АУДАН МЕКТЕПТЕРІНДЕ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ
Бүгін еліміздің барлық білім ордаларында жаңа оқу жылы басталып, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге алғашқы қоңырау соғылды.
Осы ретте, «Мектебім-мейірім мекені» тақырыбында Ү.Томанов атындағы №183 орта мектебінде өткен алғашқы қоңырау аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Шыңғыс Әбділәмитұлы қатысып, жиналған жұртшылықты білім күні мерекесімен құттықтады.
— Ауданда білім саласындағы атқарылған жүйелі жұмыстар мен ұстаздар қауымының қажырлы еңбегінің арқасында жас өрендеріміз жыл сайын түрлі білім додаларында биік белестерді бағындырып келеді. Өткен оқу жылында білім ошақтарында 15218 оқушы білім алып, 686 мектеп бітірушінің 94,6 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, орташа баллдық көрсеткіші 86 пайызды құрап, ҰБТ-дан облыста бірінші орынды иеленді. Оның ішінде 54 түлек «Алтын белгі» және 67 түлек «Үздік аттестат» иеленді. Әрине ол ұстаздардың бірлескен жұмыстарының нәтижесі. Қазіргі таңда ел Президентінің бастамасы аясында білім саласына ерекше көңіл бөлінуде. Балалардың Заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында аймақ басшысының қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2025 жылы Жосалы кентінде және ІІІ Интернационал ауылында мектеп ғимараттарының құрылысы басталмақ. Биылғы жылы №284 мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты спорт залының құрылысы жүргізілуде. Сондай ақ, «Білімді қолдау Ұлттық қоры» арқылы Тұрмағамбет ауылындағы №29 орта мектептің 250 орынға арналған құрылысы үшін бюджеттік өтінім жолданып, 2025 жылдың есебіне жаңадан салынатын құрылыстар тізіміне енгізілген, —деді Ш. Сыдықов.
Сонымен қатар, іс-шара барысында 1 сынып табалдырығын аттағалы тұрған оқушыларға «Әліппе» оқулығы табысталып, білім баспалдағындағы қадамдарына сәттілік тіледі.
Айта кету керек, биылғы жаңа оқу жылында аудан бойынша 15210 бала мектеп партасына отырды. Оның 1420 бүлдіршіні 1-сыныпқа қабылданып «Мектебім-мейірім мекені» тақырыбындағы алғашқы қоңырау соғу салтанатының куәсі болуда.