Аудан мектептерінде алғашқы қоңырау соғылды

Бүгін аудан аумағындағы барлық білім ошақтарында жаңа 2025–2026 оқу жылының басталуына орай алғашқы қоңырау соғылып, шәкірттер алтын ұя мектебіне қайта оралды. Бұл күн әсіресе мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған бүлдіршіндер үшін ерекше есте қаларлық сәт.
Осыған орай аудан әкімі Жандос Еркінбек Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінде өткен «Мектебім-мейірім мекені» атты алғашқы қоңырау салтанатты жиынына арнайы қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
– Киелі Қармақшы топырағында соңғы екі жылда білім саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіліп келеді. Бұл – ұстаздарымыздың кәсіби біліктілігі мен шәкірттеріміздің білімге деген ұмтылысының нәтижесі. Өткен 2024–2025 оқу жылында ауданымыздың бітіруші түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтиже көрсетіп, ауданның орташа балы 85,1-ді құрады. 54 оқушы – «Алтын белгіге», 48 оқушы – «Үздік аттестатқа» ие болып, барлығы білім гранттарын иеленді. Сонымен қатар, ең жоғарғы көрсеткіш – 138 балл жинаған екі оқушы ауданның абыройын асырды. Жалпы, бітірушілердің 85 пайызы мемлекеттік грантқа ие болды, – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Сондай-ақ, жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік қолдау шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы аясында 411 оқушыға жалпы сомасы 4,5 миллион теңгеге материалдық көмек көрсетілсе, аз қамтылған отбасылардан шыққан 3 143 оқушының әрқайсысына 46 228 теңгеден қаржылай қолдау ұсынылды. Бұл – аудан әкімдігі тарапынан балалардың білім алуына жасалған нақты қамқорлық.
Жаңа оқу жылы қарсаңында №250 мектеп-лицейі де толық дайындықпен қарсы алды. Оқу кабинеттері, спорт алаңдары және оқу құралдары да толықтай сақталған.
Айта кетейік, биылғы жаңа оқу жылында 14885 оқушы 793 сынып жиынтығында білім алатын болады. Оның ішінде 1356 бүлдіршіні 1 сыныпқа қабылданып, білім жолындағы алғашқы қадамын жасауда.