастарды қоғамдық тәртіпті сақтауға тарту қажеттігі атап өтілді. Түптеп келгенде «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру – ұзақ мерзімді әрі үздіксіз жүргізілетін процесс. Ол үшін мемлекет, қоғам және әрбір азамат бірлесе әрекет етуі тиіс. Заң талаптарын сақтау, тәртіпке бағыну – қауіпсіз, әділетті және тұрақты қоғам құрудың негізгі кепілі.
«ҚТ» ақпарат

















